ІТ-саланың 5 мың маманы елден кеткен

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3909

Дәурен Абаев олардың Қазақстанға қайтып ораларына сенімді.

ІТ-саланың 5 мың маманы елден кеткен

Мәжілістегі үкімет сағатында халық қалаулысы Бақытгүл Хаменова Қазақстанның ІТ-саласына қатысты көп мәселенің біріне тоқталды. Нақтырақ айтсақ, отандық мамандардың шетелге қарай ойысуын сынға алды. Депутаттың пікірінше, бұл жақсы тенденция емес. Өйткені, ІТ-саланың қызметкерлері әлем бойынша ең қажетті мамандықтар тізімінде екінші орында тұр.  

"Қытай мемлекеті шетте жүрген 432 мың маманын елге қайтарып, жағдай жасаған екен. 2017 жылдың дерегіне сүйенсек, біздің елден 38 мыңға жуық азамат шетелге көшіп кетіпті. Соның 5 мыңы – ІТ-саланың өкілі. Осы мамандарды елге қайта тарту үшін қандай жағдай жасалып жатыр?", – деп Бақытгүл Хаменова ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа қарата сұрақ қойды.  

"Цифрлы Қазақстан" бағдарламасын қабылдауға түрткі болған негізгі мақсаттың бірі – отандық мамандардың шетелге кетуіне жол бермеу. Дәурен Абаев олардың елге қайтып оралатынына сенімді.

Алайда, Қазақстанда ІТ-саланың мамандары өз жобаларын жүзеге асыра алатын бір ғана орталық бар. Ол – Astana Hub. Ал жалғыз орталықтың жыртыққа жамау болмасы анық. Сондықтан министр біртұтас экожүйе құру керек деп есептейді. Ол үшін Назарбаев университетін пайдалану керек. Болашақта Қазақстанда ІТ-университет ашылуы да мүмкін.

"Astana Hub орталығында шетелде білім алып келген қыз-жігіттер жұмыс істеуде. Өйткені, олар сыртта бәсекелестіктің жоғары екенін біледі. Сондай-ақ орталыққа мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Бұл да тиімді. Сондықтан сыртқа кеткен мамандардың елге ораларына сенімдімін. Қытай мамандары да 20 жылға жуық уақыт бойы шекара асып кетіп жатты. Ал қайта оралу тенденциясының басталғанына 1-2 жыл ғана болды", – дейді Дәурен Абаев.

Шынында да, ел үкіметі Astana Hub орталығын дамытуға көңіл бөліп отыр. Дәурен Абаевтың дерегінше, бүгінде орталыққа 49 млн теңге инвестиция тартылған. 20 стартап-жоба іріктеліп алынған.  

Қазір Қазақстанда кез келген салада цифрландыру үдерісі жүріп жатыр. Тіпті, министрліктерде бұл бағытқа жауапты арнайы вице-министрлер де  бекітілді.

Дәурен Абаев әр сала бойынша жүргізілген жұмыстардың қорытындыларын мысалға келтірді. Мәселен, 2022 жылға қарай астықтың 20 пайызы электронды форматта сатылады деген болжам бар. Ал 2020 жылы мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы автоматтандырылады.

"Қазақстанда 741 мемлекеттік қызмет бар. Соның 454-і – автоматтандырылған. Осы жылдың соңына дейін тағы 70 қызметті автоматтандыру жоспарда тұр. 2020 жылы бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткіземіз", – дейді Дәурен Абаев.

Министрдің пікірінше, цифрландырудың бірден-бір жемісі – "Сергек". Бұл жүйе елдегі жол-көлік оқиғаларын 16 пайызға дейін төмендеткен. Сонымен қатар, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында да бастамалар қолға алынуда. Мысалы, Алматыдағы қала көшелерін ақылды жарықтандыру жүйесі электр қуатын 40 пайызға үнемдеген.

Сондай-ақ бұдан былай наркологиялық және психоневрологиялық анықтамалар электронды нұсқада беріле бастайды.

"Осы жылдың ортасында психо, нарко және туберкулезге қатысты қызметтерді оңтайландырдық. Тиісті қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енді денсаулық сақтау министрлігі бұйрығының жобасы әділет министрлігіне тіркелуі керек. Соны күтіп отырмыз. Осы мәселе реттелесімен, наркологиялық және психоневрологиялық анықтамалар электронды нұсқада беріле бастайды. Яғни, "Электронды үкімет" порталы алуға мүмкіндік туады", – деді денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу