Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыс салдарынан мұнай бағасы қымбаттап кетуі мүмкін, деп жазды Bloomberg басылымы.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, баға бірден өспейді, өйткені "қара алтын" тасымалы әзірге шектелмейді. Дегенмен, басты фактор – бұл қақтығыстағы ірі мұнай өндіруші және "Хамас" тобының "қолдаушысы" деп саналатын Иранның ұстанымы.
Сондықтан Израильдің Иранға соққы беру қаупі трейдерлердің үрейін күшейте түсті.
Себебі бұл елден әлемдегі сұйытылған табиғи газдың үштен бірі және жалпы дүниежүзілік "қара алтынның" шамамен 25 %-ы тасымалданатын стратегиялық нысан – Ормуз бұғазы өтеді. Ал осы уақытқа дейін ресми Тегеран тасымалды шектеу туралы бірнеше рет ескерткен.
Бұған қоса, АҚШ Иран мұнайына қарсы жаңа санкциялар енгізуі де мүмкін. Мұның барлығы нарықты айналып өтпесі анық.
Халықаралық сарапшылар болжамы қандай? Bloomberg сарапшысы Боб Макналлидің айтуынша, егер қақтығыс Иран аумағына ойысса "мұнай сценарийі" болуы мүмкін. Маман әзірге бұл екіталай деп есептейді.
Дегенмен, ОПЕК+ квоталарына байланысты жеткізілім қысқарған кезде шиеленіс күшейе түсті. Өткен айда Brent 100 долларға жуық қымбаттады. Трейдер Пьер Андуранд қысқа мерзімде қақтығыстың нарыққа әсер етуі екіталай деп санайды, бірақ уақыт өте келе ол бағаға әсер етіп, өсуіне себеп болуы мүмкін.
Бұл тұста inbusiness.kz тілшісі "Байділдинов. Мұнай" авторлық бағдарламасының жүргізушісі, шолушы Олжас Байділдиновтың пікірін білді.
"Таяу Шығыстағы Иранға және әлемдік нарықтарға мұнай тасымалданатын Ормуз бұғазын жабуға байланысты шиеленістің бір сценарийін былтыр көрдік. Ол кезде танкер жарылып, оның нарыққа әсері болды. Жағдай кез келген сәтте осылай өрбуі мүмкін, мұндай сценарий сақталады", – деген сарапшы бұл ешбір тарапқа тиімді болмайтынын айтады.
"Ал егер жағдай қайталанса оның әсері қысқа мерзімді болады. Бұл ретте трейдерлер мен инвестициялық банктердің үрейі күшейді",– дейді маман.
Расымен, Таяу Шығыстағы жағдайдан соң биржада "қара алтын" бағасы бірден қымбаттай бастады.
"Әлемде Иран "Хамастың" шабуылына көмектесті деген пікір бар. Бұл алдағы уақытта Иранға қарсы санкциялар күшейе түседі деген сөз. Аталған ел 20 жылдан астам уақыт санкциялар шеңберінен шыға алмай келеді. Алғашқы шектеулер 70-ші жылдары енгізілді. Соған қарамастан Иранның мұнай саласы жұмысын жалғастырып келеді. Олар Үндістан, Қытайға шикізат тасымалдайды", – деп атап өтті Олжас Байділдинов.
Оның пайымынша, қалай болғанда да Иранда санкция қысымының салдарынан "қара алтын" өндірісі төмендеді. Бұл елдің нарықтағы орнын басқа елдер ала бастады.
"Ал қазіргі жағдай Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктеріне тиімді. Себебі Иранның нарықтағы үлесін осы елдер алуы мүмкін. Сондықтан жағдай күрделі, бірақ ол нарыққа бірден ықпал ете қоймайды деп есептеймін", – деп қорытындылады сарапшы.
Еске сала кетсек, 7 қазанда "Хамас" Израиль аумағына шабуыл жасады. Израиль "соғыс" режимін жариялап, Газа секторындағы нысандарға соққы жасай бастады.
The Wall Street Journal Иранның барлау қызметтері содырларға көмек көрсеткенін жазды. Тегеран бұл шабуылға қатысы барын жоққа шығарады, бірақ "Хамасқа" қолдау білдірді.
Commerzbank сарапшысы Карстен Фрич Иранның тамыз айында тәулігіне 3,1 млн баррель мұнай өндіргенін айтады.
Бұл АҚШ президенті Дональд Трамп тұсында республиканың мұнай секторына санкцияларды қайта енгізген 2018 жылдың күзінен бергі ең жоғары көрсеткіш. Оның экспорты шамамен 2 млн баррельге бағаланады.