Қайырымдылық қаржы мен садақаны басқа жаққа жұмсағандарға жаза күшейтілмек

3988

Жалған көмек сұраушыларға 660 мыңнан астам қазақстандық садақа аударып, адал ақшаларын білмей жолдаған.

Қайырымдылық қаржы мен садақаны басқа жаққа жұмсағандарға жаза күшейтілмек Фото: canva.com

Қайырымдылық қорларға қатысты Үкімет кең ауқымды реформа бастауға ниетті.

Сондай-ақ қаптаған қорлардың қызметін құзырлы органдар қылмыстық кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға қатысты тексеруі мүмкін.

Елордалықтар қайырымдылық қорларының өкілдері ақша жинаумен көшелерде, автобустарда белсенді айналыса бастағанын байқап жүр. Мысалы, жасыл түсті жамылғы киген "Благородное сердце Востока" қорының волонтерлерін аялдамаларда жиі ұшырастыруға болады.

Statsnet контрагенттерді тексеру сервисінде "Благородное сердце Востока" қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен қаласында тіркелгені көрсетілген. Атауындағы "Восток" айқындауышы содан шықса керек. 2020 жылғы 10 қыркүйекте тіркеуге тұрған ұйымның басшысы ретінде Сания Баирханова көрсетілген.

Көшеде іс-қимылы қауырт болғанымен, "БСВ" әлеуметтік желіде, ғаламторда белсенді емес. Атап айтқанда instagram-дағы парақшасында қайырымдылық қорының кейінгі кезде нақты қандай қайырымдылық іс-шараларын жүзеге асырып, кімдерге көмектескенін білу қиын. 2021 жылы 13 мамырда, Рамазан айында Өскемен полициясымен бірге көшеде жұртшылыққа құрма мен су таратқаны, сол жылғы 1 маусымда Риддер қаласының бір көшесінде балмұздақ үлестіргені баяндалған видеолары бар.

Мемлекеттің eGov "электронды Үкімет" порталында "Қазақстан Республикасының қайырымдылық қорлары" деген бөлім қарастырылған. Сонда, соңғы рет 2024 жылғы 12 шілдеде өзгертілген қайырымдылық қорларының тізімінде сөз болған қор жоқ.

Жалпы, сарапшылар 2015 жылы қабылданған "Қайырымдылық туралы" заңы ескіріп те қалғанын, қазіргі заман талабына және ел өміріндегі өзгерістерге толыққанды жауап бермейтінін айтып жүр. Сондықтан депутаттар осы салаға арнап, жаңа заң қабылдап, қайырымдылық қорларын тәртіпке келтіретін жаңа заңнамалық тұғыр түзу орнына Үкіметке шағымданумен келеді.  

Екінші сессиясы аяқталар тұста Мәжілістегі "Respublica" партиясы фракциясының депутаттары да проблема көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда қалаулылар мұқтаж жандарға мейірімділік шуағын төгіп, шынайы көмек қолын созатын, адамгершілік құндылықтарын ұлықтайтын қайырымдылық және волонтерлік ұйымдарды – қара басының қамын ғана ойлайтын, өз мақсаттарына жету үшін қоғамның сенімін теріс пайдаланудан арланбайтын алаяқтардан қорғауды сұрады.

Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, түрлі күмәнді мақсаттарға ақша жинауға тартылған 138 банктік карта әшкереленді. Жалған көмек сұраушыларға 660 мыңнан астам қазақстандық садақа аударып, адал ақшаларын білмей жолдаған.

Биылғы наурыздағы жағдай бойынша садақа, жылу, краудфандинг түрінде жиналған қаржының жалпы сомасы 6 миллиард теңгені құрады, соның 33%-ының немесе 2 миллиард теңгесінің "алаяқтық белгілері бар" деп танылған. Бірақ бұл тек ресми анықталғаны ғана. Алаяқтықтың шынайы ауқымы бірнеше есе зор болуы мүмкін.

Агенттік төрағасы Дмитрий Малаховтың айтуынша, залымдар сол миллиардтарды ары қарай қымбат автокөліктер, жылжымайтын мүліктер сатып алуға, тұрмыстық шығындарына, букмекерлік кеңселерде бәс тігуге, шетелдегі қымбат апартаменттерді жалға алуға және басқасына жұмсайды.

Жанашыр азаматтардың жақсы ниеті мен адал ақшасы ізгі істерге бағытталуы үшін Қаржылық мониторинг агенттігінің, "Астана" қаржы орталығының, құзырлы органдардың және екінші деңгейлі банктердің өкілдері "краудфандингтік қызметті реттеу бойынша заңнамалық шараларды әзірлеу" туралы ұсыныс енгізді.

"Әртүрлі платформаларда көмек сұраған өтініштер мен хабарландырулар қаптады және барған сайын көбеюде. Халық оның артында алаяқтар тұр ма деп, ақша аударудан қорқатын болды. Өздері жария есеп бермесе, елден жиған қаражатты қайырымдылық қорларының қайда жұмсайтыны беймәлім. Қазақстанда бұл салада бірыңғай реттеуші орган жоқ. Ұйымдар айқындық танытып, қоғам алдында есеп беруге құштар емес. Олар үшін ақша жинайтын волонтерлердің қауіпсіздігі де алаңдатады. Оның үстіне бұл сала жеткілікті түрде заңнамалық реттелмеген. Нағыз қайырымдылық қорлары мен еріктілердің адал атын, асыл ісін алаяқтардан қорғау үшін бұл саладағы арамза тірліктерге тегеурінді тосқауыл қоятын шаралар қабылдануы керек", – дейді мәжілісмен Динара Наумова.

Оның байламынша, мемлекет ел аумағындағы қайырымдылық қызметке тиімді бақылау орнатуы қажет. Сонда ғана қоғамның сенімін күшейтуге болады. Олай болмаса, қайырымдылыққа қаржы бөлетін аз шоғыр қазақстандықтардың саны одан сайын кеми беруі ықтимал.

Айтқандай, депутаттар Үкіметке қайырымдылық ұйымдарының қызметін бір жерден үйлестіріп, бақылау жүргізетін, ортақ стандарттар бекітіп, қайырмалдық қаржының жұмсалу айқындылығын кепілдендіретін бөлек реттеуші органды құру туралы ұсыныс енгізген болатын. Алайда Үкіметтің олардың меселін қайтарғаны, депутаттардың ұсынысы қабылданбағаны белгілі болды. Бұл салада жеке мекеме құрылмайды.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мәжіліске жауап хатында депутаттардың қайырымдылық қызметін тиімді бақылауға және жұртшылықтың сенім деңгейін арттыруға бағытталған бастамалары қаралғанын жеткізді. Оның мәліметінше, бүгінде осы салаға арналған жаңа заң жобасы әзірленуде.

"Қайырымдылық саласын құқықтық реттеу жұмыстарын жетілдіру мақсатында заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша қажетті жұмыстар жүргізілуде. Премьер-министрдің тапсырмасын орындау үшін біздің министрлік қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу бойынша жұмысты қолға алды. Онда қайырымдылық қаражаттардың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету және қайырымдылықтың ашықтық деңгейін арттыру мәселелері шешімін табуға тиіс. Сондықтан министрлікте заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылды", – деді Аида Балаева.

Ол топқа жауапты меморгандардың, қайырымдылық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор мен ұлттық компаниялардың, бизнестің өкілдері кірген екен.  

"Әзірленген заңнамалық түзетулер жұмыс тобының отырыстарында қаралатын болады. Сонымен қатар бұл мәселені қоғамдық талқылаудан өткізу жоспарлануда. Бұған қоса, халықаралық тәжірибені ескере отырып, министрлік қайырымдылық ұйымдарын аккредиттеу, Қайырымдылық комиссиясын құру және басқа да тәсілдерін әзірледі. Бұл жұмыс Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп жүргізілуде", – деді министр.

Яғни, заң қабылданса, өзін "қайырымдылық қор" деп атап жүргендердің бәрі тиісті құжаттарды жинап, мемлекеттік аккредитациялаудан өтуге міндеттелмек.

Балаеваның айтуынша, жаңа заң жобасында мысалы, қайырымдылық ұйымдар үшін арнайы шоттарды ашу, тек соларға ғана садақа, қайырмалдық (пожертвование) қаражаттарын жинауға рұқсат ету туралы заңнамалық норма ұсынылады.

Сондай-ақ қайырымдылық саласындағы заңнаманы бұзғаны және жиналған қаражатты басқа мақсатқа пайдаланғаны үшін жазаны күшейту қарастырылуда екен.

Бұл іске неге Қаржылық мониторинг агенттігінің тартылғаны түсінікті болды: қайырымдылық мақсатында жиналған қаражаттардың қылмыс әлеміне, лаңкестерге қызмет етпеуі қатаң қадағалануға тиіс.

"Әзірленген заңнамалық түзетулерді Қаржылық мониторинг агенттігі дайындаған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы аясында қарау жоспарлануда", – деді министр.  

Тағы бір белгілі болғаны, қазіргі уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қаржылық мониторинг агенттігі бірлесіп, "қайырымдылық қызметі туралы ақпараттар жинақталатын бірыңғай цифрлық платформаны құру" мәселесін пысықтап жатыр.

Аида Балаева 2022 жылғы "Қайырымдылық туралы" заңға енгізілген толықтыруларға сәйкес, бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігі қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган ретінде айқындалғанын түсіндірді. Уәкілетті органның құзыретіне қайырымдылық саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, құрметті атақ беру және "Қайырымдылық туралы" заңда көзделген өзге де өкілеттіктер кіреді.

Бұл үшін жеке мекеме құрудың қажеті шамалы көрінеді. Тек министрлікке қосымша құзырлар қажет көрінеді. Сондықтан әлгінде айтылған жаңа тетіктер мен тәсілдерді тиімді жүзеге асыруы үшін жаңа заң жобасында министрлікке қайырымдылық ұйымдары мен қайырымдылық волонтерлерін аккредиттеу, сондай-ақ бірыңғай цифрлық платформаның қызметін жүзеге асыру сияқты жаңа құзыреттер беру ұсынылып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу