Ислам ипотекасымен үй алсаңыз, пайыздың орнына үстеме ақы төлейсіз

7726

Банк үстеме ақыны қаржыландыру сомасына есептейді және қарыз өтелгенге дейін алдын ала бекітілген айлық төлемақы құнын өзгертпейді. 

Ислам ипотекасымен үй алсаңыз, пайыздың орнына үстеме ақы төлейсіз

Қазан айының басында "Al Hilal" Ислам банкі" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Елтай Мұхамеджанов аталмыш қаржы институты пайыздық мөлшерлемесіз ипотека бере бастағанын жариялағанда ел елең ете қалды. Алайда халық ислам ипотекасының артықшылығы мен ерекшелігін түсінген жоқ. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін abctv.kz порталының атынан "Al Hilal" Ислам банкі" АҚ баспасөз қызметіне сауал жолдап, эксклюзивті жауап алдық.

"Al Hilal" Ислам Банкі" 10 миллион теңгеге сатып алған 1 бөлмелі үйді клиентке қанша теңгеге сатады?

– Банктің үстеме ақысы бірнеше факторға байланысты, соның ішінде қаржыландырудың сомасы мен мерзіміне байланысты. Қаржыландыру сомасы – бұл пәтердің алғашқы жарнасы шегерілген құны. Мысалы, пәтердің құны 10 миллион, ал алғашқы жарна 3 миллион теңгеге тең болса, онда қаржыландыру сомасы 7 миллион теңге болады. Айталық, 10 жыл мерзім белгіленді. Мұндай жағдайда ағымдағы шарттар бойынша есептегеннен кейін айлық төлемақы – 99873,9 теңге (99 мың 873 теңге 9 тиын – автор) болады, бұл сома келісімшарт жасалған соң өзгермейді.

Ипотека рәсімдеу кезінде клиенттің алғашқы жарна ретінде төлейтін 30% ақшасы негізгі қарыз сомасынан шегеріле ме? Банк үйді клиентке үстеме ақымен сатқан кезде 30%-дық алғашқы жарнаға да үстеме ақы қоса ма әлде оны қарыз сомасынан алып тастай ма?

– Қаржыландыру сомасы бұл – пәтердің алғашқы жарнасы шегерілген құны. Демек, банктің үстеме ақысы қаржыландыру сомасына ғана есептеледі.

– "Al Hilal" Ислам Банкі" қандай үйлерге несие береді?

­ Банк исламдық ипотеканы Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы бірінші деңгейлі (пайдалануға берілген үйлер) және екінші деңгейлі пәтер алуға береді.

– "Al Hilal" Ислам Банкі"  не себепті Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы үйлерге ғана ипотека рәсімдейді?

Банк филиалдары Алматы, Астана және Шымкент қалаларында орналасуына қарай ипотека да сол жерлерде рәсімделеді.

– "Al Hilal" Ислам Банкі" бүгінге дейін қанша адамға, қандай соммаға үй немесе автокөлік алу үшін несие берді?

Банк исламдық ипотекамен қатар жеке тұлғаларды қаржыландыру өнімдерін ұсына бастады. Бұған дейін жеке тұлғаларға қаржыландыру өнімдері берілмейтін.

–  "Al Hilal" Ислам Банкінде" негізгі қарыз және негізгі қарызға қосылған үстеме баға деген ұғым бар ма? Үй сатып алған адам төлем мерзімі кезінде басқа банктердегідей негізгі қарыздан бөлек үстеме бағаны жауып отыра ма, әлде негізгі қарыз бен үстеме баға біртұтас борыш ретінде қатар өтеле ме?

Ислам банкінде негізгі несие және үстеме баға ұғымы мүлде жоқ. Ислам банкі тұтынушыға ақша бермейді, банк бастапқыда сауда келісімшартына жылжымайтын мүлікті сатып алушы ретінде қатысады, кейін жылжымайтын мүлікті тұтынушыға сатушы ретінде қатысады. Ислам ипотекасында тұтынушыға мерзімнің соңына дейінгі үстеме ақы мен айлық төлемақының сомасы есептеледі.

– "Al Hilal" Ислам Банкі" ұсынып отырған ислам ипотекасындағы үстеме бағаның басқа банктер ұсынып отырған ипотекалық несиедегі пайыздық мөлшерлемеден қандай айырмашылығы бар? Үстеме баға мен пайыздық мөлшерлеменің тиімді, тиімсіз тұстарын саралаңыздар...

–  Ислам банкі келісімшартқа қатыса отырып, алдымен пәтерді сатып алып, оны тұтынушыға сатады, сәйкесінше банк дәстүрлі ипотекаларға қарағанда келісімшартқа байланысты тәуекелдерді мойнына алады. Мәселен, банк пәтерді сатып алмас бұрын толық заңдық экспертиза жүргізеді.

Ислам ипотекасы құрылымында үстеме пайыз атымен жоқ, бұл қаржыландырудың жалпы сомасына тікелей әсер етеді және тиімді шарттармен үй алуға мүмкіндік береді. Мысалы, төлемақы көлемі бірдей болады, дәстүрлі ипотекадағы сияқты тұтынушы алдымен үстеме пайызды төлеп, одан кейін ғана қарыздың негізгі сомасын төлейтін аннуитетті тәсіл қолданылмайды, сәйкесінше дәстүрлі ипотеканың негізінде жатқан үстеме пайыз жалпы соманы көбейтіп жібереді. Ал бізде тұтынушы жалпы соманы алдын ала біледі, ол ипотека берілгеннен кейін де өзгермейді, сондай-ақ аннуитет сияқты артық төлемсіз, ыңғайлы тәсілмен төлеп отырады.

–  "Al Hilal" Ислам Банкі"  қарызын мерзімінде қайтармаған азаматтарға өсімпұл немесе айыппұл  сала ма?

–  Төлем жасауды кешіктірген сайын тұтынушы айыппұл төлейді. Тұтынушы бір рет кешіктіргені үшін бір рет қана айыппұл төлейді, қосымша айыппұл төленбейді. "Al Hilal" ислам банкінде өсімпұл жоқ. Айыппұл ретінде алынған ақша банк кірісіне кетпейді, қайырымдылық жобаларына түседі. 

–  "Al Hilal" Ислам Банкі"  қарызын қайтармаған клиенттермен қалай жұмыс істейді, оларға қандай шара қолданады?  Коллекторлық агенттіктерге жүгіне ме?

–  Мұндай жағдайда банк әр жағдайды жеке қарастырады, ҚР заңнамалары мен нормаларына және шариғат қағидаларына сәйкес әрекет етеді.

–  Клиенттер үстеме баға қосылған ипотекалық қарызды мерзімінен бұрын өтей ала ма? Қарызды мерзімінен бұрын өтесе үстеме баға пайыздық мөлшерлеме сияқты алынып тастала ма? Қарыз мерзімінен бұрын өтелсе айыппұл салынбай ма?

–  Тұтынушылар ислам ипотекасын мерзімінен бұрын жаба алады. Әрбір жағдай, соның ішінде үстеме ақыға жеңілдік беру жеке қаралады.

–  "Al Hilal" Ислам Банктің" ресми ресурсындағы: "Келісімді рәсімдеу комиссиясы – қаржыландыру сомасының 0,5%-ы (ең төменгі 150 000 теңге, бірақ 300 000 теңгеден аспауы қажет...." дегенді қалай түсіндіресіздер? Комиссия ұстау шариғат шартына сай емес қой және келісім рәсімдеу үшін комиссия ұстаудың қандай қажеттілігі бар?

–  Рәсімдеуге алынатын комиссия келісімшарт шығындарын жабуға қажет. Банк екі операция орындайды: пәтерді сатып алу мен сатуды нотариалдық рәсімдеу – белгілі бір ақшалай шығынды талап етеді. Демек, комиссия дегеніміз келісімшартты рәсімдеу қызметінің ақысы. Комиссия шариғат заңдарына қайшы емес, себебі банк комиссияны көрсетілген қызметтің ақысы ретінде өндіріп отыр.

–  Сайттарыңыздағы: "Банкт қосымша өзге де шарттар қоюы мүмкін" деген жазбаны түсінбедік.  Қосымша шарт деген не, ол кімге қандай жағдайда, не үшін қойылады?

–  Сайтта өнімнің қысқаша сипаттамасы мен шарттары көрсетілген. Тұтынушылар банк бөлімшелерінде егжей-тегжейлі консультация алып, шарттарын біле алады.

 "Al Hilal" Ислам Банкі" жеке және заңды тұлғалардың депозиттегі ақшасын қалай көбейтеді?

­–  Дәстүрлі банк депозиттері сияқты белгіленген пайыз шариғат заңдарына қайшы. Ислам банкіндегі барлық депозит инвестиция ретінде қаралады. Банк тұтынушының салымдарын түрлі жобаларға инвестициялайды, ал пайдасын банк пен тұтынушы өзара бөліседі. Сондай-ақ тұтынушы түскен пайданың өзіне тиесілі үлесін және банкке тиесілі үлесін алдын ала біліп отырады.

Мудараба – ислам банкингіндегі негізгі инвестициялық өнім, мұнда пайда Қазақстан экономикасындағы нақты бизнеске инвестициялаудан түседі. Жобаларды іздеу, мұқият талдау және таңдау жұмыстарымен банктің кәсіби командасы білімі мен тәжірибесіне сүйене отырып айналысады. Инвестициядан түскен табыс банк пен тұтынушы арасында сома мен мерзімнің пропорциясына байланысты бөлінеді.

Вакал депозиті – ислам банкингіндегі инвестициялаудың тағы бір құралы. Мұнда да тұтынушы қаражаты терең талдау мен тексерістен өткен бизнес-жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Банк тұтынушыға сомасы мен мерзіміне қарай болжамды табыстың деңгейін ұсынады. Осы өнім іске қосылғалы бері депозит мерзімінің соңына қарай табыстың нақты деңгейі болжамды деңгеймен сәйкес келеді. Тұтынушы пайданы инвестициялық депозит мерзімі аяқталғанда алады.

–  "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" не себепті "Al Hilal" Ислам Банкінің" депозиттеріне кепіл болмай отыр?

–  "ҚР Банктер және банк қызметі туралы" заңның 3 бабы 5-1 тармағына сәйкес Ислам банкі депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы емес, ислам банкіндегі депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесімен кепілдендірілмеген. Екінші жағынан, ислам банкінің кепілдік беру қорына кіретін салым бойынша сыйақы мөлшерін белгілеуде шектеу жоқ. 

Al Hilal ислам банкінің сенімділігі қаржыландыру жобалары мен риск-менеджментті терең талдауына негізделген, бұл банк балансында кешіктірілген төлем бойынша қарыздың жоқтығын білдіреді. Сонымен қатар, банк Абу-Даби үкіметінің 100% меншігі саналатын халықаралық қаржы тобына кіреді, Fitch Ratings бойынша А+ және Moody’s бойынша А2 – несиелік рейтингі жоғары, бұл банктің қаржылай тұрақты әрі сенімді екенін білдіретін көрсеткіш.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу