Инвестиция тарту жағынан Өзбекстан Қазақстанды өкшелеп келеді

6657

Жалпы 2020 жылы Орталық Азия елдеріне тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 21 миллиард АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz зерттеуіне сілтеме жасап. 

Инвестиция тарту жағынан Өзбекстан Қазақстанды өкшелеп келеді

Дүниежүзілік банктің болжамына сүйенсек, 2020 жылғы 3,5%-дық құлдыраудан кейін әлемдік экономика 2021 жылы 5,6%-ға өсуі керек. Орталық Азия елдерінде де бір жылда 3,7%-дық өсім болатыны болжанып отыр. Бұл ретте Дүниежүзілік банк Орталық Азия елдерінің ішінде Өзбекстан (+4,8%) мен Тәжікстанға (+5,3%) басымдық беріп отыр. Ал Қазақстанда бұл өсім көрсеткіші 3,2%, ал Қырғыз Республикасында 3,8% деңгейінде болатыны болжанады. 

Жалпы халықаралық институционалдық компаниялардың сарапшыларының атап өтуінше, дағдарыстан кейін экономиканы қалпына келтірудің басты факторы – Орталық Азия елдерінде инвестиция тарту болмақ. Осылайша, инвестициялық тартымдылық елдердің дамуында негізгі рөлге ие болайын деп тұр. 

Қазіргі таңда Орталық Азия елдері шетелдік инвестициялар үшін тартымды өңірге айналған. Бұл ретте аймақтың мынадай артықшылықтарын атап өтуге болады:
- пайдалы қазбалар;
- саудасы дамымаған сектор үшін жаңа нарықтар;
- макроэкономикалық тұрақтылық;
- ауқымды ішкі нарық;
- арзан жұмыс күші;
- экономика секторларының өсім әлеуетінің жоғарылығы;
- бизнес-ортаның жақсаруы.

"Коронавирус дағдарысына дейін 2019 жылы Орталық Азия елдеріне тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың ағыны оң динамикаға ие болды. Ал өсім қарқыны жалпы әлемдік көрсеткіштен жоғары еді. Мәселен, тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы сомасы 10% өсіп, 32,2 млрд долларды құрады. Ал осы уақытта жаһандық деңгейдегі тікелей шетелдік инвестициялар тек 3% өскен еді. 2020 жылы коронавирус дағдарысына байланысты Орталық Азия елдеріне тартылған тікелей шетелдік инвестициялар 20,7 млрд долларына дейін азайды",– делінген зерттеуде.

Бүгінгі күні инвестициялық климатты жақсарту үшін Орталық Азия елдері бір-бірімен белсенді түрде бәсекелесіп келеді. Бұл фактордың өзі аймақтың репутациясына оң әсер ететінін айта кету керек. Кейінгі жылдары айтарлықтай өсімді Өзбекстан көрсетіп отыр. Бір жылдың ішінде тікелей шетелдік инвестициялар бұл елде 2,3 есе өсіп, 4,2 млрд долларды құрады. Инвесторлар Өзбекстанның әсіресе мұнай өңдеу, мұнай өндіру, химиялық өнеркәсібіне ерекше қызығады. Өзбекстанға көбінесе Қытай, Германия, АҚШ мен Ресей елдерінің инвесторлары тартылған.

Ал Қазақстанда 2019 жылы тартылған тікелей шетелдік инвестициялар деңгейі одан арғы жылдан қарағанда өзгерген жоқ. Әйтсе де еліміз инвестиция тарту жағынан Орталық Азия елдерінің ішінде көшбасшы орынға ие. Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанның бұл ретте үлесі 26,4% және 1,4% екенін атап өту керек.

"Өзбекстанда инвестициялық климатты жақсартып, тартымдылықты арттыру бағытында теңдессіз іс-шаралар қолға алынып жатыр. Бұл шаралар Өзбекстанның Doing business – бизнес жүргізудің жеңілдігі рейтингінде позициясын едәуір жақсартқан. 2020 жылы бұл халықаралық рейтингте Өзбекстан 7 позиция көтеріліп, 69-шы орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш – аймақтағы ең үздік нәтиженің бірі",– дейді мамандар.

Рейтингте аталып өткендей, Өзбекстан негізгі төрт индикаторды жақсартуға барынша күш салған. Атап айтқанда, бұл мемлекет акционерлердің құқықтары мен рөлдерін арттыру есебінен миноритарлық инвесторларды қорғауды күшейткен. Сонымен қатар салық төлеу жүйесін жеңілдетіп, импорттық құжаттарға қойылатын талаптарды жеңілдету арқылы трансшекаралық сауданы ынталандырған. 

"Ал осы кезеңде Қазақстан аталмыш рейтингте 28-ші орыннан 25-ші орынға көтерілді. Әйтсе де даму мен инвестиция тарту жағынан еліміз Өзбекстаннан қалып келеді",–дейді зерттеу жүргізген мамандар.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу