Ірі мұнай желісіндегі апат: Бюджетке 80 млн доллар түспей қалады

3492

Мәжіліс депутаты Данияр Әлімбаев Каспий құбыр консорциумындағы мәселені тағы көтерді. Ол өз сұрағын екі бірдей министрге бағыттады.  

Ірі мұнай желісіндегі апат: Бюджетке 80 млн доллар түспей қалады

Депутаттың сөзіне сүйенсек, мұнай өндірісі 2022 жылы 2 млн тоннаға азаяды екен. Республикалық бюджетке 80 млн доллар түспей қалады. Бұл қатерлер Каспий құбыр концорциуымындағы қиындықтарға байланысты. 

"Бұл сұрақты бұрын да қойдық. Алайда министрліктер тарапынан нақты жауап жоқ. Энергетика министрлігі мұнай өндірісі бойынша қысқартылған жобаны қарастырып жатырсыздар ма? Мұнай экспортын балама жолдар арқылы дамытуды қолға алдыңыздар ма?", – деп сұрады Әлімбаев.

Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігінің өкіліне "мұнай түсімі азайса ЖІӨ 2,1 пайызға қалай өсіреміз" деп сұрады. 

Оған жауап берген Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуына қарағанда, ірі мұнай желісіндегі апат мұнай экспортының тоқтауына әкеп соқтыруы мүмкін. Жөндеу жұмысы ұзаратын түрі бар. 

"Сондықтан жоспарды 87,5 млн тоннадан шамамен 2 млн тоннаға аз көлемде экспорттау жоспары бар. Егер балама бағыттарды барынша пайдалана білсек, ал КҚК жүйесі тезірек қайтадан қосылса, онда бәлкім, алғашқы жоспарға да жақындауымыз мүмкін", – деді Болат Ақшолақов.

Оның айтуынша, балама бағыттар мыналар: Атырау-Самара арқылы 7 млн тоннаға дейінгі қосымша қуаттылық бар. 3 млн тоннаны Ақтау порты арқылы жеткізуге болады.

Темір жол арқылы көп мұнай әкетуге болады. Бірақ бұл жерде темір жол цистерналарына байланысты мәселе бар. Сондықтан бұл бағытта 3-5 млн тонна мұнай өткізе алуымыз мүмкін.

Екінші жауап берген Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов мұнай өндірісінің азаюуы ЖІӨ өсіміне кері әсер ететінін айтты.

"Былтырғымен салыстырғанда аса көп төмендеу болмайды. Түспей қалған бұл табысты экономиканың басқа саласындағы оң динамикалармен жабуға болады. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында 4,5 пайыз өсім болады деп отырмыз. Басқа секторларда да өсім болады. Құрылыс секторында өсім 3,8 пайыз болатыны болжанды. Қызмет көрсету секторы мен өңдеу өнеркәсібінен өсім болады деп отырмыз", – деді Жақсылықов.

Министрлік жылдың басында ЖІӨ 3,9 пайыздық өсімді көрсетеді деген болжаған көрсеткішті қазіргі қиындықтарға байланысты 2,1 пайыз "түсіріп" отыр. 

Айта кету керек, ірі мұнай желісіндегі ақауды жөндеу ұзарып барады. Германия басылымдары Ресей тарапы әдейі жылдам жөндемей жатыр деп жазады. Энергетика министрі Болат Ақшолақов мұнымен келіспейді. Ол да "ауа райының қолайсыздығынан" көреді.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу