Ішкі саясат инфляцияны азайтып, сыртқы факторлар күшейте түспек

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3148

Тарифті арзандату инфляцияға оң әсер еткенімен, Ресейдегі ахуалдан қайта көтеріліп кету қаупі бар.

Ішкі саясат инфляцияны азайтып, сыртқы факторлар күшейте түспек

Ұлттық банк 2018 жылғы 4-тоқсан мен 2020 жылғы 2-тоқсан аралығындағы инфляцияға болжам жасады. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі аталған кезеңде 2 базалық сценарий ретінде мұнай бағасын 60 АҚШ доллар деп есептеді.

Инфляцияны азайтатын факторлар
Болжамға сай, Қазақстандағы жылдық инфляция 2019 жылы 4-6% аралығында болуға тиіс. Теңгенің құнсыздану көрсеткішінің төмендеуіне 2019 жылдан бастап монополистердің көрсететін қызметтер бағасының төмендетілетіні ықпал еткен. Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысы келер жылдан бастап елдегі коммуналдық шаруашылық саласындағы монополистердің тарифті төмендетуін тапсырған еді.

Экономикалық өсу қарқыны 2019 жылы 2,7%, 2020 жылғы бірінші жартыжылдықта да 2,7% болады деп күтілуде. Экономикалық өсу бойынша алғышарттар өзгерген жоқ. Экономиканың негізгі өсу драйвері ішкі тұтынушылық сұраныстың өсуін көрсетеді. Инвестициялық белсенділіктің оң серпіні, бірінші кезекте, тау-кен өндіру саласында және тұрғын үй құрылысында сақталады. Тауарлар және қызмет көрсету экспортының ұлғаюы Қашаған кен орнындағы мұнай және газ конденсатын өндірудің одан әрі өсуіне байланысты болады.

Инфляцияны күшейтетін факторлар
2020 жылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағалауы бойынша жылдық инфляцияның біртіндеп бәсеңдеуі жалғасады. Инфляцияның серпінін айқындайтын негізгі факторлар ретінде ең төменгі жалақының ұлғаюы, қызметкерлердің жалақысы төмен санаттары үшін салық жүктемесінің төмендеуі және тұтынушылық кредиттеудің өсуінің сақталуы; Ресейдегі инфляцияның кесірінен теңгенің де инфляциясының күшеюі; Ресейге қатысты санкция күшейген кезде рубльдің девальвациясы; энергия ресурстарының арзандауынан нақты-ақша кірістерінің арзандауын атауға болады.

"Қазақстанның экономикасы әлі күнге дейін сыртқы дағдарыстарға қарсы әлсіз болып отыр. Әлі күнге дейін мұнай бағасы бұрынғыдай экономикалық белсенділіктің серпінін анықтайтын маңызды фактор болып қалуда", деп жазады бас банктің баспасөз қызметі. 

Егер мұнай бағасы барреліне 60 емес, 40 АҚШ доллары болса, жылдық инфляция 2019-2020 жылдары аталған 4-6 пайыздық дәлізден анағұрлым асып кетуі ытимал. Олай болса, ақша-несие талаптарына түзетулер енгізу керек болады.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу