Италияда билік басына ресейшіл күштер келді

2843

Босқындардың қаптауы, газ тапшылығы, электр және жылу қуаты құнының шарықтауы, соның салдарынан зауыт-кәсіпорындардың, тіпті музейлер сияқты мәдени орындардың жабылуы, дағдарыстың күшеюі Еуропада популистік партиялардың жеңуіне жол ашты. 

Италияда билік басына ресейшіл күштер келді

Биылғы жыл басынан бері Батыста оңшыл популистік партиялар электоралдық табысқа жете бастады. 2022 жылғы 3 сәуірде Венгрияда Мемлекеттік жиынға депутаттарды сайлауда Орбанның саяси күші – Фидес пен христиан-демократиялық халық партиясының коалициясы жеңіске жетіп, Парламенттегі орындардың басым көпшілігін иемденді. Ал Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан: "Украина ешқашан соғыста жеңбейді", "Украина өз территорияларыны елеулі бөлігінен айырылады" деп мәлімдеп, Кремльдің шашпауын көтеріп жүрген адам. Оның Үкіметі Украинаға көмектеспек түгіл, оған Венгрия жері арқылы қару-жарақты транзитпен алып өтуге де тыйым салды.

Биылғы тамызда Швециядағы парламенттік сайлауда "Швециялық демократтар" төтенше оңшыл партиясы жетекшілік ететін коалиция жеңіс тұғырына көтерілді.

Германияда Ресеймен тіресуді тоқтатып, онымен ұлттық мүдде тұрғысынан ынтымақтастықты жалғастыруды ұсынатын "Германия арналған балама" секілді партиялар күш алып жатыр. Биыл 10 және 24 сәуірде Францияда екі айналыммен өткен президенттік сайлауда Путинді пір тұтып келген Марин Ле Пен жеңіске жетуге шақ қалды. Бұл француздар арасында оның идеяларын жақтаушылар саны артқанын паш еткендей.

Осының бәрі Батыстың әскери, экономикалық және қаржылық көмегінсіз алпауыт жаумен соғыста жеңе алмайтынын жақсы түсінетін Украина жұртшылығының жүрегіне шаншудай қадалатынын байқауға болады.

Енді, міне, таяуда, 25 қыркүйекте, Италияда өткен сайлауда "Италия бауырлары" ("Братья Италии") ультраоңшылдар партиясы басшылық еткен коалиция жеңісті өз қарсыластарының қолынан жұлып алғаны белгілі болды. Халықаралық ақпарат құралдары Италияда Екінші Дүниежүзілік соғыстан бері алғаш рет ультраұлтшылдар сайлауда жеңіске жетіп отырғанын жазуда. Олар сайлауалды уәделерінде тұрақтылықты және Ресеймен достықты орнатуға сөз берген.

Әрине, былтыр ғана Үкіметтің тізгінін қолына алған Италия Премьер-министрі Марио Драги жаңа билік қалыптасқанша уақытша отыра тұрады. Бірақ "Италия бауырлары" және Владимир Путиннің ескі досы Сильвио Берлусконидің "Алға, Италия!" оңшыл-центристік партиясы бірлесіп, оның орнын басатын жаңа Премьерді таңдап та қойды. Билік тізгінін "Италия бауырлары" ультраоңшыл партиясының лидері Джорджия Мелони (Giorgia Meloni) өз қолына алады деп күтілуде. Осылайша, ол сонау Бенито Муссолини заманынан бергі шектен тыс оңшыл көзқарастағы бірінші Премьер және Италия Үкіметін басқаратын тұңғыш әйелге айналуы мүмкін.

Ресми мәлімет бойынша оңшылдар ("Новая газета. Европа" басылымы оларды неофашистер деп атады) төменгі палатадағы 43,8% орынды, Сенатта 44,1% орынды иеленді. Оның ішінде әрбір палатадағы мандаттардан 26% үлесті – Джорджия Мелонидің "Италия бауырлары", 8,79%-ды Маттео Сальвинидің "Лига" партиясы, тағы 8,11%-ды Сильвио Берлусконидің "Алға, Италия!" партиясы қанжығалады. Бұлар бірлігін бұзбаса, кез келген шешімді бұғаттап тастай алады.

Украинаны және оның Батыстағы қолдаушыларын тіксінткені – бұл үшеуі де Ресейге қарсы санкцияларға белсенді қарсы шығады. Демек, Драги Үкіметінен айырмашылығы сол, Еуропалық Одақ аясында Мәскеуге қарсы бағытталған шешімдерге вето қойып тастауы мүмкін.

Ал солшыл-центристік коалиция Парламенттің төменгі және жоғарғы палатасында әрі кетсе, 26,16% орыннан үміттене алады. Танымалдылық жөнінен үштікті Италияның экс-Премьері Джузеппе Контенің "5 жұлдыздың қозғалысы" (15,39%) популистік партиясы тұйықтады.

Айтқандай, Сенатқа депутат болып, Берлусконидің өзі өтті. Ол астанасы атақты Милан саналатын Ломбардия өңірінен додаға түсіп, қарсыласы Федерик Переллиді (28,1%) басым дауыспен (49,5%) шаң қаптырды.

Одақтастар – Сальвини, Берлускони Мелониді айқын жеңісімен құттықтап, Италияны енді "5 жыл тұрақтылық" күтіп тұр десті.

Ал Демократиялық партия сайлаудағы жеңілісін мойындады: оның төрағасының орынбасары Дебора Серракьяни бұл күнді "ел тарихындағы ең көңілсіз күн" деп бағалады. Италияда ұзақ жыл билік құрған демократтар енді екінші саяси күш және Парламентте бірінші оппозициялық партия қызметін атқарады. Оның басшылығы "Италияның Еуропа жүрегінен аласталуына, еуропалық құндылықтарды тәрк етуге, Конституцияның негіз қалаушы құндылықтарының аяқасты болуына жол бермейтінін", алдағы бес жыл бойы соған күш салатынын жариялады.

Мелониді алғашқылар қатарында қызу құттықтаған жақын досы, Венгрия премьері Виктор Орбан оның жеңісін лайықты деп атады.

Италияда ультраоңшылдардың жеңісіне Кремль де үн қатты. РФ басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "қалыптасқан жеккөрінішті мейнстримнің қасаң қалыбынан шыға алатын, Ресейге қатысты объективизм және конструктивизм таныта алатын кез келген саяси күштермен ынтымақтасатындарын" жариялады.

Түркияның Daily Sabah газеті 45 жасар Мелонидің жеңісіне арналған бас мақаласына "Жаңа Муссолини?" деген тақырып қойыпты. Бекер емес.

Мелони еңбек жолын бала күтушісі болып бастаған, базарда сатушы, түнгі клубта бармен болып, нәпақа тапқан. Ондаған жылдардан соң оның Италиядағы ең танымал саясаткерге айналатынын сонда ешкім болжап білмесе керек. Ал саясатқа 15 жасында келіпті: "Біздің бабалар" (Gli Antenati) студенттік бірлестігін құрды. Сол кезде ол Италияның әлеуметтік қозғалысының (MSI) жастар секциясына мүше болды. Бұл ұйымның бастауында Муссолинидің фашистік партиясының ардагерлері тұр. Осы бағыттағы ультраоңшыл студенттік қозғалысты басқару арқасында Мелони өз ортасында сыйлы болды. 1998 жылы Рим провинциясы Кеңесіне ультраоңшыл Ұлттық альянс атынан мүше болады. 29 жасында депутат, ал 31 жасында – Италияның жаңа тарихындағы ең жас министрге айналды. Берлускони оны өз Үкіметіндегі жастар және спорт саясатына жауапты етті.

2012 жылы Мелони "Италия бауырлары" атты партияның негізін қалады. Яғни жас партияны билік басына әкеліп отыр. Оның мүшелері өздерін Италияның әлеуметтік қозғалысының бас мұрагерлері санайды. Партияның эмблемасында италиялық тудың үш түсінен тұратын жалын бейнеленген, бұл MSI-ге еліктегендері. Мұны италиялықтар Муссолини моласында жанып тұрған алауға теңейді.

Оның қарсыластары дебаттар кезінде олардың фашистік партия екенін бетіне басуға тырысты. Бірақ италиялық сайлаушылар қазір бұл ағымнан жиренбейтінге ұқсайды.

Үнемі осылай болды деу қиын: осының алдында, 2018 жылғы сайлауда Мелонидің партиясы жұртшылыққа жаға алмай, 4% ғана дауыс жиған. Дегенмен ізінше, саясаткер ретінде Мелонидің өзінің рейтингі өсе бастады. Нәтижесінде 2020 жылғы ақпанда ол Италияда Үкімет басшысы Джузеппе Контеден кейінгі екінші танымал саясаткер ретінде танылды. "Ата даңқымен қыз өтер, мата даңқымен бөз өтер" дегендей, осы жолғы сайлау Мелонидің танымалдылығы арқасында оның партиясы өз рейтингін 5 есе арттыра алғанын көрсетті.

Сайлауалды дода барысында күн тәртібіне шығарылған басты мәселелердің бірі – Ресейге қарсы санкциялар және Украинаны қолдау болды. Ультраоңшылдар, оңшылдар Мәскеуге қарсы санкциялар "соғыс өртіне май құяды" деп санайды, Кремльдің талабына құлақ асуды ұсынады, бүкіл Еуропа Ресейге қатысты саясатын қайта қарауға тиіс деп табандады. Италиялық демократиялық басылымдар мен саясаттанушылар олар енді еуропалық санкцияларды тежеп, кедергі жасап, Италияны Путинге тәуелді етеді деп алаңдайды.

Әйткенмен Мелони Еуропалық Одақ, НАТО сияқты халықаралық одақтастармен ынтымақтастық дамытылатынын, Украинаға қолдау көрсетуді жақтайтынын мәлімдеді. Сонымен бірге Ресеймен қарым-қатынаста қаталдық емес, әріптестік ниет білдірген жөн деп санайды.

Ендеше жаңа Үкімет қалыптасқан соң, Италияның Ресейге көзқарасы қалай өзгеретіні әзірге белгісіз. Италия ЕО мүшесі ретінде Батыстың бұл агрессорға қарсы санкцияларын сақтауға міндетті. Бірақ оны лайықты орындамай, саботаж жасауына, сөзбұйдаға салуына өріс бар.

Жаңа Үкімет қазан айының соңында құрылып, іске кіріспек.

Италияның жаңа Үкіметі Украинаға көмектен бас тарта алмауы мүмкін. Себебі Италия халқы ультраоңшылдарды ресейшіл болғаны үшін жақтаған жоқ, елді терең экономикалық дағдарысқа әкелген демократтардан көңілі қалғандықтан соларға дауыс берді.

Мұны Pew Research Center жүргізген зерттеу аңғартады. Ресейге оң көзқарастағы сайлаушылар үлесі Италияда 2020 жылғы 65%-дан 2022 жылы, яғни соғыс кезеңінде 16%-ға дейін құлаған. Мұны билік әрине, ескермей тұра алмайды.

Экономист ғалым Марат Ерғозиннің түсіндіруінше, жеңіске жеткен оңшыл күштер "Италияның мүддесіне сай келсе, экономикасының өсуіне ықпал етсе, кез келген елмен еш кедергісіз сауда жасауды" қоштайды. Олай болса, бұл елдің билігінің ауысуы Қазақстанмен арадағы сауда-саттыққа кедергі келтірмеуге тиіс.

Ал Италия қазақ мұнайы мен астығын тұтынатын Еуропадағы басты серіктестеріміздің бірі. 2022 жылғы жартыжылдықта Қазақстан Италияға 7,5 млрд доллардың тауарын сата алды. Экспортымыз 2021 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда, бірден 2,1 еседен астамға өсті. Яғни Ресейге қарсы санкциялар оң ықпал еткен. Италияға экспортымыздың басым бөлігін ($7,2 млрд) мұнай құрайды. Бұл ел бізден сондай-ақ ферроқорытпа (88,2 млн доллар, экспорты былтырғы ұқсас кезеңдегіден 2,4 есе өсті), алюминий (84,3 млн, 11 есе), бидай (62 млн, 4,2 есе), мыс (51 млн), мырыш (30 млн) сатып алады.

Бұл елден 425,8 млн доллардың тауарын ғана тасимыз. Импорт 7,9% ұлғайды. Олардан бізге дәрі-дәрмек, қара металдан, никелден жасалған бұйымдар, киім-кешек, иіссулар, қозғалтқыштар және түрлі жабдықтар әкелінеді.  

Олай болса, Италия билігінің шыңына кімнің келгені Италия жұртының  ішкі ісі болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу