Интернет-алаяқтардан сақ болыңыз

Жыл басынан бері Алматы облысы полиция департаментіне интернет-алаяқтардың құрбаны болғандардан 267 арыз түскен. 

Интернет-алаяқтардан сақ болыңыз

"Соңғы уақытта ОLX қосымшасының кесірінен алаяқтарға алданып қалғандар саны көбейді. Қылмыскерлер осы қосымша арқылы затын сатпақ болған кез келген адамның телефон нөмірін алып, саудалаған тауарына алдын ала ақша жіберу үшін карточкасының суретін немесе оның сыртындағы мәліметтерді оқып беруін өтінеді. Кейін ақша түскенін растау үшін жіберілген кодты сұрайды", –дейді   Алматы облысы полиция департаменті өкілдері.

Алаяқтар осы код арқылы өзге адамның карточкасын өз нөміріне байлап, барлық қаржысын өзіне немесе Qiwi – әмиянына аударып отырған.

Сондай-ақ  құқық қорғау органдары өкілдері төлем терминалдары арқылы ешқашан алдын ала ақша жібермеу керектігін айтады.

"Жуырда бізге көлік бөлшектерін сататын сайтқа кіріп, өзіне керек тауарды алу үшін алаяқтардың Qiwi – әмиянына 100 000 теңге аударып, қайтара алмай жүрген жәберленуші келді", – деп мысал келтірді полиция департаментінде.

Интернет арқылы адамдарды алдаудың тағы бір түрі – онлайн-несиелер рәсімдеу. Алаяқтар өзге адамның жеке мәліметтері арқылы түрлі сайттардан несиелер алады. Ал жәбірленушілер мұны уақыт өте келе бірақ біледі.

Мәселен, "Честное слово Казахстан", "Тенго KZ", "Money Men", "Займер" деген онлайн несие беретін сайттар бар. Өткен айда бізге "Честное слово Казахстан" сайтына жоқ жерден борышкер атанған азамат келді. Жәбірленушінің атынан алаяқтар пин-коды мен төлем картасының нөмірін енгізіп, 75 000 теңге көлемінде несие алған.

Бұл ретте, құқық қоғау органдары қызметкерлері танымайтын тұлғаларға жеке мәліметтер бермеу керектігін, сақтық шараларын  жасау туралы ескертеді. Сондай-ақ тәртіп сақшылары осындай алаяқтардан жапа шеккен жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарласуды сұрайды.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу