Израиль Газамен бітімге дайындалуда

2557

Бұл дайындық екіге жарылған, дағдарған Израиль қоғамындағы алауыздық құрдымын тіптен тереңдетті. 

Израиль Газамен бітімге дайындалуда Фото: РБК

Израильде "Әйелдердің қарсылығы күні" өтіп жатыр. Кешелі бері бұл елдің қалаларында жас келіншектер мен ересек әйелдер маңызды трассаларды жауып, Газада қамауда отырған кепілдерді қайтаруды және соғысты доғаруды талап етті. Олардың қатарында кепілдердің туыстары ғана емес, Газа секторындағы соғыста қырылып жатқан жауынгерлердің жарлары және аналары да бар.

Мысалы, осы аптада хамастықтардың шабуылы кезінде бірден 21 израильдік солдат қаза тапты. Былтырғы қазаннан бері Израиль тарапынан мерт болған әскерилердің саны 600-ге жуықтады.  

Израиль өзінің жаңа астанасы санайтын Иерусалимде нәзік болмыс иелерінің наразылық акциялары сәрсенбінің таңында басталды. "Синема-Сити" даңғылын жауып тастаған әйелдер биліктен кепілдерді босатуға арналған мәмілені бекітуді талап етті. Бұған қоса, наразылық танытушылардың бір бөлігі Жоғарғы сот алдындағы көпірді бұғаттап, "Уақыт бітті, мәміле үстелге қойылсын!" деген үлкен жазу ілді.

"Біз "Әйелдердің қарсылығы күнін" бастадық. Бүкіл ел бойынша әйелдер ХАМАС-пен дәл қазір мәміле бекітуді талап етуде. Егер кепілдеріміз кері оралуы үшін әлемді тоқтату керек болса, біз әлемді тоқтатамыз!", – деді Иерусалимдегі демонстрациялардың бірін ұйымдастырушы Галит Раз-Дрор ханым. Бұл елде "әлемді тоқтату" дегені қазақтың "тау қопаруына" ұқсас ұғымды білдіреді екен.  

Ұқсас шерулер әлемнің өзге де елдерінде, соның ішінде Нью-Йоркте өтті.

Наразылық шаралары қоғамның кекшіл, соғысқұмар бөлігінің ашуын туғызды. Мысалы, "Ликуд" партиясының депутаты Тали Готлиб кепілдегілердің отбасыларын "ХАМАС қолындағы қаруға" теңеді.

Тали Готлиб сәрсенбі күні Газада содырлар ұстап отырған израилдіктердің отбасыларына кнессеттен (парламенттен) үндеу жолдады. Бірақ оларды жұбатып, көңілін демеуге тырыспады. Керісінше, сөгіп, қорлауға асықты.

"Сендердің саяси белсенділіктерің және мәмілеге көндіруге тырысуларың – ХАМАС қолындағы қару қызметін атқарады. Мен сендердің Израиль мемлекеті мен қоғамы алдындағы жауапсыздықтарың туралы ашық айтқым келеді. Кнессет кепілдегілердің отбасыларынан үнін өшіруін талап етуге тиіс. Бізде үстелге қоятын ешқандай мәміле жоқ. "Мәмілеге жақындап қалдық" деген айғайдың бәрі бос дабыра", – деді Готлиб ханым.

Кепілдегілердің ағайындарының және соғысты қолдамайтын тұрғындардың билікке наразылығының өршуіне және кешелі көшеге шығуына тұтқыннан босатылған израилдіктердің кнессетте сөз сөйлеуі түрткі болды: олар кепілде ұсталғандардың қандай азап шегіп жатқанын егжей-тегжейлі баяндап, әйелдердің зорланып жатқанын хабарлады. Осыдан кейін үкімет кепілдерді қарсы алудың жеке бағдарламасын дайындай бастады.

"Израиль және ХАМАС арасындағы келіссөздер әзірге жалғасуда, кепіл алмасу мәмілесі бекітіле қойған жоқ. Бірақ Израиль тұтқында зорлануы мүмкін кепіл әйелдерді қабылдауға қазірден әзірленіп жатыр. Бұл мақсатта Денсаулық сақтау, Әлеуметтік қамсыздандыру министрліктері ЦАХАЛ-мен бірлесіп, арнайы бағдарламаны даярлауда. Бағдарламада ұрланған әйелдердің кейбірі зорлану нәтижесінде жүкті болып қалуы мүмкін екендігі ескеріледі. Былтырғы қазан айынан бері кепілде отырған әйелдер жүктіліктің ерте немесе тіпті кеш кезеңдерінде оралуы мүмкін. Олар қаржылық, медициналық, психологиялық – кез келген жағдайда қажет болуы мүмкін кез келген көмекпен қамтамасыз етіледі", – деп жазады израильдік Walla басылымы.

Баланы қалдыра ма, әлде түсік жасатып, алдырып тастай ма, мұны әйелдердің өзі шешетіні хабарланды. Зорлық көрген кепілдерді Холон қаласындағы "Вольфсон" ауруханасы қабылдауға дайындалып жатыр. Ананың және ұрықтың жағдайы сол ауруханада тексеріліп, жүктілерге тиісті көмек көрсетіледі.

Израильдік ақпарат құралдары бұл елде аборт жасатуға рұқсат етілмейтінін еске салды. Израиль заңы бойынша жүктілігін жасанды үзгісі келетін кез келген әйел арнайы комиссия алдында соның қажеттілігін дәлелдеуі керек. Сондықтан шенеуніктер кепілде болғандарды бұл азапты рәсімнен босатудың мүмкіндіктерін қарастыруда.

Сондай-ақ жыныстық және басқа зорлық-зомбылықтан зардап шеккен кепілдерге психиатриялық емделу мүмкіндігі ұсынылатын болды. Бұдан бас тартқандармен әлеуметтік жұмысшылар айналысады: телефонмен байланыста болып, үнемі хал-жағдайын біліп тұруы шарт.

Сейсенбіде кнессеттегі тыңдауда сөз сөйлеген, "Нова" фестиваліне шапқыншылық кезінде ХАМАС тұтқынына түсіп оралған төрт әйелдің бірі Хен Альмог Гольдштейн ханым кепілде отырған әйелдердің біразы, соның ішінде кішкене қыз бала жүкті болуы мүмкін екенін баяндады. Бұл әңгімелердің бәрін телеарналардан тыңдап, баспасөзден танысқан Израиль жұртшылығы соғыстан да, биліктің ісінен де түңілді: әрнені сылтауратып, кепіл алмасуды тыйғаны үшін айыптады.

Кейінгі хабарламалар бойынша Израиль де, ХАМАС та израилдік кепілдерді палестиналық сотталғандарға айырбастауға принципті түрде келісіп отыр. Бірақ тараптар келісімнің, соның ішінде атысты тоқтату шарттарының нақты жай-жапсарына қатысты ымыраласа алмауда.

Axios басылымы анонимді екі израилдік шенеунікке сілтеме жасап, Израильдің ХАМАС-қа 2 айлық бітімді және осы мерзімге әскери іс-қимылдарды тоқтата тұруды ұсынғанын жариялады. Бұл үшін палестиналық радикалды топ қалған барлық 136 кепілді босатуға тиіс.

Екі тарап арасындағы келіссөздер тікелей емес, Қатардың және Мысырдың (Египет) араағайындығы арқылы жүргізілуде.

The Times of Israel газеті америкалық шенеунікпен тілдесе келе, АҚШ президенті Байденнің әкімшілігі Израильді бітімге иліктіруге тырысып жатқанына назар аудартты. Нәтижесінде, Американың Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка бойынша үйлестірушісі Бретт Макгурк өңірге келіп, қатарлық және мысырлық әріптестерімен ақылдасуға кіріскелі, Израильдің бұрынғы соғысқұмар саясатын бітімшіл ұстаным ығыстыра бастады.   

The Wall Street Journal газеті хабарлағандай, Америка Құрама Штаттары Мысырмен және Қатармен бірігіп, "реттеудің жалпыны қамтитын жоспарын" қабылдауға Израильді және ХАМАС-ты көндіруге тырысуда. Бұл құжат соғысқа "нүкте қоюды", кепілдердің бәрін босатуды, соның нәтижесінде болашақта Израильдің бүкіл көршілерімен қарым-қатынасының жақсаруын және тәуелсіз Палестина мемлекетінің құрылуын қарастырады.

ХАМАС былтыр айтқан, барлық кепілді тегіс босату ниетінен былтыр бас тартқаны белгілі. Сондықтан бұл жолы Израиль соған табандай беруін қойып, кепілдерді кезең-кезеңмен бостандыққа шығаруды ұсынды. Алдымен балалар, әйелдер, жасы 60-тан асқан ерлер және ауыр халдегі аурулар еркіндікке жіберілуі керек. Кейіндері әскери қызметші саналатын әйелдер, жасы 60-қа толмаған, бірақ жауынгер емес, бейбіт халық болып есептелетін ерлер, содан соң ғана еркек солдаттар босатылуы қажет. Ақыр соңында кепілдердің мәйіттерін алу жоспарланған.

ХАМАС неге қол жеткізбек? Израиль түрмелерінде отырған палестиналықтарды бостандыққа жіберуге тиіс. Олардың саны келіссөздер қорытындысында анықталады.

Келісім Израилдің қорғаныс армиясын (ЦАХАЛ) Газаның негізгі елді мекендерінен шығарып әкетуді қарастырады. Бұған қоса, палестиналықтарға бастапқы кезеңде – Газа қаласына, артынан, келісімнің орындалуына қарай ЦАХАЛ оккупациялаған Газа секторының солтүстігіне де кері қайтуға мүмкіндік берілуі керек.

Израиль соғысты толық тоқтатуға, абақтыларында отырған алты мыңнан астам палестиналықтардың бәрін босатуға келіспейтінін бірден білдірді. Олардың арасында лаңкестік, аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандары жетерлік. Бірақ израилдік шенеуніктер "қамаудағылардың елеулі бөлігін" еркіндікке шығаруға дайын екендерін жеткізген.

Дегенмен, биліктің бұл жұмсақтығы әскерилерге жақпады. Генералдар "ХАМАС қаупін" түпкілікті жою үшін Газа секторын толық оккупациялауды, ондағы 2 миллион палестиналықты Мысыр және басқа араб елдеріне күштеп көшіруді, Газадағы қалалар мен елді мекендерді сүріп тастап, орнына жаңа қалалар салуды көксейді.

Салдарынан, Израиль премьері Бениамин Нетанияху мен Израильдің қорғаныс министрі Йоав Галант арасындағы араздық күшейіп барады. Жергілікті басылымдар олардың қатынасын "жаулық көзқарас, қастастық" деп сипаттай бастады.

"Бұл оқиғадағы ендігі ең үрейлісі – Нетанияху мен Галанттың өзара қарым-қатынастары. Өткен аптада Газа секторында ЦАХАЛ соғыстан жекелеген операциялар жүргізуге көшті, ал Галант пен Нетанияху керісінше, бір-біріне қарсы жекелеген операциялар жүргізуден өзара соғысқа ауысты. Бұл соғыстың өрті бір жылдай бұрын, биліктің "сот революциясы" кезінде тұтанып еді. 2023 жылғы 25 наурызда Галант ел алдында сөз сөйлеп, бүкіл елге қауіп төндіретін жаңа сот реформасын тоқтатуды талап еткен болатын. Содан бері Нетанияху Галантты ақылға сыймас сылтаумен бір рет отставкаға да жіберіп алды. Сонда Галант пен Нетанияхудың қатынасының ушығуы шырқау шегіне жеткендей көрінген. Бірақ енді нағыз соғыс басталды және бұрынғыдан да нашарлады", – деді израилдік сарапшы Бен Каспит.

Мұнда "соғыс" дегені жай әсірелеу үшін айтылған қыздыртпа сөз емес. Галант таяуда Нетанияхудың канцеляриясына басып кіруге талаптанған. Куәгерлердің баяндауынша, оның соңы қос тараптың күзеті мен кеңесшілері қатысқан жаппай төбелес пен жұдырықтасуға жете жаздады. Оқиға барысында қабағынан қар жауып, түсінен ызғар ескен қорғаныс министрі Галант стратегиялық жоспарлау министрі Рон Дермерге: "келесі жолы билікте тәртіп орнату үшін өзімен бірге арнайы мақсаттағы "Голани" бригадасын ала келетінін" мәлімдеген.

Израиль халқының үлкен бір бөлігі биліктегі алауыздықтан да, Газадағы қанқасап қырғыннан да шаршады. Кеше, 24 қаңтарда жарияланған әлеуметтік сауалнама көрсеткендей, Израилдегі еврей қауымдастықтарының басым бөлігі соғысты ХАМАС шартымен тоқтатуға қарсы. Ал араб қауымдастықтарының 78,5%-ы мәмілені толық құптайды.

Сонымен бірге, соғыстың бастапқы апталарымен салыстырғанда, ол туралы жаңалықтарды қарап, оқуға қызықпайтын израилдіктердің қатары 58 пайызға жеткен. Бұл да Израильдің Газадағы соғысты доғаратын кезі жеткенін паш етсе керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу