Исламдық ипотека

5419

Шариғат шарты бойынша баспаналы болуға болады.

Исламдық ипотека

Ислам діні өсіммен ақша алуға және беруге қатаң тыйым салады. Демек ипотека да тыйым салынған әрекетке жатады. Алайда көптеген ислам елдерінде және зайырлы мемлекеттерде ипотеканың шариғат шартына сай келетін түрі бар.

Шымкент қаласының тұрғыны Самал Әбдібекқызы (есімі өз өтінішімен өзгертілді – автор) 2014 жылы отбасындағы қиын жағдайға байланысты  баспанасынан айырылып қалды. Қазір туыс-туғандарымен бірге пәтер жалдап жүр. Бұл үйде 7 адам бар. Оның үшеуі жұмыс істейді, біреуі зейнеткер. Барлығы қосылып, 4 жылда 3 млн теңге жинаған. Бұл ақшаға үй сатып алу мүмкін емес. Тығырықтан шығудың бір-ақ  жолы бар Ол – ипотека. Алайда шариғат шартымен өмір сүретін отбасы мүшелері банктен үстемеақымен ақша алуға үзілді-кесілді қарсы.

"Алла тағала өсіммен ақша алуға да, беруге де тыйым салған. Сондықтан қанша жерден тарығып, отбасымызбен көшіп-қонып жүрсек те, біз ипотекаға келісе алмаймыз. Ал пәтер сатып алу үшін әлі қанша жыл ақша жинайтынымыз белгісіз. Жылдар бойы жинағанымызды инфляция "жеп" қоя береді", – дейді амалы таусылған Самал.

Кейіпкеріміз шариғат шартымен берілетін ипотекадан бейхабар екен. Осы туралы сөз қозғап едік, жүзі бал-бұл жанды. Алайда біз Самалдың сауалдарына толық жауа бере алмадық. Себебі елімізде әзірге ислам ипотекасын рәсімдегендер жоқ.

Дегенмен "Al Hilal" қаржы орталығы" АҚ қаржылық директоры Айдын Тайыров 2018 жылдың екінші жартысынан бастап "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен" бірігіп, ислам ипотекасын жүзеге асыратындарын айтады. "Биылдан бастап ислам ипотекасын іске қосамыз. Оны мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асыру үшін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен" серіктес боламыз. Кей адамдар өзінің адамгершілік, этикалық ұстанымына сүйеніп, ипотека ала алмайды. Сәйкесінше шариғат шартына сай ұсыныс іздейді. Банк бізге нақты ұсыныспен шықты. Біз ұсынысты құп көрдік", – деді ол.

Осы әңгімеден соң біз "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" хабарласып, жазбаша түрде төмендегідей жауап алдық: "Банк "Al Hilal" ұйымының қаржы директорымен келіссөз  жүргіздік. Банк желісі бойынша жаңа қызмет түрін қолданысқа енгізу үшін заңнаманы зерттеу қажеттілігіне баса мән берілді. Қазіргі уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы ислам ипотекасын беру және оның шарттары туралы нақты дерек айтуға әлі ерте".

Бұл биыл болмаса да, жақын арада ипотеканың жаңа түрі іске қосылады деген сөз. Айта кетейік, Қазақстанда шариғат шартымен жұмыс істейтін бірнеше банк бар, олардың ең танымалдары: "Al Hilal" және "Заман-банк". Бұлар бұған дейін Қазақстанда  тек корпоративті сектормен жұмыс істеген. Енді жаңа кезеңге, жаңа қызметке көшуді көздеп отыр.

Біле жүріңіздер, ислам ипотекасының қазіргі ипотекадан айырмашылығы көп емес. Мұнда да клиент кем дегенде 21 жаста болуы және тұрақты табыс табуы тиіс. Ипотека талабы бойынша, банк пәтерді өз меншігіне сатып алады. Сосын оны мурабах (сауда келісімі) негізінде жалға береді. Яғни банк пен клиент сату-сатып алу келісімшартына отырады. Баспананың бағасы сатып алынған құны мен банктің қойған үстемеақысынан құралады. Сосын клиент мерзімі ұзартылған төлемді келісілген кесте бойынша банкке аударып отырады.

Бұл жерде бір нәрсені атап өту керек, ислам ипотекасы клиенттің діни наным-сеніміне қарамайды, яғни барлық адамға қолжетімді болады. Мұнда тек келісімнің құрылымында ғана өзгеріс болуы мүмкін. Дегенмен кей елдерде шектеу бар. Мысалы Англиядағы ислам банктерінде мұсылман емес адам ипотека алам десе, оған мұсылман адам кепіл болуы керек. Ислам ипотекасы бойынша  бастапқы жарна кем дегенде 10%, ал мерзімі 5 жылдан 25 жылға дейін. Бастапқы жарна мен кредиттеу мерзімі банк тәуекелдеріне байланысты болады. ТМД елдеріндегі жағдайды мысалға алатын болсақ, ислам банктері тек қана 5 жылға ипотека береді және бастапқы жарна кем дегенде 30% болады.

Бүгінгі таңда ислам ипотекасының үш түрі бар:  иджара (кейін сатып алу үшін жалға беру), мурабаха (мерзімі ұзартылған сауда-саттық) және мушарака (кредитор мен клиенттің жылжымайтын мүлікке бірге иелік етіп, түскен табысты қақ бөлуі кезіндегі азаймалы үлес).

Жоғарыда айтып өткендей, ислам ипотекасының басты ерекшелігі қарызға берілетін ақшаға пайыз емес, үстеме баға қосылады. Ол тауардың өзіндік құны мен оны сату құны арасында анықталады. Үстеме баға алдын ала келісіліп, ипотека толық төленіп біткенше сақталады.

Ислам ипотекасының тағы бір айрықша белгісі банк клиенттің серіктесіне айналады, сөйтіп тараптар тәуекелді тең бөліседі. Сондай-ақ бұл жүйеде  жылжымайтын мүлікті рәсімдеу және сатып алу шығындарын банк төлейді.

Жанат Нұржауқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу