Ірі жемқорлардың айыппұлмен құтылуы тәжірибесі жойылмақ

3516

Шетелге 86 млрд доллар әкетілген. 

Ірі жемқорлардың айыппұлмен құтылуы тәжірибесі жойылмақ

Антикоррупциялық агенттік "аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдар үшін еселенген айыппұл салудың күшін жоюды" ұсынды. Осы бастамасын мемлекеттік орган "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы жобасының тұжырымдамасына енгізді.

Бұл кездейсоқ емес. Қылмысы үстінде ұсталып қалатынын ойда ұстаған биік лауазымды шенеуніктер пара сұрағанда еселенген айыппұлға қатысты тәуекелді пара  көлеміне қосатын болыпты.

"Өкінішке қарай, бүгінде еселенген айыппұл түріндегі жаза – жемқорлар үшін тежеуші фактор емес. Өйткені олардың әлеуетті заңсыз табысы көбіне төленер айыппұл сомасынан асып түседі. Яғни, айыппұл өзіндік бір "коммерциялық тәуекел" ретінде қабылдана бастады", – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аталған тұжырымдамада.

Қазақстанға билік өзегіне түскен жегіқұртпен күрестің осы тетігінен бас тартуға кілең дамыған елдер кіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы да кеңес беріп отыр.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстамбұл іс-қимыл жоспары аясындағы мониторингтің 3 және 4-раундының есептеріне сәйкес, ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанда пара алғаны немесе бергені үшін еселенген айыппұлдың енгізілуін – "жаза-санкциялардың әлсіреуі" деп бағалады. Олардың пікірінше, әсіресе лауазымды тұлғалар мен жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың пара алуы қоғамға зор зиян келтіреді. Сондықтан олар ауыр шаралар қолдана отырып жазалануға тиіс", – деп түсіндірді ведомство.

Әрине, Қылмыстық кодексте дүние-мүлкін тәркілеу және өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру, мемлекеттік биліктен аластатылу секілді қосымша жаза түрлері бар.

Бірақ ЭЫДҰ сарапшылар жалпы алғанда, айыппұлдың қолданылуы "мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа бейім азаматтарға дұрыс емес белгі береді" деп санайды. 

"Осы айтылғандарды негізге ала отырып, ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстан үшін коррупциялық қылмыстарға арналған жаза-санкцияларды қайта қарауды қарастыратын жаңа ұсыным-рекомендациялар әзірледі. Бұл жазаның пәрменділігін және әділеттілігін қамтамасыз етеді. Ұсыныстар қатарында аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін міндетті түрде бас бостандығынан айыру; коррупциялық қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға қарағанда жазаның неғұрлым жұмсақ түрін қолдану мүмкіндігін жою бар", – деп мәлім етті агенттік.

Жеке сектордан жемқорлар ізделеді

Сондай-ақ Қазақстанда енді сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін тағайындалған жазалау шараларына жыл сайын талдау жүргізу және олардың тиімділігін бағалау ұсынылды. Осы талдаудың нәтижелерін халық білуі үшін есеп жариялау көзделуде.

"Коррупция саласындағы халықаралық құжаттарды ратификациялаған біздің еліміз жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған ЭЫДҰ-ның ұсынымдарын ұлттық заңнамаға енгізу бойынша өз мойнына міндеттеме алды. Сондықтан аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін еселенген айыппұлдарды қолдануды енді алып тастау ұсынылады", – делінген заң жобасының тұжырымдамасында.

Құжаттың жаңалықтары жетерлік. Мысалы, онда "коррупция" ұғымын жеке секторға да жаю идеясы бар. Бұл ЭДЫҰ, БҰҰ және Еуропа кеңесінің басты рекомендацияларының бірі. Себебі дамыған елдер тек мемлекеттік қана емес, сонымен бірге жеке сектордағы сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуға күш салады.

Ал Қазақстанда мемлекеттік немесе квазимемлекеттік сектор, яғни министрлік, әкімдік не ұлттық компания өкілі пара сұраса ғана жемқорлық саналады. Сонымен бірге мемлекеттік бағдарлама аясында бюджет қаражатын несиеге үлестіретін банк топ-менеджерлері де бизнестен пара талап етуі ықтимал. Мұндай тәуекел негізінен, коммерциялық банктер, табиғи монополия нысандары, ірі өндірістік және өндіруші кәсіпорындардың, тіпті сауда желілерінің қызметінде жоғары екені айтылды.

Офшор – заңсыз қаржыны "тазарту" тәсілі

Коррупцияға қарсы агенттік жеке сектордағы парақорларды қатаң жазалау біріншіден, қоғам мүддесін толыққанды қорғау, екіншіден, экономикада адал бәсекелестік қағидаттарын өрістету үшін қажет дейді.

Мысалы, құқық қорғау органдары пара беруге қатысты коммерциялық сатып алудың  36 фактісін, заңсыз сыйақы алудың 44 оқиғасын әшкереледі. Әйткенмен, жеке сектордағы биік лауазымды 25 тұлға парақорлығы үшін емес, басқа баптар бойынша сотталды.

Жаңа заң жобасы қабылданар болса, бай шенеуніктердің, ауқатты азаматтардың шетелде есепшот ашуы шектелуі мүмкін. Құжат тұжырымдамасында "шетелдік банктерде есепшот-салым ашуға және жүргізуге антикоррупциялық шектеу енгізу" ұсынылады. 

"2020 жылғы сәуірде Президент көмекшісі Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысының атына қызметтік хат енгізді. Онда 2017–2019 жылдарға арналған Офшорлық юрисдикциялармен операцияларды қысқарту жөніндегі кешенді жоспардың барлығына қарамастан, соңғы 5 жылда – 2015–2019 жылдары Қазақстан резиденттерінің шетелге әкеткен қаражаты 86 млрд долларды құрағаны айтылған. Осыған байланысты Президенттің көмекшісі 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Үкіметке офшорлық юрисдикциялармен операцияларды қысқарту бойынша кешенді жоспарды өзектендіруді жүктеуді ұсынды. Осы хатқа Президент бекіткен қарарға сәйкес Үкіметке тиісті жұмыс жүргізу тапсырылды", – делінген заң жобасының тұжырымдамасында.

Айыппұлмен қанша жемқор жазаланды?

Заң жобасының негізгі жаңалығына оралсақ, Қазақстанда түрмеге қамау орнына еселенген айыппұлмен құтылған ірі тұлғалар арасында Спорт істері және дене шынықтыру агенттігі төрағасының бұрынғы орынбасары Азамат Тұматаев, Білім және ғылым бұрынғы вице-министрі Эльмира Суханбердиева және басқасы бар.

2014 жылдың 1 шілдесінде Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің экс-төрағасы Мұрат Оспановты қаржы полициясы 300 мың доллар пара алу үстінде ұстады. 2015 жылғы ақпанда сот түрмеге жолдау орнына оған 1 млрд 101 млн 60 мың теңге айыппұл салды. Сұралған қаражатты Мұрат Оспанов алты ай ішінде салды.

2017 жылғы қарашада "Қазақстан инжиниринг" басқарма төрағасының орынбасары Қанат Сұлтанбеков 10 жылға бас бостандығынан айырылды, алайда артынша бірінші инстанция үкімі 2 млрд 139 млн теңге айыппұлға ауыстырылды. Қ.Сұлтанбеков оны бір апта ішінде төлеп тастады.

Жалпы, барлық құқық қорғау органдары тергеген қылмыстық істер бойынша 2016 жылдан бастап, 2019 жылды қоса алғанда 1 мың 561 адам коррупциялық қылмысы үшін еселенген айыппұлмен жазаланды. Олар жалпы сомасы 13,4 млрд теңгеден асатын айыппұл төлеген.

Transparency Kazakhstan атқарушы директоры Ольга Шиян бұл тетікті әділетсіз санайды.

"Сырқаттан бірер мың көмек ақша алған дәрігер, ата-аналардан бірер мың пара алған мектеп директоры бірнеше жылға сотталып кете баруы мүмкін. Ал аса ірі көлемде пара алғандар бостандығын сақтап қалады. Осыдан кейін қарапайым бұқараның билікке деген сеніміне селкеу түседі. "Заң алдында бәрі тең" деген үлкен адамдар сөзінде мән қалмайды. Қылмысы үшін барлығы жаза тартуға тиіс, әйтпесе адамдар сот пен әділдікке сенуден қалады. Өйткені ұлттық заңнама жемқорларға айыппұл төлеп еркіндікте қалуға немесе мерзімінен бұрын босап шығуға мүмкіндік береді. Сонда кедейлер ғана отыруы керек пе?!" – дейді Ольга Шиян.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу