Қайырымдылығы үшін алғыс емес, қарғыс естіді

4140

Атымтай-жомарт азаматтардың бұл істен көңілі қалуда. 

Қайырымдылығы үшін алғыс емес, қарғыс естіді

Таяуда ел Парламентіне "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлер қызметі және қайырымдылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы енгізілмек.

Құжатты әзірлеген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі барлық болмағанымен, қазақстандықтардың басым көпшілігін қайырымды ете түсуге талаптанбақ.

Айта кету керек, қайырымдылық ұйымдарының көбі мемлекеттен бір тиын ақша алмайды. Олар негізінен, кәсіпкерлер мен ірі компанияларды жағалайды.

Ведомство өзекті ақпарат келтіре алмады. Ресми статистика бойынша қайырымдылық ұйымдарының жобаларына бизнес орта 2017 жылы – 131,7 миллиард теңге, 2018 жылы 177 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген. Пандемия кезінде еселеп өссе керек. Яғни, бұл салада мол ақша айналымда деген сөз.

Оны игерушілер де жетерлік. Әділет министрлігінің ақпарынша, елімізде 1050-ден астам қайырымдылық ұйым тіркелген. Олар көрсететін қызметтер ауқымы кең және қолында бар мүмкіндіктеріне қарай өзгеріп тұрады.

Олар миллиардтарды инфрақұрылымдық жобаларға, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларын дамытуға, балалар үйлерін қамқорлыққа алуға, көпбалалы және зардап шеккен отбасыларға баспана әперуге, әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуге бағыттайды.

"Сонымен қатар, сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда қайырымдылықтың дамуын тежейтін бірқатар проблема бар: біріншіден, Қазақстанда қайырымдылық тиімді ынталандырылмайды. Жақсылық жасайтын адамдарға салмақты жеңілдік қарастырылмаған. Екінші мәселе – қайырымдылық мәдениетінің жоқтығы. Үшінші мәселе – қолданыстағы "Қайырымдылық туралы" заңды тәжірибеде қолдану кезінде проблемалар туындаған. Төртіншіден, қоғам тарапынан қайырымдылық ұйымдарына сенім жоқ. Бұл түйткілдер кешенді заңнамалық реттеуді талап етеді. Жаңа заң жобасы "Қайырымдылық туралы" заңын жетілдіруге бағытталған", – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Жобаға сәйкес, мысалы, қайырымдылық жасау үшін қаражат жинауды жүзеге асыратын заңды тұлға мемлекетке салықтық жеңілдіктер сұрап, жүгіне алады.

Жалпы, қолданыстағы Салық кодексі қайырымдылық ұйымдары үшін салық жүктемесін 3–4%-ға төмендету арқылы ынталандыру шараларын қарастырады. Бірақ Қаржы министрлігінің мәліметінше, бұл тетікті қолданатын қайырымдылық ұйымдары санаулы. Себебі, салықшылар тым көп есеп ұсынуды талап етеді. Жаңа заң бұл кедергіні жоюға тиісті.

Министрлік "елде қайырымдылық мәдениет жоқ" деп бекер айтып отырмағанға ұқсайды. Әйтпесе, өмірінде бірінші рет өзгеге ізгілік істеген кейбір азаматтың өзі ізінше сонысы үшін өкініп, бұдан былай оны жасамауға шешім қабылдап жатады.

Биші Тамара Ниязова басынан өткергенді әңгімелеп береді.

"Көптеген өзге адамдар секілді мен де дүркін-дүркін қажетсіз заттарымды интернет арқылы сатып, үлестіріп тұрамын. Және ұдайы бір проблемаға жолығамын. Әлдебір адам хабарласып, ешкімге бермей тұра тұруды сұрап, ертең келіп алып кететініне сендіреді. Ертесіне ешкім келмейді. Өзім хабарлассам, ар жақтан: "сен кімсің?" деп таң қалады. Мен оның кеше хабарласып, тауарды таратуды тоқтата тұруымды өтінгенін есіне саламын. Ол болса, ұмытып кеткен. Тағы бірі телефон шалып, бір сағаттан кейін келетінін хабарлайды. Мекенжайымды айтып, күтіп отырамын. Екі-үш сағат өтеді, жым-жылас, еш хабар жоқ. Телефон соқсаң, "бізге керек болмай қалды" дейді. Керек болмаса, ол жайында мені құлағдар етуі қажет емес пе! Бірнеше сағат өмірімді босқа күтумен өткіздім", – дейді ол.

Елордалық волонтер Толқын Ахмет интернеттегі танымал хабарландырулар сервисі арқылы "Қыштақта-кафельді тегін беремін. Өзіңіз алып кетесіз!" деген хабарландыру орналастырады.

"Апарып беретіндей менде мүмкіндік жоқ. Бөлменің бір бөлігін босату қажет болды. Ал жөндеу жұмыстарынан кейін су-жаңа қыштақтаның үлкен қорабы қалып қойды. Дүкенге кері қайтаруға кеш: белгіленген мерзімінен асып кеткен. Оны сатып, саудаласып жатуға уақыт табу қиын. Қоқысқа лақтырып тастау – обал. Содан әлдекімге дәл қазір керек болар деген оймен хабарландыру бердім. Бір әйел дереу қоңырау шалды: елорданың сол жағалауындағы үйіне тегін жеткізіп беруімді сұрап тұр. Мен болсам, оң жағалауда тұрамын. Онсыз да тегін беріп тұрмын ғой деймін күліп. Әйел болса, өзі келе алмайтынын айтты", – дейді Т.Ахмет.

Артынша ер адам хабарласып, онымен бір ауданда тұратынын, қазір жаяу жетіп, алып кететінін мәлімдейді. Расында, он минуттан кейін ол есігін қағып тұрған.

"Ер кісі қорап толы қыштақтаны өзі көтеріп, алып кетті. Біраздан кейін сол жағалауда тұратын әйел қайта телефон соқты. Беріп жібергендіктен, жауап бермеуіме де болатын еді. Бірақ сыпайылық сақтап, сөйлестім: "сіз өз бетіңізбен алып кетуге келіспедіңіз, сондықтан кешіріңіз: жаңа ғана әлдебір ер адамға беріп жібердім" деймін. Мұны ести сала, әйел жер-жебіріме жетіп, қарғай бастады. Ол мені тегін берген затымды үйіне тегін жеткізіп бермегенім үшін айыптады. Содан бері әлденені тегін бермес бұрын әлгіндей долы жандар ұрыса ма деп біраз қаймығып, кәдімгідей уайымдаймын", – дейді ерікті.

Кейбір жандар мейірімділікті әлсіздік деп санайтын заман.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу