Интернетке телмірген адам бір күнде 47 мың хабарлама оқиды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2678

Өкінішке қарай, хабарламалардың көбі оқырманға қажеті жоқ дүниелер.

Интернетке телмірген адам бір күнде 47 мың хабарлама оқиды

Үш күндік "Astana Media Week" медиа апталығын Astana Digital Forum қорытындылады. Аталған форумда интернет-бизнес пен онлайн БАҚ-тың қазіргі жай-күйі зерделенді. Шараға қатысқан "Select Communication Group" компаниясының СЕО маманы Виктор Елисеев мынадай бір қызықты деректерді келтірді. Оның айтуынша, интернетке телмірген адам бір күнде керекті-керексіз 47 мың хабарламаны оқиды.

"Өкінішке қарай, оқылатын хабарламалардың көбі адамға қажеті жоқ дүниелер. 47 мың хабарлама деп айттым ғой, демек сіз бен біздің желіге салған ақпаратымыз осы бір 47 мың хабарламамен бәсекеге түседі. Осыдан суырылып алға шығуыңыз керек. Сондықтан қазіргі цифрлық журналистикада журналистер ғана емес, желіде отырған әрбір адам бәсекелес бола алады", – деді Виктор Елисеев.

Оның пікірінше, ақпараттық кеңістікті жетік меңгерген маман жалғыз өзі-ақ тұтас контентті басқарып, аудиторияны өз алақанында ұстай алады. Қазіргі цифрлық технологиялар осыған мүмкіндік беріп отыр. Істің ретін білетін адам интернетте отырып, ешқандай шығынсыз жұмыс істей алады. 

"Ал оқырманның көзіне бірден ілінудің ең дұрыс жолы – ақпаратты мейлінше тез әрі сапалы жазу. Цифрлық әлемнің қандай жылдамдықпен дамып келе жатқанын байқап отырсыздар. Бұрынғыдай телеарнадағы бағдарламалардың уақытын жаттап, телміріп күтудің қажеті жоқ. Қазір ақпараттық кеңістіктегі адам уақытқа бағынбайды. Сондықтан БАҚ-ты цифрландыру мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек", – деп есептейді Select Communication Group" компаниясының өкілі.

Виктор Елисеевтің айтуынша, Қазақстандық БАҚ шет мемлекеттерде кең таралған трендтерге басымдық беруі керек.

"Кәсіби медиада ақпаратты бірнеше дереккөзден алған дұрыс. Бір сайттағы немесе телеарнадағы ақпаратпен шектеліп қалуға болмайды. Кем дегенде бір ақпаратқа қатысты 3-4 дереккөзін қарастырған абзал. Сонда оқырман "медиафейктердің" "қақпанына" түспейді. Өз басым жаңалықтарды оқу үшін ешқандай сайтқа кірмеймін. Дәл қазіргі сәттегі көп оқылып жатқан жаңалықтар топтастырылатын агрегаторға – MediaMetrics-ке кіре саламын", – дейді Виктор Елисеев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан журналистикасына деректі журналистика жетіспейді.

"Қазақстан үшін бұл контент керек. Өйткені шетел деректі журналистикаға басымдық береді. Сондай-ақ қазіргі журналистер маркетолог болуға тиіс деп есептеймін. Бұдан бөлек дизайн мен графикалар да көп дүниені шешеді", – дейді Виктор Елисеев.

SMM бойынша халықаралық тренер Рахиля Рузахунованың сөзінше, бүгінді БАҚ-та Social Media Marketing-тің (SMM) қызметінің алар өзіндік орыны бар. Ол отандық БАҚ осы жағын да есеруі керек деп есептейді.

"Оқырманды құрметтеу керек. Сонда жазған ақпаратты оқырман жылы қабылдайды немесе оқырман ретінде ойланып барып жазған дұрыс", – дейді Рахиля Рузахунова.

ҚР ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мәуберлинованың сөзінше, қазіргі масс-медиа дәстүрлі және заманауи БАҚ-ты біріктіруге тиіс. Сондай-ақ аудиториямен кері байланыс орнату да ерекше маңызға ие. Вице-министр отандық БАҚ-ты цифрландыруға министрлік тарапынан мейлінше қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Еске сала кетейік, "Astana Media Week" медиа апталығы биыл екінші рет ұйымдастырылды.

Фархат Әміренов

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу