Базалық мөлшерлеме өсуі мүмкін

3529

Досаев азық-түлік бағасына бақылауды күшейтуді ұсынды.

Базалық мөлшерлеме өсуі мүмкін

Биылғы жылдың шілдесінде айлық инфляция 0,2%-ды құрады. Жылдық инфляция 5,4% деңгейде сақталды. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, жеміс пен көкөніс бағасының маусымдық төмендеуіне қарамастан, жазғы кезеңге тән дефляциялық процесс байқалмайды, яғни қымбатшылық әлі де күшті.

"Инфляцияға көп үлесті шілдеде 8,7%-ға жеткен азық-түлік тауарлары бағасының өсуі қосты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы қалыпты өсу қарқынын көрсетіп отыр. Ал ақылы қызметтер бағасының серпіні тарихи минимумда сақталып отыр", – деп хабарлады бас банкир.

Досаевтың айтуынша, халықтың нақты ақшалай кірісінің өсуі аясында тұтынушылық сұраныстың кеңеюі инфляцияның жылдам өсуінің негізгі себебіне айналды. "Осыған орай Үкіметтен инфляцияның өсуіне көп үлес қосқан жекелеген тауарларға бағаның өсуін бақылау шараларын күшейтуді сұраймыз", – деді Ұлттық банктің басшысы.

Базалық мөлшерлеме өсуі мүмкін

Досаев базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі және ақша-кредит талаптары инфляцияны биыл нысаналы 4-6% дәліз ішінде сақтауды қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Алайда әлемдік нарықтағы тәуекел деңгейінің өсуін және тұтынушылық сұраныс тарапынан проинфляциялық қысымның күшеюін ескере отырып, Ұлттық банк жылдың соңына дейін ақша-кредит талаптарын қатаңдату шараларын қабылдауды жоққа шығармайды. Егер базалық мөлшерлеме көбейетін болса, несие мен депозиттің де пайызы өсетіні белгілі.

Сонымен бірге Ұлттық банк төрағасы ішкі валюта нарығындағы ахуал көп жағдайда сыртқы факторлардың ықпалымен өрбитінін мәлімдей келе мұнай бағасының тұрақсыздығына алаңдаушылық білдірді.

"Банктер кредиттік белсенділігін ұлғайтуда. 1-тоқсанда жүргізілген банктерді қалыпқа келтіруден кейін, сәуір-маусым кредиттік портфель 3,5%-ға немесе 433,6 млрд теңгеге 12,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ұзақ мерзімді кредиттер – 11,0 трлн теңге, қысқа мерзімді кредиттер – 1,9 трлн теңге болды. Бизнес үшін кредиттерге қолжетімділік артуда: маусымда теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме өткен жылғы маусымдағы 12,5%- бен салыстырғанда 11,7%-ға дейін төмендеді", – деді бас банкир.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, кредит берудің өсуіне қорландыру базасының сапалы жақсаруы ықпал етуде. Маусым айында ұлттық валютадағы салымдар валюта нарығындағы шиеленісудің өсуінен төмендеген. Дегенмен жыл басынан бері 5,5%-ға өсті.

"Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы" жарлықтың орындалу барысына тоқталған бас банкир 508 мың азаматтың 105,5 млрд теңгесі кешірілетінін айтты.

"Бүгінгі күні азаматтардың тізімдері бойынша берешек туралы ақпаратты жинау жұмысы жүргізілді. Ақы төлеуге тізім жасалды. Берешекті өтеу тамыздың соңына дейін аяқталады. Бұл алдын ала деректер бойынша еліміздің 508 мың азаматына 105,5 млрд теңге сомаға мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік береді", – деп хабарлады Е. Досаев.

Досаевтың айтуынша, азаматтар банктер мен микроқаржы ұйымдарына барып өтініш жасамайды, берешекті өтеу жұмысын кредиторлар дербес жүргізіп, кредиторлар әрбір қарыз алушыға тиісті хабарлама жібереді.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу