Кадр тапшылығын шешудің немістік үлгісі

2558

Дуальды оқыту жүйесін енгізу арқылы жұмыс берушіні жұмыскерімен жақындастырып, теорияны өндірістік тәжірибемен тоғыстырамыз.

Кадр тапшылығын шешудің немістік үлгісі Фото: liter.kz

Қазақстан кәсіпорындары өзіне қажетті маманға тапсырыс беріп, колледждерді басқаруға, тіпті білім беру бағдарламасына өзгеріс енгізуге мүдделілік таныта алады. Сондай-ақ теориялық білімді өндіріс орындарында тәжірибемен ұштастыруға тәжірибе алаңын ұсына алады. Бұл – дуальды оқыту жүйесін енгізудің тиімді бір тұсы.

Қазір еліміз нарықтық экономикаға көшіп, бизнестің түр-түрінің дамуына қолайлы жағдай жасап отыр. Бизнес тасын өрге домалатуға мемлекеттен бөлініп жатқан қаржы да қомақты. Жыл сайын елімізде заманауи жабдықтармен жарақтандырылып, жаңа технологиялар енгізілген зауыттар, кәсіпорындар іске қосыла бастады. Бірақ осы тұста бір мәселе туындайды. Осы зауыттардағы, өндіріс орындарындағы құрал-жабдықтың "тілін" тауып, ұршықша иіріп кететін арнайы маманның жоқтығы қол байлайды. Осыдан-ақ кәсіби және орташа арнаулы маман дайындайтын білім жүйесінің көштен қалып отырғанын көресің. Ал бұл кадр тапшылығына, яғни қазіргі заман талабына сай білімі мен біліктілігі өзара тоғысып, ұштасқан арнайы маманның жетіспеушілігіне әкеледі. Бұл олқылықтың орны қалай толтырылады? Бұл бағытта қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?

Бұл мәселені шешуде "Атамекен" палатасы Германияның Трир қолөнер палатасын серіктес болуға шақырады. Неміс мамандары кәсіби оқыту саласында шағын және орта бизнестің тізгінін ұстаған кәсіпорындардың сұранысына сай Қазақстанның кәсіпорындары мен колледждерінде кәсіби дайындық деңгейін арттыратын өндірістік оқытуды ұйымдастыруда өз тәжірибесімен бөлісуге келісім береді.

Келісімге қол қою барысында Трир қаласы қолөнер палатасының президенті Рудольф Мюллер дуальды оқыту жүйесінің немістік моделі әлемге кеңінен танылғанын және бұл маңызды мәселені шешуде қазақ әріптестеріне қолдан келгенін аянып қалмайтынын айта келіп, "Германияда дуальды білім беру, шын мәнінде, неміс экономикасының бірден-бір қайнар көзі" деп баға береді.

"Меніңше, бұл жүйе біздің кәсіпорындарды дамыту үшін өте қажет, және білім берудің барлық жүйесі үшін де маңызды. Дуальды білім беру бізге әлемдік дағдарыстың салдарын жоюға жәрдемдесті", – дейді Трир қолөнер палатасының жетекшісі.

Бүгінде осы екі ел арасындағы келісім аясында ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Сондай бір шара, 21 ақпан күні Астанада басталған "Бизнес және ұлттық біліктілік жүйесі: стратегия және бағдарламалар" атты форум. Үш күнге созылатын шара "Атамекен" палатасымен және Германияның Трир қолөнер палатасымен серіктестік жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Форумның мақсаты – біліктілік жүйесінде, жұмыс орнында оқыту және мамандарды сертификаттаудағы бизнестің мүмкіндігі мен табысын жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық міндеттерді анықтау және өңірлік бағдарламаларды жасау.

"Қазақстан кәсіпорындары мен колледждерінде шағын және орта кәсіпкерлік өтінішімен кәсіби маман дайындауды тұрақты арттыратын жоба жасалғанын білесіздер. Жоба кәсіпорынның, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының дуальды оқытудағы рөлін күшейтуде, өндірістік оқытуды ұйымдастыруда Трир қолөнер палатасының нақты механизмдерін пайдалануға бағытталды. Жоба 6 облыста жүзеге асырылып, Алматы, Астана қалаларының, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының кәсіпкерлер палаталарымен үйлестірілді.

"Бүгінгі күнге дейін аймақтық кәсіпкерлер палаталарының сарапшылары мен кәсіпорын тәлімгерлеріне арналған 20 шақты оқу семинары өтті. Жобаға қатысқан кәсіпорындардың ұсынысын ескеру үшін колледждің оқу жоспарын өзгерту жөнінде ұсыныс дайындалды. Жақында біздің әріптестердің Германияның кәсіби оқыту мекемелеріне оқу сапары ұйымдастырылды. Яғни Астана, Атырау, Алматы, Тараз, Қызылорда, Шымкент, Талдықорған, Ақтөбе, Петропавл қалаларындағы кәсіпорындардың 50-ден астам жетекшісіне тәлімгер жобасымен "Кәсіби және еңбек педагогикасы. Жетекшілер аттестациясы" тақырыбында оқу ұйымдастырылды.

2017 жылы қаңтарда Шымкент қаласындағы колледждердің өндірістік оқыту шеберлері оқыту орталығына және Трир қолөнер палатасына дәнекерлеу жұмысымен сапар жасады. Ал Алматыда жиһаз шығару жұмысы жөнінде неміс мамандарының семинары өткізілді. Осы ақпан айында жетекшілерге арналған неміс бағдарламасымен оқыту семинарларының сегіз қатысушысы Трир қолөнер палатасында дуальды оқыту жөнінен мультипликатордың оқу курсынан өтті. Енді олар Қазақстан кәсіпорындарында белгіленген бір критеримен тәлімгер санын көбейтеді. Астанадағы "Базис" БК, Қарағандыдағы "Borusan-Makina", Балқаштағы "Қазақмыс Смэлтинг", Европейская подшипниковая компания "Степногорск", қарағандылық "LegaGroup" кәсіпорындары белсене қатысып отыр", – дейді "Атамекен" палатасы басқарма төрағасының орынбасары Елдар Жұмағазиев.

Ал Трир қолөнер палатасының жоба үйлестірушісі Альберт Овер кәсіби білім беру жүйесіне қатысты серіктестік жобасы осы жылдың күзіне дейін жалғасатынын айтады. Ұлттық палата осы салаға қатысты білім және ғылым министрлігімен де жұмыс істеп келеді. Белгілі болғаны, қазір көптеген аймақта кәсіпорындар өздеріне қажетті маманға тапсырыс беріп жатыр.

Мәселен өткен жылы палатаға 12 мың маманға тапсырыс түсіпті, ал тапсырыстар колледждерге таратылған. Тапсырыс берген кәсіпорындар колледждерді басқаруға өздері де қатысып отыр. Тіпті оқу орындарының басшыларымен бірлесе отырып, оқу бағдарламаларына да өзгерістер енгізіп жатыр. Бүгінде елімізде 10 колледж кәсіпорын басқаруына берілген. Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында осыған қатысты жақсы тәжірибе жинақталған. Бұл өңірлерде бірнеше кәсіпорын бірігіп, колледжді өз басқаруына алған. Әрине, бұл құптарлық іс екенін айтады кадр тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келгендер.

Ал Германиядағы дуальды оқыту жүйесіне келсек, онда мектеп бітірген түлек, өзі таңдаған өндіріс орнына келіп, сол жерде арнайы маман, мысалы дәнекерлеуші немесе менеджер болып жұмыс істегісі келетінін айтады, ол әңгімелесуден, тағы бірнеше талап етілетін критерийден өткеннен кейін кәсіпорынның "көңілінен" шығып жатса, олар ұсыныс жасаған білім ордасына құжаттарын тапсырып, таңдаған мамандығымен білімін жетілдіреді. Егер таңдаған мамандығы өндіріс орнымен тікелей байланысты болса, білім алушы үш күнін теориялық білімге арнап, төрт күнінде өндірісте тәжірибе жинақтайды. Міне, білім мен біліктің ұштасуы осы болса керек.

Ал бізде колледж түлектері теориялық білім алғанмен, өндірістен алшақта болғандықтан, тәжірибеден жұрдай болып шығады. Дуальды оқыту жүйесін енгізудегі басты мақсат – жұмыс берушіні болашақ жұмыскерімен жақындастырып, теориялық білімді өндірістік тәжірибемен тоғыстыру.

"Атамакен" палатасы мен Трир қаласының қолөнер палатасы арасындағы серіктестік жобасы аясында Қазақстанның білім беру бағдарламаларына байсалды өзгеріс енгізіле бастады. Оның жарқын көрінісі – кәсіпорын тапсырыс берген мамандықты дайындаушы колледж студенті тәжірибеден өте алатын нақты практика алаңының қалыптасуы. Әрине, атқарылар жұмыс көп. Жаңа мамандықтар біліктілігі, сертификаттау, ортақ стандарттар, тағысын-тағы шаруалар. Ең бастысы, білім беру жүйесіндегі қатып қалған көп жылғы сеңнің көбесі сөгіліп, заманауи еуропалық стандарттағы оқу жүйесінің енгізіліп жатқаны – игі істің бастамасы екені анық.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу