Израильге қаталдау, НАТО-ға тұрақты: Харристің сыртқы саясаты қалай?

1124

Вице-президент Байденнің орнын басса, АҚШ-тың Таяу Шығыстағы саясаты аздап өзгеруі мүмкін.

Израильге қаталдау, НАТО-ға тұрақты: Харристің сыртқы саясаты қалай? Фото: Jonathan Ernst / Reuters

Вице-президент Камала Харрис негізінен Джо Байденнің Украина, Қытай және Иран сияқты негізгі мәселелер бойынша сыртқы саясат позициясын ұстанады деген болжам бар. Бірақ ол президент атанса, Газадағы соғыс жөнінде Израильмен қатал сөйлесуі мүмкін.

Байден жексенбіде сайлау бәсекесінен шығып қалып, Харристің кандидатурасын мақұлдады. Харристің еңбек тәжірибесі мол, әлем лидерлерімен байланысы бар және Сенаттағы қызметінде жаһандық істерді меңгеріп, Байденнің оң қолына айналды.

Бірақ республикашыл кандидат Дональд Трамппен бәсекеде оның осал тұсы бар. Байден АҚШ-Мексика шекарасындағы қиын жағдайды реттеуді осы Харриске  тапсырды. Бірақ одан елге заңсыз өтіп жатқан мигранттар азаймай тұр.

Бірқатар жаһандық басымдықтар бойынша, сарапшылардың айтуынша, Харристің президенттігі Байденнің екінші әкімшілігіне ұқсап қалуы ғажап емес.

"Харрис әлдеқайда жігерлі ойыншы болуы мүмкін.  Бірақ одан бір нәрсені күтпеуіміз керек: ол Байденнің сыртқы саясатына дереу пәлендей өзгеріс әкелмейді", - дейді Демократиялық және Республикалық әкімшіліктердің Таяу Шығыстағы бұрынғы келіссөзшісі Аарон Дэвид Миллер Reuters агенттігіне берген сұқбатында.

Мысалы, Харрис Байденнің НАТО-ны берік қолдау позициясынан тайқымайтынын және Ресейге қарсы күресте Украинаны жақтауды жалғастыратынын ашық білдірді. Бұл - Трамптың АҚШ пен НАТО қатынастарын түбегейлі өзгерту туралы уәдесіне және Киевке келешекте қару-жарақ жеткізуге күмән келтіру позициясына қарама-қайшы келетін ұстаным.

ҚЫТАЙ

Мамандығы заңгер және Калифорнияның бұрынғы бас прокуроры Харрис кандидат болса, демократтар ол сыртқы саяси мақсаттарын тиімдірек жүзеге асырады деп үміттенеді.

Байден президенттігінің екінші жартысында елдің бірінші қара нәсілді вице-президенті Харрис Қытай мен Ресейден бастап, Газаға дейінгі мәселелер бойынша өзінің беделін жоғарылатып, көптеген әлемдік лидерлерге таныла білді.

Биыл Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Харрис Ресейді Украинаға басып кіргені үшін  сынға алып, НАТО елдерінің 5-ші бап бойынша бір-біріне қорғаныс мәселесінде көмектесу саясатын "темірдей" құрметтейтініне уәде берді.

Қытайға келсек, Харристың пікірінше, АҚШ бұл мемлекеттің, әсіресе Азиядағы ықпалына қарсы тұруы қажет. Сарапшылардың пікірінше, Харрис Байденнің қажет болған жағдайда, Бейжіңге қарсы позициясын сақтап, сонымен бірге, Қытаймен ынтымақтастасу жолдарын да  іздеуі мүмкін.

Харрис экономикалық серпінді аймақтармен қатынастарды нығайтуға бағытталған бірнеше сапарлар жасады. Соның ішінде Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының (АСЕАН) саммитіне қатысу үшін Джакартаға барып,  Байденнің атынан өкілдік етті. Сол жиында Харрис Қытайда Оңтүстік Қытай теңізіндегі территориялық дауда кішірек көршілерін мәжбүрлеуге тырысты деп айыптады.

Байден, сонымен қатар, одақтастықты нығайту мақсатында Харристі Жапония мен Оңтүстік Кореяға сапарға жіберді.

"Осы сапарларда Харрис Байденнің Үнді-Тынық мұхиты аймағына назар аударуға ынталы екенін көрсетті", - дейді Вашингтонның Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының Оңтүстік-Шығыс Азия бағдарламасының аға қызметкері Мюррей Хиберт.

Дегенмен, бастығы сияқты, Харристің де кейде сөзден сүрінген кездері болды. Харрис 2022 жылдың қыркүйегінде Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы қарусыздандырылған аймаққа барып, Вашингтонның Сеулді қолдайтынын растау кезінде АҚШ-тың "Солтүстік Корея Республикасымен одақтастығы" деп қателесті. Сол сәтте оны көмекшілері дереу түзеткен.

ИЗРАИЛЬ-ХАМАС СОҒЫСЫ

Егер Харрис өз партиясының стандартын ұстанып, Трампты жеңе алса және Газадағы соғыс әрі қарай жалғасатын болса, Израиль-Палестина қақтығысы оның күн тәртібінде басты орын алады.

7 қазанда хамастықтар трансшекаралық шабуыл жасағаннан кейін вице-президент ретінде Харрис Израильдің өзін-өзі қорғау құқығын нық қолдады. Дегенмен, ол Байденді бұл мәселеде жақтаса да, кейде Израильдің әскери әрекеттерін сынауда Байденнен асып түседі.

Наурызда Харрис Израильді палестиналық анклавта жүргізген құрлықтық шабуылы кезінде "гуманитарлық апатты" жеңілдету үшін жеткіліксіз әрекет етті деп айыптап, ашық түрде сынады. Сол айдың соңында Харрис Израиль Газа секторының оңтүстігіндегі босқындар ағылған Рафах қаласына жаппай басып кірсе, оның "салдары" болатынын ескертті.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай тіл Харристің президент ретінде Байденге қарағанда Израильге қатысты кем дегенде күштірек риторикалық бағыт ұстанатынын білдіруі ғажап емес.

Оның 81 жастағы боссының Израильдің бірқатар жетекшілерімен істес болғанының ұзақ тарихы бар және Байден бірде өзін "сионист" деп атаған еді. Ал 59 жастағы Харристің бұл елмен ішкі байланысы жоқ.

Харрис Байденнен Израильге қару-жарақ жөнелтпес бұрын оған шарт қоюды талап демократиялық прогрессивті адамдармен тығыз байланыс ұстап келеді.  

Бірақ сарапшылар Вашингтонның Таяу Шығыстағы ең жақын одақтасы Израильге қатысты саясатында үлкен өзгеріс болады деп күтіп отырған жоқ.

2017-2018 жылдары  Харристің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған Хали Сойфердің сөзінше, Харристің Израильді қолдауы Байдендікі сияқты күшті болған.

ИРАН

Сондай-ақ Харрис Израильдің осы аймақтық қарсыласы Иранмен қарсыласуды жалғастыруы ықтимал.

Бұрын АҚШ үкіметінің Таяу Шығыс бойынша ұлттық барлау офицерінің орынбасары болған Джонатан Паникоффтың пікірінше, Иранның ядролық бағдарламасының "әскерилену" қаупінің артуы Харрис әкімшілігі үшін үлкен сынаққа айналуы мүмкін.

Бірқатар сәтсіздіктерден кейін Байден Трамп бас тартқан 2015 жылғы халықаралық ядролық келісімді қалпына келтіру бойынша Тегеранмен келіссөздерге қайта оралуға аса қызығушылық танытпады.

Дегенмен, Харрис  та президент ретінде бұл бағытта маңызды бастамаларды жүзеге асыруы екіталай.

"Келесі президент Иранмен жұмыс істеуге мәжбүр болады деп сенуге толық негіз бар. Бұл ең үлкен мәселелердің бірі болатыны сөзсіз" дейді Паникофф.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу