Иранмен ынтымақтастық жемісін бере бастады

1890

Қазақстан үшін Парсы шығанағының маңызы бар ма?

Иранмен ынтымақтастық жемісін бере бастады Фото: akorda.kz

Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханидің Қазақстанға сапары аясында Қазақстан-Иран іскерлік кеңесінің үшінші отырысына жиналған жұрт осы сұрақтарға жауап іздеді.

Қос тараптың ресми тұлғалары, ұлттық және жекеменшік компаниялар, қаржы институттары мен құзырлы ұйымдардың өкілдері қатысқан шараның негізгі мақсаты – екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың бүгінгі және келешектегі өзекті мәселелерін дөңгелек үстел сипатында талқылау болды.

Мәжілісті ашқан ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан аумағында Иранмен бірлескен 200-ге жуық кәсіпорын жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

"Бүгінгі таңда экономиканың басым бағыттарында белсенді іс-қимылдар атқарылып жатыр. Мұнда бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласы, азық-түлік бағыты, сондай-ақ химия, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, жылжымайтын мүлік, дәрі-дәрмек өндірісі, тағы басқа да көптеген салада қарым-қатынас қамтылады. Осы арада келтіретін Иран мен арадағы жағымды мысалдар баршылық. Мәселен, Иран компаниялары құрылыс саласында табысты қызмет етеді. Бәріміз Алматыда "Парсы" бизнес-орталығы салынып біткенін білеміз. Мақсары майы, жуатын заттар шығарылады", – дейді министр Жеңіс Қасымбек.

Ол сонымен қатар көліктік-транзиттік логистиканы дамыту жолында бір жыл бұрын Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жол жобасының аяқталғанын еске салды.

Қазіргі уақытта Қытайдан Қазақстан арқылы Парсы шығанағына алғашқы жүк легі тың жол телімімен жөнелтіледі. Бұл тұста тағы бір назар аударатын жайт – Иран басшысының сапары аясында "Қазақстан темір жолы" компаниясы мен ирандық әріптестер арасында Бандер-Аббас портында жұмыс істейтін бірлескен кәсіпорынға қатысты құрылтай шартына қол қойылуы тиіс.

"Сауда байланыстарын нығайтуда біз үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудың үлкен маңызы бар. Бүгін Хасан Руханидің қатысуымен ветеринария саласында келісім бекітіледі деп жоспарлап отырмыз. Әзірге Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарында алма бақтары өсіріліп, 30 мың ірі қара мал бағуға арналған кешен салынып жатыр. Алматы аймағында майлы дақылдарды өңдеу, өзге өңірлерде жылыжай құрылысы қолға алынды. Геология мен жер қойнауын игеру үшін де зор мүмкіндік бар. Бұрлыда мыс өндіру құны 200 млн АҚШ долларына бағаланды", – деген Жеңіс Қасымбек бірқатар ирандық серіктес компанияны атап өтті.

Оның айтуынша, өзара ынтымақтастық өз жемісін бере бастады. Ауыл шаруашылығынан тыс, Қазақстан металл өнімдерін экспорттауға да мүдделі. Қазақ елі Иранға металл, арпа, рапс экспорттайтын негізгі елдердің үштігіне кіреді. Иранға экспортталатын өнімдердің 20%-ы ауыл шаруашылығының үлесінде.

Министр сөзін қорытындылай келе, Қазақстан инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлетінін айтып, Иранның бизнес өкілдерін "Нұрлы жол" бағдарламасына атсалысуға, белді халықаралық қаржы орталығына айналуы тиіс "ЭКСПО-2017" көрмесінің құрметті қонағы болуға шақырды. Бұл үшін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырылып, шетелдік кәсіпкерлер мен туристерге нақты жеңілдіктер ұсынылмақ.

Иран президенті әкімшілігінің жетекшісі Мұхаммед Наһавандиан сөзін аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастап, кездесудің тарихи салмағын атап өтті. Дегенмен, ресми Теһранды екіжақты ынтымақтастықта белгілі бір себептермен пайда болған біраз ақтаңдақ алаңдатады екен.

"Сондықтан осындай жүздесулер өзара экономикалық алыс-беріске ерекше серпін береді деп үміттенеміз. Соңғы жылдары темір жол ашылғалы, инфрақұрылым жағында елеулі жетістіктерге жеткеніміз қуантады. Алайда, Ақтау портындағы жүк тасымалының арагідік тежелуі сауда-саттыққа теріс әсерін тигізеді", – деп ойын білдірген ирандық шенеунік халықаралық санкция ауыртпалығынан құтылғалы, еңселерін тіктей бастағанына, қиындық өткен жылдар еншісінде қалғанына сендірді.

Іскерлік кеңес аясында алқалы отырыс ұйымдастырылып, "Kaznex-Invest" АҚ басшылығы инвестициялық жобаларын таныстырды. Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы құрамындағы Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Аян Ерденов жүргізген сессияда өзара есеп айырысудың тиімді тетіктері қарастырылды.

Таяуда ирандық SUNIR холдингі директорлар кеңесінің мүшесі Саид-Джалал Разавидің Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағамбетовпен кездесуі кезінде, Қазақстанның Ирандағы елшісінің кеңесшісі Низоми Рахимов та әлемдік қауымдастық Иранға қарсы бірқатар санкция тоқтатылған соң, бұл елдің кәсіпкерлері үшін әлемдік нарыққа шығу мүмкіндігі туғанын және кедендік одақтың бөлігі ретінде Қазақстанмен арадағы ынтымақтастығын дамытуды көздейтінін айтқан болатын.

Низоми Рахимовтың мәлімдеуінше, "бүгінде Иран болат өндірісі жөнінен әлемде 2-орында, жеңіл және жүк автомобильдерін шығаруда 12-орында". Бұл жерде сонымен қатар ұшақ құрастыру, кафель, құрылыс материалдары, парфюмерия, аяқ киім мен тері өндірісі дамыған. Оның айтуынша, SUNIR холдингі – энергетика, су, мұнай, газ, кен рудасы, мұнай-химия және құрылыс саласындағы жетекші ирандық компания. Компания қызметі ТМД нарығынан бастап Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс, Африка құрлығына және Латын Америкасы нарығына дейін кең қанат жайған. Холдинг әлемнің 54-тен астам еліндегі жобаларды жүзеге асырды. SUNIR-дың 12 елде тұрақты өкілдігі бар.

Міне, бұл салалар Қазақстан-Иран іскерлік байланысының маңызын арттыруға мүмкіндік береді.

SUNIR холдингі директорлар кеңесінің мүшесі Разави болса, ирандық тарап жол, бөгет, тұрғын үй кешендерін салу, сондай-ақ жаңартылған энергия салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға әзір деп мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу