Қалдықсыз Қазақстан

5490

Елімізде пластикалық зат пен полиэтилен пакетке қарсы күрес жарияланады.

Қалдықсыз Қазақстан

БҰҰ дерегінше, жыл сайын әлемде 500 млрд пластик қап қолданылып,  минут сайын 1 млн пластикалық бөтелке сатылады. Осы өнімді өндіру үшін жылына 2,7 млрд литр мұнай жұмсалады. Есесіне әлемнің дамыған елдері пластикалық өнімдерді қайта өңдеп, кәдеге жаратады. Ал Қазақстан... Жасыратыны жоқ, біздің ел пластикалық қалдықты тиісінше өңдемейді. Қалдықтарды өңдеуге және жасыл энергия саласын дамытуға арналған IV Еуразиялық бизнес-форумда бұл туралы бүкпесіз айтылды.

Мамандардың мәлімдеуінше, қалдықтарды заман талабына сай өңдеу үшін қолданыстағы технологияны жетілдіру қажет.

Белгілі болғандай, былтыр әлемнің 127 елі пластиктен жасалған бір реттік өнімді пайдалануға шектеу қойды. 30 ел полиэтилен пакет үшін төлем енгізді. 27 мемлекет қоршаған ортаға зиян келтіретін пластикалық заттардың қолданылуына тыйым салды. Бұл іске Қазақстан да кірісті. Бірақ науқаншылдықтан аса алмады. Алаулатып, жалаулатып, полиэтилен пакеттің орнына қағаз пакет таратып, 2 күн акция жасады. Осымен бәрі бітті.

Десек те Қазақстан көштен қалмас үшін кеш те болса, пластикалық қалдықтарды өңдеуді қолға алды. Бұл үшін пластикалық қалдықтарды жинау мен өңдеу мәдениетін қалыптастыруға, осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпорындардың әлеуетін арттыруға, компаниялар үшін тұрақты бизнес-модель құруға, желілік және корпоративтік интеграцияны дамытуға, сауда желілерімен және басқа заңды тұлғалармен ынтымақтастық орнатуға және ел заңнамасын жетілдіруге басымдық берді. Бұған қоса былтыр Шымкент қаласының маңынан пластикті қайта өңдейтін зауыт ашты. Болашақта Алматыда тамақ өндірісіне пайдалануға арналған ПЭТ-гранулалар зауытын салуды жоспарлап отыр.

Басқосу барысында "Пластикті қайта өңдеуге "ИӘ!" деп айт" деген жоба таныстырылды.

"Біз жоба аясында пластикалық қалдықтарды жинауға халықты жұмылдыруға тырысамыз. Бұл үшін сауда орындарында пластикалық қалдық қабылдайтын ритейлерлермен күш біріктіреміз. Мұның сыртында пластикалық қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін зияны туралы ақпараттық үгіт-насихат жұмысын ұйымдастырамыз", – деді KazWaste Қазақстандық қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мұстафина.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу