Қайта құрылған министрліктің қызметі елге қаншаға түседі

3729

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қайта құрылуына байланысты ашықтығын көрсетіп, өз бюджетін жариялады.

Қайта құрылған министрліктің қызметі елге қаншаға түседі

Бұған дейін, 2018 жылғы 26 желтоқсанға дейін осы ведомство "инвестициялар және даму министрлігі" деп аталған болатын.

Тиісінше, енді оның биылға және келесі жылға арналған бюджеттік бағдарламалары қайта бекітілуде.

Бұл ретте "Стандарттау, метрология, өнеркәсіп, инвестициялар тарту, геология, индустриялық саясатты қалыптастыру, инфрақұрылымды және бәсекелестік нарықты, көлік және коммуникацияны, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру" деп аталатын 001-ші бюджеттік бағдарламасы назар аудартады.

Осы бағыт бойынша бөлінген бюджеттік қаражаттар бекітілген штат санына сәйкес, министрліктің орталық аппаратын, комитеттерін және аумақтық органдарын ұстап тұруға жұмсалады. Ал ведомствоның штатында жалпы алғанда 2 мың 202 лауазым барлығы көрсетілген.

Бұдан бөлек, осы бюджеттік бағдарлама аясында материалдық-техникалық базаны заман талабына сай жаңарту қарастырылған екен.

Сондай-ақ, осы қаражаттар басқа да бағыттарда бірқатар мақсаттарға жетуге жанама ықпал ететіні мәлімделді:

"Бюджеттік бағдарламаның өнеркәсіп салаларында өндірістік нысандардағы қауіптердің жалпы деңгейін төмендету бойынша, авто көлікпен транзиттік жүк тасымалдау және авиатасымалдар көлемін ұлғайту бойынша, өңдеуші өнеркәсіп салаларында еңбек өнімділігін және өнімдер экспортының құндық көлемін арттыру бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізуге жанама ықпал етуі қарастырылған. Сондай-ақ "Құрылысқа рұқсат алу (Doing business рейтингіндегі орын)", "Күрделі жөндеуді талап ететін кондоминиум объектілерінің үлесі" көрсеткіштеріне қол жеткізу жоспарлануда", – делінген министрліктің бұйрығында.

Сонымен, осы меморганның "стандарттау, метрология, өнеркәсіп, инвестициялар тарту, геология, индустриялық саясатты қалыптастыру, инфрақұрылымды және бәсекелестік нарықты, көлік және коммуникацияларды, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру" бойынша қызметі өткен жылы 10 миллиард 1,5 миллион теңге "тұрғаны" белгілі болды.

Биыл сәл арзандаған: осы бюджеттік бағдарламаға 2019 жылға 9 миллиард 752,2 миллион теңге бөлініп отыр. Ал келер жылы 10 миллиард 102,4 миллионға дейін қайта көтерілмек.

Осы қаражатқа сонымен қатар, жыл сайын 1 индустриялық-инновациялық жобалар көрмесін, шетелдiк инвесторлар кеңесiнiң бір пленарлық және бір аралық отырысын, Қазақстанда және шетелде ресми тұлғалардың қатысуымен елдің инвестициялық мүмкiндiктерін таныстыру бойынша 14 халықаралық бизнес-форумды өткізу кіреді.

Жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша консалтингтік қызметтерге 2016 жылы 176,5 миллион теңге шығындалыпты. Рас, одан кейінгі жылдары азайтылған. Атап айтқанда, тонна-тонна ақыл айтып, том-том ұсынымдар беретін отандық және шетелдік кеңесшілерге 2017 жылы министрліктен 138,5 миллион, 2018 жылы 124,7 миллион теңге тиген. Ал осы және келесі жылы бұл сома 68 миллион 850 мың теңгеге дейін азайтылып отыр.

"Transport tower" әкімшілік-технологиялық кешені ғимаратын күтіп-ұстау" деген қызықты бюджеттік кіші бағдарлама назар аудартады. Ол бойынша қаржылар "министрлік қызметкерлеріне қажетті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасау мақсатында ғимаратқа техникалық және шаруашылық қызмет көрсетуге" жұмсалады екен.

Тарата айтсақ, ақша коммуналдық қызметтер ақысын төлеуге (электр, жылу, ыстық және суық су, кәріз), ғимаратты сақтандыруға, "Transport tower" объектісінің құрылыс конструкцияларының техникалық жағдайын кешенді геодезиялық мониторингтен өткізуге және құрылыс конструкцияларына техникалық тексерулерді жүргізуге кетуде.

Осы тұста халық арасында "зажигалка" аталатын "Transport tower" заңғар ғимаратының қызмет көрсетілетін жалпы аумағының көлемі 32 мың 294 шаршы метрді құрайтыны атап өтіледі.

Нәтижесінде, "Transport tower" әкімшілік-технологиялық кешені ғимаратын ұстап тұруға 2018 жылы 429 миллион 949 мың теңге, ағымдағы жылы 424 миллион 436 мың теңге, ал 2020 жылы 428 миллион теңге шығындалмақ.

Министрліктің жүздеген миллиард теңге ағындайтын күрделі шығыстары да бар. Олардың бір тобы "Республикалық деңгейде автомобиль жолдарын дамыту" бюджеттік бағдарламасы аясында біріккен. Оған 2017 жылы 266 миллиард 319 миллион, 2018 жылы 250 миллиард 456,6 миллион, 2019 жылы 242 миллиард 951,5 миллион, 2020 жлы 211 миллиард 385,1 миллион теңге көзделген.

Осы қаржыға министрлік I және II техникалық жоғары дәрежеге дейін жақсартылған республикалық маңыздағы автожолдар үлесін 2018 жылы – 33%-ға, 2019 жылы – 34%-ға, 2020 – 35%-ға дейін жеткізуге уәде етеді.

Аталған бюджеттік бағдарлама республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысы мен реконструкциясы бойынша жұмыс жүргізуді қарастырады. Әрине, бұл мақсатта осы сомаға қосымша шетелдік қаржы институттарынан да, инвесторлардан да қарыздар тартылуда.

Соның нәтижесінде, 2020 жылға дейін "Орталық-Оңтүстік" дәлізі, "Орталық-Шығыс" дәлізі, "Алматы – Өскемен", "Астана – Петропавл – РФ шекарасы", "Ақтөбе – Атырау – Астрахан", "Орал – Тасқала", "Жетібай – Жаңаөзен", "Ұзынағаш – Отар", "Таскескен – Бақты", "Өскемен – Зырян – Рахман бұлақтары", "Үшарал – Достық", "Щучье – Зеренді", "Бейнеу – Ақжігіт", "Қарабұтақ – Денисов – Қостанай", "Қордай асуының айналама жолы" жобалары жүзеге асырылуда.

Бюджеттің ашықтығы саясаты аясында мемлекеттің "Жүйелі ішкі авиатасымалдарды субсидиялау" бойынша қанша қаражат жұмсайтыны да жария болды.

Мәселен, 2017 жылы бұл бағытқа 2 миллиард 51,6 миллион теңге аударылса, 2018, 2019 және 2020 жылдары бұл сома 1 миллиард 477,4 миллион теңгеге дейін азайтылып отыр. Себебі, субсидияланатын авиабағыттардың саны 2017 жылғы 15-тен енді 12-ге дейін кемітілген.

Қазір мынадай әуе бағыттары бойынша билеттер бюджеттен қолдау арқылы арзандатылады: "Қарағанды – Қызылорда – Қарағанды", "Өскемен – Қарағанды – Өскемен", "Петропавл – Шымкент – Петропавл", "Алматы – Балқаш – Алматы", "Астана – Үржар – Астана", "Астана – Үшарал – Астана", "Көкшетау – Ақтау – Көкшетау", "Алматы – Көкшетау – Алматы", "Астана – Петропавл – Астана", "Алматы – Петропавл – Алматы", "Алматы – Үржар – Алматы", "Астана – Талдықорган – Астана".

Неге дәл осы бағыттардың таңдалғанының негіздемесі ретінде бюджеттік бағдарламада, біріншіден, солтүстік және орталық Қазақстан өңірлерінің облыс орталықтарын – СҚО орталығы Петропавлды, Ақмола облысының орталығы Көкшетауды және Қарағанды облысының орталығы Қарағандыны Астана және Алматымен әуе қатынасы арқылы байланыстыру керектігі айтылады.

Екіншіден, Алматы және Ақтау қалаларынан Ақмола облысына және Бурабай курорттық аймағына авиациялық қатынасты қамтамасыз ету қажет болған. Бұл туризмді дамыту үшін де маңызды.

Айтқандай, меморганның бюджеттік бағдарламалары арасында "Астана қаласының бюджетіне "Жаңа көлік жүйесі" жобасын іске асыру үшін заңды тұлғалардың жарғылық капиталын ұлғайтуға берілетін нысаналы даму трансферттері" деген бағыт та бар. Онда 2020 жылдан бастап, елордада жеңіл рельсті көлікпен (LRT) жолаушыларды тасымалдау көлемін тәулігіне 146 мың адамға жеткізу мақсаты қойылған. Бұл бағытта 2016 жылы 27 миллиард 122,5 млн, 2017 жылы 69 миллиард 456,6 миллион, 2018 жылы 9 миллиард 60 миллион, ал 2019 жылы 7 миллиард 122,7 млн теңге қарастырылған екен. Бастапқыда елордада LRT-ны испан, түрік және француздар салмақшы болған. Қорытындысында, қазір оны қытайлықтар салуда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу