Іргедегі көрші жаңа валютасын басып шығарды

2056

Бірақ оның есеп айырысуларда ресми қолданылуына Америка қарсы шығып, бұғаттап тастады. 

Іргедегі көрші жаңа валютасын басып шығарды Фото: dzen.ru

Ресей "БРИКС"-тің валютасын басып шығарды. Қазіргі кезде 10 мың купюрасы шығарылған. Бұл туралы РФ сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Сергей Катырин хабарлады.

Жалпы, Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка республикасы құрған БРИКС – тұрақты жұмыс істейтін ұйым да емес, тек ірі дамушы экономикалардың клубы болып есептеледі.

Telegraf.news мәліметінше, өткен жылдың соңында 12 мемлекет "БРИКС-тің серіктес елі" мәртебесін алды. Оның арасында Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Алжир, Боливия, Куба, Малайзия, Нигерия, Тайланд, Уганда және Вьетнам бар.

Бұл ретте БРИКС валютасының банкноттары рубль басылатын Мәскеудегі "Гознак" баспа фабрикасынан емес, Владимир облысындағы Киржачская баспаханасынан шығарылған.

Бірақ дәл осы полиграфиялық кәсіпорын аттестаттар, дипломдар сияқты РФ білім беру, оқу және біліктілік туралы мемлекеттік үлгідегі қорғалған құжаттар мен бланкілерді жасайды.

Жаңа купюраның бір жағында қатысушы елдерді бейнелейтін құстар кескінделген, мұнда: тукан – Бразилияның, қыран – Ресейдің, тауыс құс – Үндістанның, тырна – Қытайдың, ал, хатшықұс – ОАР-дың рәмізі.

2024 жылғы қазандағы ресейлік саммитте БРИКС-ке БАӘ, Иран, Мысыр-Египет, Индонезия мен Эфиопия мүше болып кірген еді. Алайда олардың рәміздері "жаңа валютада" ескерілмеген.

Банкноттың сыртында бірлестікке қатысушы және серіктес мемлекеттердің туларын айналтып, "жұтып" жатқан "су жылымы" (воронка) бейнеленген. Сондықтан онда Қазақстанның көк байрағы да бар. Кеме атаулыны теңіз тұңғиығына батыратын алапат су жылымының неге символ ретінде алынғанын РФ тарапы түсіндірмеді.

Атап өтетін жайт, БРИКС-тің ортақ валютасын қабылдау идеясын Мәскеу ілгерілетуде. Ол 2024 жылғы 24 қазанда Ресейдегі Қазан қаласында өткен саммитте оны ресми қабылдауды ұсынды, алайда клуб мүшелерінің қолдауын таппады.

Ресми қабылданбағандықтан, БРИКС "валютасының" ресми атауы да жоқ, банкнотта тек "200" деген номиналы ғана көрсетілген. Оның үстіне Сергей Катырин бұл купюра тек кәдесый-сувенир болып табылатынын мәлімдеді. Оны төлем құралы ретінде пайдалануға РФ-та да тыйым салынған.

Дәл осы кезде, биылғы шілде айының басында АҚШ Президенті Дональд Трамп БРИКС-ті сынауға жаңа күшпен қайтадан кірісті. Ол дамушы ірі елдердің клубына мүше елдерге ғана емес, сондай-ақ БРИКС-ке серіктес болған 12 мемлекеттің (ішінде Қазақстан да бар) тауарлары мен шикізатының экспортына 10 пайыздық қосымша баж алымын енгізетінін мәлімдеп, доқ көрсетті.

Өйткені Трамптың байламынша, осы бейресми бірлестікке қосылу арқылы ол елдер БРИКС-тің "антиамерикалық саясатын" қолдайды. Апта басында АҚШ Президенті бұл клубтың көп ұзамай, өте тез тарайтынын болжады.

"БРИКС қандай да бір салмақты бірлестікке айнала алмайды. Біз ешкімге және ешқашан бізге қарсы бағытталған ойын ойнауға жол бермейміз", – деген Трамптың сөзін Reuters агенттігі келтірді.

Құрама Штаттардың жаңа көшбасшысының пікірінше, БРИКС Американың әлемдік беделіне және доллардың жаһандық резервтік валюта ретіндегі рөліне нұқсан келтіру мақсатында құрылған.  

Бірақ оның сендіруінше, БРИКС бұл мақсатына жете алмайды. Себебі, шілде айының басында 10 пайыздық тарифтер енгізетінін айтып, қорқытуы нәтижесінде бірлестік мүшелері бойларын жиып, теріс ниетінен қайтыпты-мыс.

Әйтсе де, бұл Дональд Трамптың бірінші қоқан-лоққысы емес. 2024 жылдың соңында ол "егер ұйым ортақ валютасын қабылдап, оны халықаралық резервтік валюта есебінде бекітсе", БРИКС мемлекеттеріне 100% көлемінде баж алымын енгізетінін мәлімдеген еді.

Клуб көшбасшылары топтың Америкаға қарсы бағытталмағанын мәлімдеді. Соған қарамастан, Рио-де-Жанейродағы таяудағы саммит қорытындысында қабылданған қорытынды құжат – декларация АҚШ-тың әскери және сауда саясатын сынауға бағдарланған, деп назар аудартты Reuters агенттігі.

Дональд Трамптың ашуын туғызғаны да осы болса керек. Бұған қоса, 2025 жылғы ақпанда Бразилия өз төрағалығы тұсында, яғни, 2025 жылы бірлестіктің ортақ валютасын енгізу жоспарынан бас тартылғанын және жыл бойы бұл мәселеге оралмайтынын мәлімдеді.

Сонымен бір мезгілде, агенттіктің дерегінше, Бразилияның төрағалығымен бұл топ "мүше мемлекеттердің ортақ трансшекаралық төлем жүйесін құру жұмысын ары қарай жалғастырды".  

Ол жүйе, германиялық DW жазуынша, "BRICS Pay" деген атауға ие және санкциядан оқшауланған Ресейдің өзге серіктестерімен сауда, қаржы транзакцияларын жеңілдетуге, тыйымдар мен шектеулерді айналып өтуіне көмектесуге бағытталған.

Ресейлік "ФедералПресс" агенттігі РФ сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябковтың мәлімдемесін таратты, онда ол Американың өзі БРИКС елдерін долларға балама іздеуге итермелеп отырғанын меңзеді.

"БРИКС шеңберінде ешкім де долларды ауыстыру мәселесін күн тәртібіне қойып отырған жоқ. Ресей Президенті бұғаттаушы санкциялар кесірінен РФ-тің өте көп есептесулерде долларды пайдалану мүмкіндігінен айрылғаны туралы бірнеше рет мәлімдеді. Сондықтан өзара есепайырысудың баламалы тетіктерін әзірлеу Ресей үшін төтенше маңызды", – деді Рябков.

Сол себепті РФ та, БРИКС-тің өзге елдері де өзара сауда мен қаржылық операцияларда ұлттық валюталарын пайдалану бастамасын белсенді ілгерілетуде. Осы арқылы олар АҚШ-тың сыртқы қысымынан және қосарлама санкцияларынан өзін қауіпсіздендіруге тырысатын көрінеді.

Тиісінше, БРИКС бастапқыда дедолларизацияны жүзеге асыруды мақсат етпегенімен, бүгінде оларды Дональд Трамптың өзі соған мәжбүрлеп отырғаны мәлімделді.

РФ СІМ басшысының орынбасары бұдан былай БРИКС елдері үшін ұлттық валютада есепайырысуға көшу – басымдықты бағыт болып табылатынын нықтады.

"Ресей бұл бағытта айтарлықтай жетістікке жетті. Бүгінде БРИКС бойынша серіктестеріміздің бізбен арадағы барлық транзакцияларының 90%-ы ұлттық валюталарда жүзеге асырылады. Бұл доллардан арылуға және ұлттық валюталар, рубль негізінде экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға осы елдердің дайындығы артқанын паш етеді", – деп санайды Рябков.

Тек соған ұмтылып жүріп, жаңа, қосарлама санкцияларға ілігіп қалмаса болғаны.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу