Ірі микроқаржылық ұйымдар банкке айналады

3995

Елде микроқаржылық саланы тың өзгерістер күтіп тұр. 

Ірі микроқаржылық ұйымдар банкке айналады

Шектеп ұстамаса шеттен шығып кететін ұйымдар былтырдан бері едәуір сұрыпталған көрінеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биыл 1 қаңтардан бері талапты күшейтіп, лицензияны енгізгелі бері микроқаржылық саладан ұйымы, ломбарды бар – 3,5 мың жуық субъект біржолата кеткен. Қазір олардың саны – 998. Мемлекет енді іріктеуден өткен бұл ұйымдарды ынталандырмақ ниетте, деп хабарлайды іnbusiness.kz.

Қазаннан қақпақ кетсе...

...Иттен ұят кететіні рас екен. Елде пандемия өршіген кезде онлайн түрде несие беретін дәл осы микроқаржылық ұйымдардың ойқастап шыға келгені белгілі. Қарызды беруін бергенімен, үстінен пайызды да орынсыз еселеп қосатын ұйымдардың әрекеті жаға ұстатқан. Иә, дәл сол тұста микроқаржылық ұйымдардың масканы қымбаттата сатқандармен бірге тасы өрге домалап тұрған еді.

Ашкөздіктің бұл түрін Мәжілісте былтыр сәуірде депутат Аманжан Жамалов қатты сынаған еді.

"Елдегі төтенше жағдай мен карантинге байланысты кірісінен айырылған азаматтардың көбі қазір несие алуға мәжбүр. Бұл сәтті үйден шығармай-ақ, анықтамасыз әрі интернет арқылы жылдам несие беретін микроқаржылық ұйымдар, ломбардтар, қайдағы бір онлайн-компаниялар пайдаға жаратып жатыр. Заң бойынша жылдық тиімді ставканың 56 пайыздық шекті мөлшері, төленбеген әр күн үшін өсімпұлдың деңгейі 0,5 пайыз түрінде белгіленген. Заңнамалық шектеулерге қарамастан, онлайн-несие беруші компаниялар 100 пайыздан жоғары жылдық ставкамен несие беруде. Одан бөлек гаранттық үшін немесе қарыз бергені үшін ондай ұйымдар әртүрлі комиссияларды да ала береді",  деген еді депутат.

Ақырында жылдық тиімді ставка былтыр кейбір ұйымдарда 600-700 пайызға дейін кеткен. Рас, бұл әрекет – жау жағадан алғанда бөрі етектен тартадының кері. Осыдан кейін мемлекет тарапынан қолға алынған шаралар микроқаржылық ұйымдарды "сапқа тұрғызып, сабасына түсіре" бастады. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап салаға лицензиялау жүйесі енгізіліп, оларға қойылған талаптар күшейтілді. Бұрын банк саласына жатпайтын сектор өз қазанында қайнап жататын. Ашықтық мүлде жоқ еді. Ал қарыз алатын адамдарды микроқаржылық ұйымдар "пайыздық қақпанға" түсіргені белгілі. Ал қазір ол ұйымдардың жұмысы бірыңғай қағидатпен жүргізіледі.

Бұл талаптарға әлбетте, бұрынғы ұйымдардың көбі сай болмай шықты. 2020 жылы нарықтан 3,5 мың субъект кеткен. Олардың ішінде ломбардтар да, несиелік серіктестіктер де бар. Ал қазір нарықта 998 микроқаржылық ұйым бар екен. Олардың жалпы микроқаржылық портфелі 1 трлн теңгеден асады. 

Талап қалай күшейтілді?

Аталмыш саланы пайдакүнемдерден тазартып, нарықтың тұрақтылығын, тұтынушылардың құқығының қорғалуын қамтамасыз ету үшін микроқаржылық ұйымдардың басшыларына қатаң талап қойылған. Олардың бұдан былай 19 бағыт бойынша іскерлік репутациясы мінсіз болуы керек. Ұйым басшыларының соттылығының немесе жемқорлыққа қатысты қылмысының болмауы керектігі де талаптар қатарына енгізілген. Субъекттердің бәрі де сыйақы ставкасы, алушының қарыз коэфиценті шегі, келісімшарттар мазмұнының талабы бойынша белгілі бір шекті сақтауға тиіс. 

Сонымен бірге микроқаржылық ұйымдардың басшылары несие бюросына қаржылық және регуляторлық есеп беруге міндетті. 

"Осы нарықты ары қарай дамыту үшін "Бизнестің жол картасы – 2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында ШОБ-тың микронесиелерін портфельді субсидиялау мәселесі пысықталып жатыр. Сонымен бірге Қазақстанның аймақтарында микроқаржылық ұйымдарды дамыту тұжырымдамасы әзірленген. Яғни аймақтық микроқаржылық ұйымдар "Еңбек" бағдарламасы шеңберінде "Бастау Бизнес" жобасы бойынша ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге несие береді", – деді бүгінгі CFO саммитінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова.

Міне, осылайша, келешекте микроқаржылық нарықты дамыту үшін МҚҰ қорларының көздерін ұлғайту, халықтың микроқаржылық қызметтерге қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ ірі микроқаржылық ұйымдарды банк ретінде трансформациялау істері қолға алынатын болды.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу