Илон Масктың неге Трампты Президент етуге жан салғаны анықталды

3614

Республикалық партия жеңсе, Трамп та, Маск та әлемде бірде бір бай армандай алмаған байлықтың астында қалады. 

Илон Масктың неге Трампты Президент етуге жан салғаны анықталды Фото: WellNess

Forbes, Bloomberg Billionaires Index және басқа жаһандық рейтингтер бойынша дүниежүзіндегі №1 миллиардер Илон Маск Дональд Трампқа әлемдегі №1 супердержаваның тізгінін тапсырғалы тұр. Соңғы айларда Трамптың сайлауалды науқанына төл қаражатын аяусыз төккен Маск оның Президент болып сайлануындағы ең маңызды тұлғаға айналмақ.

Осы мақсатта Tesla, Space X компанияларының және Х әлеужелісінің қожайыны ел тарихында тұңғыш рет America PAC саяси іс-қимылдар комитетін құрып, оған 75 миллион доллар қаражатын салды. Соңғы бірнеше апта бойы ол сайлауалды митингтерде күніне бірнеше рет, яғни осы шаралардың бірінен соң бірінде бой көрсетумен болды.

Осылайша, ұшағымен Американың бір түкпірінен екіншісіне шарқ ұрып, жанталасқан Маск әсіресе, сайлаушылары кімді таңдарын айқындай алмай, әлі күнге ойласып отырған Пенсильвания штатына баса мән берді. Трамптың осы штатта жеңуі шешуші қадамға айналуы мүмкін.

Миллиардер АҚШ-тың барлық айқындалмаған штаттарындағы сайлаушыларға дауыс беруге тіркелгені үшін 1 миллион доллардан таратуға уәде етті. Сарапшылар бұл тәсіл-трюктің заңсыз екеніне назар аудартады. Маск артынан айтқанынан айнып қалуы мүмкін, бірақ оның сонша ақша бере алатын мүмкіндігіне сенген сайлаушылар оның айла-шарғысына сеніп қалды.

Айта кету керек, Президент сайлауы 5 қарашаға (сағат айырмашылығымен бізде 6 қараша болады) белгіленгенімен, бұл елде күнібұрын дауыс беремін деушілерге учаскелердің есігі ашық. Сондықтан елдің ықтиярын білдіруі қазірден қызу жүріп жатыр.

Бұрындары Илон Маск Демократиялық партияның үміткерлерін қаржыландыратын. 2022 жылғы мамырда Tesla мен SpaceX-тің негізін қалаушы бай республикалықтардың жағына ауысты. Сонда New York Post жазғандай, Илон Маск келесі сайлауда тек Республикалық партияның кандидатын қолдап дауыс беретінін мәлімдеді.

"Мен бұған дейін әрдайым Демпартияны таңдайтынмын. Енді бәрі өзгерді. Келесі аралық немесе президенттік сайлауларда тек қана республикалықтарды жақтаймын!", – деген И.Маск дәйектеме ретінде өзіне Президент Джо Байденнің ұнамайтынын айтып, оны "Тележүргізуші: Рон Бургунди туралы аңыз" фильміндегі актер Уилл Феррелл ойнаған жағымсыз кейіпкерге теңеді. Оның пікірінше, Трамп әкімшілігінде мақсатына тиімді қол жеткізе білетін тұлғалар көп болды. Миллиардер Х әлеужелісі де "әсіресолшыл бағыт" алғанын хабарлады.

Соның бір дәлеліндей, әлеуметтік желі бүгінде "АҚШ-тағы сайлауда дауыстарды жаппай бұрмалаудың жүріп жатқаны" туралы қауесет өртін қаулатуда. Сарапшылардың байламынша, осы арқылы Трамп командасы алдағы қарсылық акцияларының іргетасын қалауда. Дональд Трамп сайлауалды шерулерінде Камала Харрис алға озып жатса, оның жеңісін мойындамайтынын талай мәлімдеді.

Осы орайда халықаралық сарапшылар Масктің не себепті Трамптың ең қызу, ең жақын жақтаушысына айналғанын түсінуге талпынуда. Өйткені республикалықтар жағына өткенімен, миллиардер Илон Маск о бастан миллиардер Дональд Трамптың сыншысы, скептигі болған еді. Ол Республика партиясы атынан кандидат ретінде Флорида губернаторы, 46 жасар жас көшбасшы Рон ДеСантистің номинациялауын қатты қалады. Ізінше күтпеген жерден Трамптың MAGA (Американы қайтадан ұлы етеміз!) қозғалысының шын берілген, ашық жақтаушысына айналды.

Саясаттанушылар, теоретиктер Масктың тосыннан трампшыл болып кетуін түсіндіретін бірнеше шытырман гипотезаларын ұсынды. Олардың әрқайсысы белгілі бір дәрежеде шындық болса керек.

Біріншіден, Маск Трамптың ксенофобиясына, сексизміне, трансфобиясына және "күйрету саясатына" шын тәнті. Трамп осы сайлау науқанында, митингтерінде аузына келгенін айтып, балағаттады, бейпіл сөйледі. Мысалы, хоккей командасының киіну бөлмесіне кіргенде куә болғанын, қай ойыншының мүшесі қандай екенін әңгімеледі. Ұнаған әйелді көрсе, қолын именбей жұмсап, қымсынбай қырындайтынын айтты. Қарсыластарына мінберден ұятты ым-ишара (жест) көрсетті.

Сахнада Трамппен бірге тұрып, оның әпенді істеріне шек-сілесі қата, мәз болып күлген Маск өз сұхбаттарында қарсыласы – демпартия өкілдері ұстанатын саяси әдеп-этиканы, жұртшылық алдында танытатын тәртіптілікті "екіжүзділік", арсыздық деп бағалады. Сонымен бірге Маск Трампты "Американы құтқаруға қауқарлы жалғыз саясаткер" деп дәріптейтін ақпарат құралдарын демейді.

Екіншіден, Кремний алқабындағы еркін ойлы ғұламалар, айтишілер және басқасы Трампты қолдайды, сүйсіне қарайды. Илон Маск та өзін осы ортаға жатқызады. Дегенмен, өзін солардың ішіндегі "Ұлы Адам" деп таниды, тарихты ұлы адамдар ғана жасайтынына бек сенеді. Ендеше ол өзіне "Трамптың бір жақтаушысының" емес, "қуыршақты басқарушының" рөлін белгілеп қоюы да ғажап емес (әрине, айлакер саясаткер Трамптың бұған жол бере қоюы неғайбыл).

53 жасар Илон Маск Преторияда, Оңтүстік Африка республикасында туған. Сондықтан АҚШ заңнамасына сәйкес, ешқашан Америка Президенттігіне кандидат болып тіркеле алмайды. Демек, бұл супердержаваны билегісі келсе, "марионетка" іздеуіне тура келеді.

Үшіншіден, Маск та, Трамп та либертариандылықты ұстанады. Ол екеуі де мемлекетті, Президент тағын бірінші кезекте, баршаға билік жүргізудің ұстыны ретінде емес, тек пайда табудың, бизнесін өркендетудің басты орталығы, теңдессіз құралы деп біледі. Яғни, екеуі де билік шыңына экономикалық мүдде-мұрат үшін өрмелеп бара жатыр.

Мысалы, кейінгі жылдары әлемнің барлық мемлекетінің ең дарынды, ақылды өрендерін өз командасына тоқтаусыз жиған Илон Маск бұрын-соңды болмаған инновацияларды тауып, қарсыластарының бәрін шаң қаптырып, ақыры Американың, тиісінше, бүкіл әлемнің ғарыш саласының тізгінін өз қолына түсірді. Мысалы, қазіргі кезде бүкіл Ресей космонавтикасы көрсеткіштері жөнінен бір ғана SpaceX компаниясының көрсеткіштерінен көп қалып қойды. АҚШ үкіметі де қуып жете алмасын түсініп, бәсекелесу орнына өзінің мемлекеттік ғарыш бағдарламаларын жауып, олардың басым бөлігін Маскқа аутсорсингке тапсырды.

Оның үстіне бұл тек басы ғана. The Wall Street Journal дерегінше, SpaceX өзге салаларға қол сала бастады, мысалы, "ұлттық қауіпсіздік саласында клиенттердің мүдделерін ескере отырып, көптеген жаңа өнімдер әзірлеп жатыр". Мысалы, ақпарат құралдары Ұлттық барлау басқармасымен бірге 1,8 миллиард доллар тұратын құпия контракт бекіткенін анықтады. SpaceX-тің Starshield аталатын бөлімшесі әскерилердің коммуникациялық желісін құруда.

Басқаны айтпағанда, бүкіл Украина майданы Starlink-ке тәуелді. Оны ағытып тастаса, Украина әскерінің бірде бір дроны әуеге көтеріле алмауы мүмкін. Маск сондай қастандық жасамауы үшін Starlink қызметі Киевке Пентагон (АҚШ қорғаныс министрлігі) арқылы ұсынылып отыр.

Уолл Стрит Джорнэл Масктың көксеген бір мақсатын жариялады: ол АҚШ федералдық үкіметі Starlink-ті "бүкіл Құрама Штаттардың кең жолақты бірыңғай байланыс инфрақұрылымын құру" бойынша өршіл, әрі аса қымбат жоспарының "темірқазығы" етуін қалайды. Сонда онсыз да жаһанда бірінші орында тұрған миллиардер қисапсыз байлық пен қаражат нөсерінің астында қалады.

Бірақ Американың билігі ары қарай Демпартияның қолында қалса, олар Масктың мұндай шексіз монополизміне жол бермейді, қазіргідей ары қарай тежеп ұстайды. Сондықтан Маск мырза қара басының қамын ойлаған бұл "қарау ниетін" Трамп арқылы жүзеге асыруы мүмкін.

"Дональд Трамп төл лоялистерін жомарттықпен марапаттайды, мол құрмет-қошемет көрсетеді. Сол себепті, тіпті шетелдік лидерлер де оның алдында тізесін бүгеді. Трамп автократ билеушілермен дос болудан тайынбайды, ол үшін басты талап – америкалық демократияны ілгерілету емес. Басты критерий – әрбір мемлекет, оның басшысы мен бизнес-элитасы Трампқа пайдалы болуы керек. Сонда Трамп оларға өзінің курорттарында тынығуды ұсынады. АҚШ-тың басқа президенттері саясат, адамгершілік және халықаралық құқық нормаларына жүгініп, қолдамайтын, тіпті айыптайтын жайттарға Трамп жиіркенбей қарайды", – деді саяси шолушы Александра Аппельберг.

Маскқа осы да ұнайтын болса керек. Ертең Трамп Президент болып сайланса, магнат онымен осы альянсын жеріне жеткізе монетизациялауға тырысады.

Трамп "өз әкімшілігінің Тиімділік жөніндегі үкіметтік комиссиясын басқаруды Илон Маскқа сеніп тапсыруға" жұртшылық алдында уәде беріп те қойды. Америкалық сарапшылардың байламынша, бұл комиссия – қайта құрудың, дерегуляцияның кең ауқымды бағдарламасына жауап беруі мүмкін.

Нәтижесінде, комиссия АҚШ Үкіметінің негізгі функцияларын да жеке секторға аутсорсингке беретін болады. Өйткені Трамп "Вашингтонды күйретуге" бара жатқанын мәлімдеді. Бұл көптеген мемлекеттік органдарды, мекемелерді жауып, шенеуніктерді жаппай қысқартуды білдіреді. Мысалы, Д.Трамп елдің басты тұлғаларын күзететін, таяуда өзіне қастандық жасауға жол беріп қойған "Құпия қызметті", өзін заңсыз тыңдады деп санайтын Федералдық тергеу бюросын да таратып жіберуге ниетті.

The Washington Post байламынша, мемлекеттік функцияларды жеке секторға беру арқылы Трамп Президент ретінде сол функцияларды жүзеге асыратын жеке агенттіктерді бақылау өкілеттігіне ие болады. Салдарынан, агенттіктер оның компанияларының заң бұзушылықтарына көз жұма қарайтын болады.

Мұның бәрі антиутопия сияқты көрінеді. Алайда Трамптың жақтастары осы және басқа түбегейлі реформаларды көздейтін атышулы "2025 бағдарламасын" әзірледі. Онысы Трамптың екінші каденциясының бағдарламасымен толық үндеседі. Бағдарлама "федералдық үкіметті демонтаждауды", тұтас министрліктер мен ведомстволарды таратуды қарастырады.

Соның кесірінен, америкалық демократия ғасырлар бойы құрған – "саяси бейтарап мемлекеттік қызмет" жойылмақ. Билік басында қанша жерден ауыс-түйіс болып, мүлдем жаңа Президент келсе де, меритократия тәсілімен іріктелген мемлекеттік қызметшілер жұмысын жалғастыра беретін. Бұл тетік мемлекеттегі тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз етеді.

Дональд Трамп болса, Ақ үйде ғана емес, Конгрессте, үкіметте, министрліктерде, агенттіктерде, барлық жерде өз жақтастары басым болуын қалайды. Осы мақсатта ол Мемлекет басшысы болып сайланған соң саясатта қақ-соғы жоқ, тек өз ісімен айналысатын барлық бейтарап шенеуніктерді жұмысынан қуып, орнына өзінің қызу жақтаушыларын отырғызып шығатынын мәлім етті.

Ертең Д.Трамп АҚШ Президенті болып сайланса, Илон Маск дүниежүзінде ешбір бизнесменде жоқ "инсайдерлік ықпалға" ие болады. Бұл оған ең құпия ақпаратты бірінші болып білуіне, ең майшелпек жобалар мен контрактілерді қанжығалауына жол ашпақ. Мұндай жағдайда коммерцияландырылған ғарыш саласы да, ұлттық қауіпсіздік секторы да, жасанды интеллект те, интернет пен байланыс та, өзге салалар да Илон Масктың ашса алақанында, жұмса жұдырығында болады.

Қорыта айтқанда, Масктың көздегені – биліктегі байланыстары арқылы жекелеген жобаларын ілгерілету, сол арқылы байи түсу емес, оның мұраты – әлемдік №1 супердержава саналатын мемлекетті басып алып, оны өзіне қызмет еткізу. Ендеше Америкадай алпауыт өз тарихында бұрын-соңды болмаған алапат сын-тегеурінмен бетпе-бет келіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу