Израильді кімдер қаруландырып отыр және ол не үшін тоқтай бастады?

1268

Премьер-Министр Биньямин Нетаньяху сырттан әскери көмек доғарылса, жауынгерлерінің "тырнағымен" соғысатынын ескертті.

Израильді кімдер қаруландырып отыр және ол не үшін тоқтай бастады? Фото: reuters.com

Америка Құрама Штаттары Израильге қару-жарақ жөнелтуді тоқтатты. Сол арсеналдың ішінде ауыр бункерлерді жарып жіберетін бомбалар бар.

Айта кетсек, Израиль күштері Газада Хамас содырларына қарсы соғысты жеті ай бұрын бастады. Содан бері 35 мыңға жуық палестиналық қаза тапқан.

АҚШ Президенті Джо Байден бұл шешімді Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяху Вашингтонның қарсылығына қарамастан Газадағы Рафах қаласына әскери шабуыл жасауға бекінгеннен кейін қабылдап отыр. Рафахта 1 миллиондай адам босып жүр және сол тұрғындарға Израиль армиясының әрекеттерінен қауіп төнуі мүмкін.

АҚШ – Таяу Шығыстағы ең жақын одақтасы Израиль үшін ең ірі қару-жарақ жеткізуші. Одан кейінгі орында Германия тұр. Германия Холокост үшін айыбын өтеу мақсатында Израильді қатты қолдап келеді. Үшінші сатыда – Италия.

Екі ел, Канада мен Нидерланды, Израильге қару-жарақ жөнелтуді Газада бейбіт тұрғындардың қазасына және тұрғын үйлердің қирауына байланысты доғарды.

Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяху болса, сырттан әскери көмек доғарылса, жауынгерлерінің "тырнағымен" соғысатынын ескертіп отыр.

АҚШ

АҚШ үкіметінің мәліметінше, Израильге тоқтатылған қару-жарақ жеткізілімі құрамында 3 мыңнан астам бомба бар. Олардың жартысынан астамының салмағы 907 келі тартады.

Бұл снарядтар Рафахта халық тығыз қоныстанған жерлерде қолданылуы мүмкін. Сондықтан, Вашингтон оларды Израильге бермеуді жөн деп тапқан.

2016 жылы АҚШ пен Израиль 2018-2028 жылдар аралығын қамтитын үшінші өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Онда 38 миллиард доллар әскери көмек, 33 миллиард долларға әскери техника сатып алуға грант беру және 5 миллиард долларға зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін алу қарастырылған.

Стокгольмдегі халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты (SIPRI) наурызда таратқан мәліметке сәйкес, Израиль 2019-2023 жылдары АҚШ-тан осы әскери көмектің 69 пайызын алған екен.

Израиль – АҚШ-тың F-35 ұшағын қолданып отырған алғашқы шетелдік мемлекет. Бұл әуе техникасы технологиялық тұрғыдан әлемдегі ең озық жойғыш ұшақ саналады. Израиль – қазір F-35-тің 75 данасын сатып алу процесінде. Өткен жылғы жағдай бойынша, еврей мемлекеті осы ұшақтардың 36-сын АҚШ-тың көмегімен сатып алып қойған.

Сонымен қатар, АҚШ 2006 жылы Израль мен Ливандағы "Хезболла" қозғалысы арасындағы соғыстан кейін Израильге жақын қашықтыққа арналған "Темір күмбез" зымыранға қарсы жүйесін жасақтауға және қаруландыруға жәрдемдесті. АҚШ осы жүйенің ұстаушы ракеталарының запасын толықтырып отыру мақсатында Израильге жүздеген миллион доллар бөлген.

Бұдан бөлек, АҚШ Израильдің 100-200 шақырым қашықтықтан жіберілген зымыранды құлатуға арналған "Давид жебесі" жүйесін қаржыландыруға көмектескен белгілі.

Бірақ АҚШ Сенатының Халықаралық қатынастар комитетінің негізгі республикалық өкілі Джим Риштің сөзінше, Байденнің қарсылығына қарамастан, Израильге осыған дейін жасалған келісім бойынша миллиардаған доллардың қаруы жіберілейін деп жатыр. Сол пакетке оқ-дәрілер, брондалған машиналар, танк снарядтары кіреді.

ГЕРМАНИЯ

2022 жылмен салыстырғанда, Германияның Израильге қорғаныс өнімдерін экспорттауға мақұлдама беруі 2023 жылы 10 есеге, яғни, 326,5 миллион еуроға дейін өсіпті. Себебі Берлин өткен жылы қазанның 7-де Хамас содырлары Израиьге шабуыл жасағаннан кейін Израиьге қару жіберуді басымдықтардың бірі деп қарастырған. Дегенмен, жыл басынан бері Израильдің Газадағы соғысына халықаралық сын күшейгендіктен, Германия Израильге қару экспортын айтарлықтай қысқартты.

Мәселен, сәуірдің 10-да неміс үкіметінің Экономика министрлігін солшыл депутататтардың бірінің сауалына жауап бере отырып, дәл қазір Израильне небәрі 32 мың еуроның арсеналын жіберуге рұқсат етілгенін мәлімдеді.

Немістің dpa агенттігінің дерегінше, Германия Израильге ең алдымен ПВО жүйесі мен байланыс құралдарына қажетті қосалқы бөлшектер жібереді.

Бұған қоса, Германиядан экспортталған қарулардың ішінде 3000 портативті танкке қарсы қару мен автоматты немесе жартылай автоматты атыс қаруына арналған 500 000 патрон болған. Dpa-ның өзге бір мәліметінше, экспорттық лицензиялардың көпшілігі жерүсті көліктері мен қаруды әзірлеу, құрастыру, техникалық қызмет көрсету және жөндеу технологиясына беріліп отыр. SIPRI зерттеуіне жүгінсек, Германия 2019-2023 жылдары Израильге берілген әскери көмектің 30%-ға жуығын қамтамасыз етіпті.

ИТАЛИЯ

Мамырдың 9-да Италия Сыртқы істер министрлігіндегі дереккөз растағандай, Газада соғыс басталғаннан кейін Рим Израильге қару экспорттауға рұқсат беруді тоқтатқан.

"Бәрі тоқтады, соңғы тапсырыс қарашайы айында орындалды", – деген аталған дереккөз Reuters агенттігіне берген сұхбатында.

Италия заңы бойынша, соғыс жүргізіп, халықаралық адам құқығын бұзды деп саналған елдерге қару экпорттауға тыйым салынуы керек.

Дегенмен, Италия Сыртқы істер министрі Гвидо Крозетто наурыз айында мәлімдегендей, Италия бұрын қол қойылған тапсырыс бойынша Израильге қару жіберуді жалғастырып жатыр және сол қару Газаның бейбіт халқына қарсы қолданылмайтынына кепілдік бар.

Reuters-дің өзге бір ақпаратына жүгінсек, Италия Израильге 2023 жылы 1,3 миллион еуроның қаруын жіберіпті. Бұл – 2022 жылдың наурызындағы көрсеткіштен үш есеге жоғары.

SIPRI есебіне сәйкес, тікұшақтар мен әскери-теңіз артиллериясын қоса алғанда, Италия 2019-2023 жылдары Израильге шетелден барған әскери көмектің шамамен 1%-ын қамтамасыз еткен.

БРИТАНИЯ

Ұлыбритания Израильге ірі қару жеткізушілердің бірі емес. АҚШ-тан айырмашылығы сол, Біріккен Корольдік үкіметі Израильге тікелей қару бермейді. Керісінше, ол компанияларға F-35 ұшақтарына қажетті компоненттерді сатуға лицензия ұсынады.

Өткен жылы Ұлыбритания Израильге кемінде 42 миллион фунттың (52,5 миллион доллар) қорғаныс жабдықтарын сатуға экспорттық лицензия берген екен. Бұл рұқсатнамалар оқ-дәрілер, дрондар, атқыш қару оқ-дәрілері, ұшақтар, тікұшақтар және шабуылдаушы винтовкалардың компоненттері тәрізді тауарларды алуға арналған.

Премьер-Министр Риши Сунак бейсенбі күні парламентте сөз сөйлеп, Ұлыбританияда Израильдің гуманитарлық заңға адалдығы туралы кеңестерді мезгіл-мезгіл тексеріп отыратын әлемдегі ең қатаң лицензиялық бақылау режимдерінің бірі әрекет етіп тұрғанын атап өтті. Алайда, Газада өлім-жітім көбейіп келе жатқандықтан, британ парламентіндегі кейбір солшыл оппозициялық партиялар осы экспорттық лицензияларды қайтарып алуға шақырып отыр.

КАНАДА

Канада үкіметі 20 наурызда Израильге қару-жарақ экспортын лицензиялауды 8 қаңтардан бастап тоқтатқанын мәлімдеді.

Бұл тыйым канадалық арсенал гуманитарлық құқыққа сәйкес қолданылатынына кепілдік берілгенше өз күшін жоймақ емес.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, Газа секторында Израильдің бомбалау және жаяу әскер операцияларынан қаза тапқандардың көбі – бейбіт тұрғындар. 

Хамастың қазандағы шабуылдарынан кейін Канада Израильге 21 миллион АҚШ долларына қару сатып алуға лицензия берген. Бұл да – осыған дейінгі жылдардың көсеткіштерінен әлдеқайда көп сома.

НИДЕРЛАНДЫ

Нидерланды үкіметі ел қоймаларынан Израильге F-35 ұшақтарының қосалқы бөлшектер жіберуді тоқтатты. Себебі ақпан айында жергілікті аппеляциялық сот бұл детальдар гуманитарлық құқықты бұзуға қолданылып жатыр деген шешім шығарған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу