Интернет мәселесі: Күмәнді есеп күлдіріп те, күрсіндіріп те жүр

7843

Астанадан аттап шықсаң, интернет түгілі радио ұстамай қалатыны бар. Әйтсе де Үкімет мүшелері өз дегенінен қайтар емес: "2020 жылы мемлекет халықтың 98,7%-ын кеңжолақты интернет желісімен қамтамасыз етті!",–дейді. Күлсеңіз де, күрсінсеңіз де осы. 

Интернет мәселесі: Күмәнді есеп күлдіріп те, күрсіндіріп те жүр

Интернет жылдамдығы: Рейтингтегі Қазақстан

Коронавирус пандемиясы интернеттің қажеттілігін электр тоғымен теңестіріп жібергені айтылады. Расы сол! Компьютер алдындағы (тіпті одан тыс) қызметкерлердің түгел дерлігі онлайн режимдегі жұмысқа көшіп, оқушылардың бәрі онлайн форматта оқуға мәжбүр болды. Тосыннан келген індет осылайша, ХХІ ғасырда барлық мемлекеттің цифрлық жүйесін үлкен сынақтан өткізгені анық.

Интернет жылдамдығына талдау жүргізген Svspb.net статистикасына сүйенсек, Қазақстан бұл рейтингте 175 мемлекеттің ішінде 68-ші орында тұр екен.  Сингапур, Гонк-Конг, Таиланд үштігі бастаған аталмыш рейтингті 175-ші болып Түрікменстан түйіндейді. Қазақстанның интернет жылдамдығы бұл рейтингте 52,95 мбит/секундтық көрсеткішті көрсетіп тұр. Әйтсе де осыдан төрт күн бұрын Президент алдында есеп берген Цифрлық даму, инновациялар және аэорғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұл рейтингте Қазақстанның 65-ші орында тұрғанын атап өткен. Сонымен қатар министр мобильді интернет жылдамдығы бойынша Speedtest Global Index рейтингінде Қазақстан 15-орынға көтеріліп, 80-ші орынға тұрақтағанын мәлім еткен еді. Қазіргі уақытта министрлік өңірлерде интернет сапасына тексеру жұмыстарын жиірек жүргізе бастаған болуы керек. Осының нәтижесінде интернетті халыққа дұрыс таратпаған операторларға айыппұл салынып жатқан көрінеді.

Интернеті нашар 510 ауыл

Елдегі 510 ауылда интернет жылдамдығы нашарлығы жөнінде мәселе бұған дейін мәжілісмендер тарапынан да көтерілген болатын. Дариға Назарбаева бастаған бір топ депутат бұл есеп сарапшылардың да, халықтың үлкен күмәнін туғызып отырғанын мәлім еткен. Ауылдарда интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз етудің нақты технологиясын қолдану туралы шешім қалай қабылданады? Осы технологиялардың айырмашылығы неде? Байланыс операторлары ауылдарда "соңғы миля" мәселесін қалай шешеді? Оны шешудің қандай тәсілі неғұрлым тиімді? Қазіргі заманғы технологиялар енгізіле ме? Міне осы сұрақтарды Үкіметке Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева жолдаған еді.

Бұл сұраққа жауап берген Үкімет басшысы Асқар Мамин интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жылдамдығы 120 Мбит/сек дейінгі сымсыз және сымды байланыс технологияларын қолдану арқылы жүзеге асырылатынын айтып жауап берген.

"Бұл ретте интернетке "сымсыз" қол жеткізу инфрақұрылымында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің, радиорелелік желілер мен спутниктік байланыс технологиялары пайдаланылады. Ал "сымды" интернетке шалғай ауылдық елді мекендер үшін FTTx (IP-телефония және цифрлық телевизия), "мыс" телефон арналары бойынша ADSL және CDMA/EVDO технологиялары кіреді. "Байланыс туралы" заңға сәйкес байланыс желілерін салу байланыс операторларының техникалық мүмкіндіктеріне және елдің аумақтық ерекшеліктері мен халықтың тығыздығын ескере отырып, экономикалық орындылығына қарай жүргізіледі",– дейді Асқар Мамин.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің деректеріне сәйкес, 2020 жылы кең жолақты қолжетімділікті 5332 елдімекенде халықтың 98,8%-ын қамтыған ТОБЖ салу және интернетке мобильді қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жобаларды іске асыру жұмысы аяқталған.

"Халықаралық тәжірибені ескере отырып, "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде министрлік базалық көлік ортасы ретінде ТОБЖ-ны неғұрлым ірі елді мекендерге жеткізу бойынша жұмыс жүргізді. Министрліктің ақпараты бойынша елді мекенде абоненттерге дейін "соңғы миляны" ұйымдастыру қазіргі уақытта қосылу сапасы мен жылдамдығы (100 Мбит/сек дейін) тұрғысынан тиімді мобильді технология арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте, мобильді технологияны таңдауды байланыс операторлары техникалық мүмкіндіктерге, елді мекендердің қашықтығына және халықтың тығыздығына қарай дербес жүзеге асырады", – дейді Үкімет басшысы.

Яғни Үкімет жауабынан ұққанымыздай, байланыс желілерін салу мәселесінде ең алдымен экономикалық орындылық есепке алынады. Ал байланыс операторлары мобильді технологияны таңдағанда халықтың тығыздығына баса мән береді. Ал Үкімет басшысы Асқар Маминнің "халықтың 99 пайызға жуығы мобильді интернетпен қамтылғаны" жөнінде жауапты абайлап бергенін аңғаруға болады. Жауапты өз атынан емес, министрлікке сілтеме бере келтіріп отырғаны біршама мәселені аңғартса керек.

Осыдан бір ай бұрын "Qazaqstan" ұлттық арнасының "Ашық алаң" бағдарламасында дәл осы статистиканы Цифрлық даму министрлігінің бір өкілі де келтірген. "Бұл күнде Қазақстанда халықтың 99 пайызы мобильді интернетпен қамтылған" деген министрлік өкілінің жауабына  қоғам белсендісі Аятжан Ахметжанұлы тікелей эфирде күле жауап берген еді. Аятжан Ахметжанұлы бұл есепті "100 қойдан 150 қозы алуға ұмтылған" кеңестік науқаншылыққа теңеді. Шағын видео әлеуметтік желіде кең таралып, жұрттың бәрі министрліктің өкілінің жауабына сенбейтіндерін ашық білдірген болатын.

...Иә, осылайша, күмәнді есеп халықты күлдіріп те, күрсіндіріп те жүр.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу