Израиль шабуылынан титықтаған Газа халқы тағы бір қауіпке душар болды

3919

Бомбаланған аумақтарды құтырған иттер қаптады.

Израиль шабуылынан титықтаған Газа халқы тағы бір қауіпке душар болды Фото: nbcnews.com

Израиль басылымдары мен блогерлер шулап жатыр. Себебі Назаретте құтырудан 77 жастағы қойшы өлген. Өзінің иті қауып алған шопанды әлемде озық дейтін Израиль дәрігерлері де құтқара алмапты.

"Құрметті тұрғындар! Қойшының өлімі Израильде құтыруға қатысты жағдайдың күрделі екенін кезекті рет еске салады. Газа секторындағы соғысқа байланысты жағдайдың ушыққанын түсінетін боларсыздар. Бұған бей-жай қарамаңыздар. Ит тістеген жерді әйтеуір бір қол тигенде, кейін емес, дереу және ұзақ, сабынмен жуыңыздар! Содан соң шұғыл түрде ауруханаға жүгініп, екпе салғызыңыздар! Уақытты жіберіп алсаңыздар, бұл – жазылмайтын, емі жоқ ауру. Тек алғашқы кезде салынған вакцина ғана тойтара алады", – деп қайрылды "Цахал" офицері, әскери сарапшы Григорий Тамар.  

Белгілі болғанындай, шопанды иті бір айдай бұрын қапқан.Ол медициналық көмекке бірнеше апта кешігіп жүгінген. Сол кезде дерті меңдеп, аурудың нышандары белгі бере бастаған. 

Израильдің Денсаулық сақтау министрлігі құзырлы органдармен бірлесіп, өңірде эпидемиологиялық зерттеу-тексеру жұмыстарына кірісті. Оның барысында сырқаттың сол ай ішінде тағы кімдермен байланысқа түскені анықталады, құтырған иттер ізделеді.

Вирус жұқтырған иттің өзі өліпті, оның өлексесі ветеринарлық институтқа сараптамаға жіберілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі өлкедегі барлық үй жануарларын вакцинациялап, бақылауға алуды жоспарлауда.

"Құтыру – емделмейтін ауру! Ендеше үй жануарларын вакцинациялау өмірлік маңызды іс. Жануарлар тістеп алғанда салынған вакцина өмірді сақтап қалуға көмектесуі мүмкін", – деп халыққа үндеу жариялады "А-Эмек" жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, доктор Бибиана Хазан.

Бұл жерде израильдік әскери сарапшының Газа секторын ауызға алуы бір қарағанда түсініксіз, орынсыз көрінуі мүмкін.

Израильдің Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылғы ақпан айынан бастап, Газа секторынан құтырған иттер Израильге еніп кетіп, қаптай бастағанын ескертті.

"Соғыс барысында Газаның бүкіл периметрі бойынша қабырғалар қирап, толыққанды қоршаулар қалмауы кесірінен "жасыл желі" аумағына сектордан мыңдаған бұралқы иттер кіріп жатыр. Мысалы, Негевтің батыс бөлігіне бас сауғалаған иттер популяциясының саны 5 мыңға жеткен. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Денсаумині мұндай жануарларды "әлеуетті қауіпті" деп санайды. Олар құтыру, эхинококк, лейшманиоз, қышыма сияқты вирустарды, бактерияларды және паразиттерді таратуы мүмкін. Министрліктер жұртшылықты Палестина автономиясынан, Газадан және солтүстік шекаралардан иттер мен мысықтарды алмауды сұрады", – деп хабарлады Израильдің "9tv" телеарнасы.

Телеарна бұл үндеу бірінші кезекте әскерилерге бағытталған деп санайды. Өйткені Израиль әскері өзіне рухани-психологиялық демесін болуы үшін иесіз қалған жергілікті үй жануарларына қамқорлық көрсеткен болуы мүмкін. Соларды сипалап, құшақтап, өзі де мейірімге бөленгісі келеді, алдымен әскери бөлімге, кейін үйіне алып кетеді.

Израиль билігі қаптаған қаңғыбас иттер мен мысықтар таралуы мүмкін шекаралас өңірлердің тұрғындарына арнап, жеке ескертпе шығарды. Егер олар шынымен палестиналықтардың қараусыз қалған жануарларына қожайын болғысы келсе, оларды даладан емес, "муниципалдық паналардан, жануарларға көмек қауымдастықтарынан алғаны" жөн.

Осылайша, "олардың торларында азап шеккен және болашақта өлтірілуі мүмкін иттерді, мысықтарды құтқара алады, әрі паналарда орынды босатуға көмектеседі". Реттелетін паналар мен қоғамдастықтарда жануарлар кешенді медтексеруден өтетіні, ауруларға қарсы вакцинацияланатыны еске салынды.

Ақпарат құралдары соғыс жалғасып жатқан Газа секторынан Израиль аумағына босыған мыңдаған иттердің тағыланып, топтасқаны, жабайы және үй жануарларына шабуылдайтыны, ұсақ мал түгіл, сиырларға дейін талап кететіні туралы көп жазды. Ит үйірлерінің адамдарға тап беруі оқиғалары да сирек емес екен. Сол себепті, қоғам оларды жаппай аулауға кірісуді және бәрін атып тастауды талап етуде.  

Жануарларды қорғаушылар ең құрығанда, олардың әрбір онының төртеуіне ие тауып беруге көмектесуді ұсынады.

"Проблема біз ойлағаннан ауқымды болып шықты. Газа секторында ашыққан жануарлар бір жыл ішінде жабайыланып үлгерді және олардың саны өте көп. Олардың топтары еврейлік кибуцтардың айналасында босып жүр, тіпті қалаларға еніп кетуде. Бір бөлігі сектордан өз бетінше келді, қалғанын солдаттар алып келген. Бұралқы иттер Газаның емес, енді біздің проблемамыз. Өйткені олар біздің территорияда өріп жүр. Еркіндікте олар әлдеқайда белсенді күшіктейді. Бізге варварлық шешім ұсынылып отыр: Газаның иттері – нағыз жыртқыштар, қолға қайта үйретуге жатпайды, тегіс атып тастайық дейді. Бірақ арасында адамнан жанашырлық іздеген мейірімдісі жетерлік. Оларға жаңа үй тауып беруіміз қажет", – деді "Кирот шкуфим" (Мөлдір қабырғалар) жануарларды қорғау амутының негізін қалаушы Рои Шафраник.

Онымен салғыласқан өзге белсенділер: "Бүгінде басқа проблемалар да жетеді, Газаның жануарларын да атуды бастайық!" дейді.

Израильдік "ХаАрец" басылымы Израиль "Газа секторының солтүстігін халықтан тазартуға әзірленіп жатқанын" хабарлады. Яғни, ол үлкен аумақты тегіс иесіз далаға айналдырмақ.

Олардың жазуынша, бұл ауданда басталған операцияның мақсаттарына қол жеткізілгенімен, Израильдің саяси басшылығының қысымымен әскерилер Газаның солтүстігіндегі Джебалия тұрғындарының өз үйлеріне оралуына тосқауыл қойды.

"Ауданда израильдік әскерилер қалуда. Армияның талап етуімен бұл аумақтан 50 мыңдай тұрғын уақытша көшірілген болатын, оларға кері қайтуына енді рұқсат етілмеуі мүмкін. Армияның мойындауынша, осы арқылы отставкадағы генерал-майор Гиора Айленд бастамашы болған "Генералдар жоспары" жүзеге асырылып жатыр. Жоспар Газаның солтүстігіндегі халықты тұрақты түрде және қуатты қысым көрсету арқылы оларды Газаның оңтүстігіне түпкілікті қоныс аударуға мәжбүрлеуді қарастырады. Аталған жоспарға сәйкес, Газа секторының солтүстік бөлігінде қалуға ұйғарғандардың бәрі "ХАМАС содыры" деп саналады, тиісінше, заңды әскери нысанаға айналады", – деп жариялады израильдік Haaretz басылымы.

Оның мәліметінше, бұл жоспар Газаның солтүстігіне гуманитарлық көмек жеткізуді бұғаттап тастағандықтан, халықаралық құқықты да бұзып отыр. Қазіргі кезде Цахалдың (Израильдің қорғаныс армиясының) оккупациялық күштері Газа аймағында "демилитаризацияланған буферлік аймақтарды" құруға кірісті.

Израиль шекарасына жақын орын тепкен, аумағында ірі босқындар лагері болған Джебалияда екі жүз мыңға жуық тұрғын болған. Одан күштеп кетірілген тұрғындардың басым көпшілігі Цахал жасаған Нецарим дәлізі арқылы Газаның аулақтағы оңтүстік бөлігіне кетуден бас тартты. Оның орнына олар 4 шақырымдай қашықтықтағы Газа қаласына қоныс аударды және сонда басқыншылардың кетуін күтіп отыр.

Израильдік журналист Янив Кубовичтің айтуынша, тұрғындардың солтүстікке, Джебалия мен Бейт-Лахияға қозғалысын армия тоқтатты. Ал, Газаның оңтүстігіне қарай кетушілерге керісінше, қозғалыс еркіндігін ұсынады. Бұл Израильдің Газа секторының өзімен шекаралас солтүстігін адам тұрмайтын құла түзге айналдыруды бастағанын көрсетеді.  

Израильдік ақпарат құралдары Цахалдың "Камаль Адван" ауруханасын шабуылдап, онда палестиналық Хамас қарулы тобының жаңа қолбасшылығын жойғанын жазды. Бұл аумақтағы операциялар барысында Хамастың 600-дей мүшесі ұсталды. Арасында осы ұйымның "Нухба" арнайы мақсаттағы жасағының жауынгерлерінің бары айтылды.

"Бірнеше ай бұрын әскерилер Хамастың әскери ұйым ретінде жойылғанын мәлімдеген болатын. Алайда Джебалия ауданынан қазіргі шабуыл – былтыр Газадағы соғыс басталғалы осымен үшінші шабуыл. Жабық талқылау кезінде қорғаныс министрлігінің биік лауазымды өкілдері Хамастың әскери күшін біршама қалпына келтіре алғанын және бұл факт Израиль армиясының жетістігі азайғанын куәландыратынын мәлімдеді. Армия басшылығы солдаттар, әсіресе резервистер арасында Газадағы әскери іс-қимылдарды қолдаудың төмендегеніне алаңдаулы. Майдан даласындағы командирлердің хабарлауынша, егер соғыс ұзаса, оның мақсаттары өзгере берсе, онда көптеген резервист әскери қызметті жалғастырудан бас тартады", – деп мәлім етті "ХаАрец".

Ол жауынгерлер мен жұртшылық арасында соғысты қолдаудың құлдырауына "қаза тапқан құрбандар санының өсуі" түрткі болғанын нұсқады.

Израиль өзінің барлық әскери адам шығынын ашық жарияламайды, ақпарат құралдарына тек жекелеген оқиғалар және қазалар туралы жазуға рұқсат етеді. Соның өзінде тек қазан айында Ливан және Газада израильдік 59 солдат жан тапсырғаны жария болды.

Израильде 9,5 миллиондай ғана халық бар, сондықтан Газа секторы, Ливан, Йемен, Иран сияқты бірнеше елмен бір мезгілде соғыс жүргізуге ер-азамат жетпеуде. Ел билігі жаппай әскерге шақырту туралы жаңа заң қабылдатпақ болған.

Халқының шамамен 14%-ын құрайтын ультраортодокс-еврейлер бұған қарсы шықты. "Осы жерде өлеміз, бірақ армияға бармаймыз!" деп олар военкоматтар алдында шерулер өткізді. Ақыр соңында биліктің заң жобасын кейінге қалдырғаны белгілі болды.

Оның орнына репрессивтік шаралар қолданылады. Үкіметтің заңгерлік кеңесшісі Гали Бахарав-Миара ересектері әскери қызметін өтемеген ультраортодокс отбасылардың балалары баратын балабақшаларды қаржыландыру, субсидиялау тоқтатылатынын мәлімдеді.

Израильдік Walla жазуынша, әр балаға айына 1400-ден 1700 шекельге (шамамен 222 мың теңгеге) дейін төленеді. Егер оларға балабақшаның толық құнын – 2700 шекель төлеуге тура келсе, бұл отбасылар банкрот болуы мүмкін. Ал, шетсіз-шексіз созылып кеткен соғыс кем дегенде тағы екі дивизияны шұғыл аттандыруды талап етуде екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу