Қалқымалы АЭС-тер 2020 жылдан кейін пайда болады

2837

Бұл теңізге шыға алатын елдерге өз АЭС-терін салудан бас тартуға мүмкіндік береді.

Қалқымалы АЭС-тер 2020 жылдан кейін пайда болады

Жақын болашақта әлемде алғашқы қалқымалы атом электр стансаларын салу жоспарланып отыр. Ресей мен АҚШ қауіпсіздік деңгейі жоғары, жанармай ретінде жұтаңданған уранды пайдалана алатын реакторлардың мүлде жаңа түрін жасап шығаруға әрекеттеніп жатыр. Атом өнеркәсібіндегі соңғы жаңалықтар мен әлемдік энергетикалық баланстағы ядролық энергетиканың өсімі жөніндегі болжамдар өткен аптада Мәскеуде өткен "АТОМЭКСПО-2017" IX халықаралық форумында талқыланды.

Қатарға қосылған елдер және Қазақстан

Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттігі (АЭХА) бас директорының орынбасары Михаил Чудаковтың мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні 30 ел АЭС салуды қарастырып отырса, 30 елдің өз атом стансасы бар. Қатарға енді қосылып отырған елдер тобына төрт АЭС блогын салған Біріккен Араб Әмірліктерін жатқызуға болады. Сондай-ақ Беларусь те Ресейдің жобасы бойынша "БэлАЭС" стансасының екінші энергетикалық блогын салып жатыр.

"Соңғы бірнеше жылда бұл үрдіске қосылып келе жатқан африкалық елдер саны көбейіп келеді: Нигерия, Марокко, Кения. Былтыр біз Бангладеш, Малайзия мен Қазақстанның ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жасадық. Жалпы саны 22 кешенді тексеріп шықтық – 16 елде АЭХА-ның 22 миссиясы жұмыс істеді", – деді Михаил Чудаков "АТОМЭКСПО-2017" панельдік сессиясында сөйлеген сөзінде.

2016 жылы АЭХА миссиясы атом энергетикалық бағдарламасын іске асыруға қажетті Қазақстанның ядролық инфрақұрылымына кешенді шолу жасап біткен болатын. Бағалау 19 критерий бойынша жүргізілді (ұлттық ұстаным, ядролық қауіпсіздік, қаржыландыру). Қорытынды есепте инфрақұрылымды жетілдіру бойынша 10 кеңес пен 12 ұсыныс жазылып, үлгі ретінде үш табысты тәжірибе ұсынылды. Қазақстанның энергетика министрлігі есепті көпшілікке жария етпеу туралы шешім қабылдады.

Бұдан бұрын мекеме басшысы Қанат Бозымбаев электр энергетикасынан пайда түсіру жоспарын жуырдағы жеті жылға ауыстырылғанын айтып, Қазақстанда АЭС-ты жақын жылдары салу мәселесі қарастырылмайтынын мәлім еткен болатын. Сондай-ақ энергетика министрлігінің маусым айындағы болжамына сүйенсек, 2050 жылға қарай республикада электр энергиясын пайдалану 2016 жылғы деңгеймен салыстырғанда 50%-ға артып, сағатына 123 млрд киловатты құрайды. Осыған сәйкес жақын болашақта жаңа қуат нысандарын салу қажеттілігі туындайды. 2050 жылға қарай Қазақстанның энергетикалық теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесін 50%-ға дейін жеткізу жоспарда бар. Қазіргі кезде көмір өндірісі қаншалықты қысқартылатыны және атом стансалары елдің энергетикалық жүйесінің бір бөлігі бола ала ма, жоқ па түсініксіз.

Еске сала кетсек, 2015 жылдың желтоқсанында ресейлік "Росатом" корпорациясындағылар Қазақстанда АЭС салу туралы келісімге жедел қол қойылады деп күткен болатын. Ол кезде республика бір емес, бірнеше станса салуға біраз компанияны тартуы мүмкін екені айтылған. Алайда 2016 жылы Қазақстанның энергетика министрлігінің басшылығына Владимир Школьниктің орнына Қанат Бозымбаев келген соң жаңа атом стансаларын салу туралы жоспар да өзгеріп кетті.

Болашақта атом энергетикасын дамытудың екі нұсқасы бар деп есептейді Ресей Федерациясы атом энергиясының бұрынғы министрі Евгений Адамов. Күнделікті кедергілері бар дәстүрлі технологияларды пайдалану не жиналып қалған проблемаларды шеше алатын жаңа технологияларға көшу.

"Жаңа технологиялар шеңберінде жасалып жатқан конструкциялар реакторлардың қауіпсіздік мәселелерін қалай шешсе, радиациялық қалдық мәселелерін де солай шеше алады", – деді Евгений Адамов. Сондай-ақ Томск химиялық комбинатының алыңында тұйықталған жанармай циклінің бірінші кезеңінің құрылысы аяқталып келе жатқанын айтты.

"Шапшаң реакторларда пайдаланылатын қатты отын Чернобыльдегідей апатқа жол бермейді", – деп баса айтты ол "Ядролық энергетика: болашақ энергиясы әлде ескінің сарқыншағы?" атты дөңгелек үстел барысында.

Жаһандық бастамалар ғылыми кеңесінің президенті Томас Блис те реакторлардың жаңа конструкциялары АЭС-терді атмосфералық қысым кезінде қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік береді деген пікірді қолдайды. Бүгінгі күні пайдаланылып жүрген жоғары қысымда жұмыс істейтін су электр реакторларының құрылысы қымбатқа түсіп жатқанын атап өтті ол. Болашақта атом энергетикасы атмосфералық қысымда жұмыс істейтін реакторларға көшу керек болады, себебі жарылысқа жол бермейтіндіктен олар әлдеқайда қауіпсіз.

"Мұндай атмосфералық қысымда жұмыс істейтін реакторлардың бірнеше үлгісі бар және оларды жаппай таратуға болады. Олардың бірі – шапшаң нейтрондарға негізделген натрий реакторы, оны қазір Ресей жасап жатыр. Оңтүстік Кореяның да әзірлемелері бар, олар оны 2020 жылы салуға дайын. АҚШ-тың да өз реактор үлгісі бар – General Electric оның құрылысына лицензия алуға құжат тапсырып жатыр, ең озығы сол болуы мүмкін. Олар бұл үлгіні 1990 жылдан бері жасап келеді. Бұл реактор отын ретінде жұтаңданған уранды пайдаланады. Өте тиімді. Мысалға, гигаваттық электр стансасын іске қосу үшін екі жәшік жұтаңданған уран қажет болады. Бізде жұтаңданған уран өте көп – бұл өндірістік қалдық және сол арқылы біз барша планетаны мыңдаған жылдар бойы энергиямен қамтамасыз ете аламыз. Тіпті уран өндірмесек те болар еді", – деп түсіндірді Томас Блис abctv.kz-ке берген сұхбатында.

Жаңа ректорлардан бөлек, Ресей мен АҚШ секілді алпауыт атом державалары қалқымалы АЭС жобаларын жасап жатыр. Томас Блис АҚШ-ты мысалға келтірді, мұнда бір компания қуаты шамамен 100 мегаватт болатын осы тектес атом реакторын жасауда жұмыс істеп жатыр. Бұл теңізге шыға алатын елдерге АЭС салудан бас тартып, қалқымалы стансаларды өз электр тораптарына қосып, тек электр энергиясына ғана ақы төлеуге мүмкіндік берер еді. Томас Блистің пікірінше, Сауд Арабиясы, БАӘ, Ресей, Қытай, АҚШ секілді елдер қалқымалы ірі АЭС-терді салып, сол арқылы өзге мемлекеттерді электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Алайда АҚШ-та мұндай технологиялардың дамуын реттеушінің жоғары талаптары шектейді, ал Ресейде, керісінше, бұл мәселеге деген көзқарасы ашық. Оның болжамы бойынша, алғашқы қалқымалы АЭС-тер енді төрт-бес жылдан кейін пайда бола бастайды.

Климаттың өзгеруімен күресудегі атом энергетикасының үлесі

Климаттың өзгеруімен күрес тиімді болуы үшін 2050 жылға қарай атом энергетикасы әлем бойынша өндірілетін жалпы электр энергиясының 25%-ын қамтамасыз етуге тиіс. Мұндай ұсыныс Бүкіләлемдік ядролық қауымдастықтың (WNA) "Гармония" бағдарламасында жазылған. Ол үшін жалпы қуаты 1000 гигаватт болатын жаңа АЭС-тер салу қажет. Айта кетсек, 2015 жылдың басында әлемдегі атом энергетикасының үлесі шамамен 10%-ды құрады.

"2050 жылға қарай қуаттылығы 1000 ГВт атом электр стансаларын салу – қол жетерлік мақсат, ол құрылысты қарқынды жүргізуді талап етпейді. Бірақ бұл мақсатқа жетуге кедергі келтіретін қиындықтарды жою керек", – деп баса айтты  форумның басында WNA басшысы Агнета Ризинг, сондай-ақ ластанған ауаның салдарынан жыл сайын жеті млн адам көз жұматынын айтты.

ЭЫДҰ ядролық энергия жөніндегі агенттіктің бас директоры Уильям Мэгвуд Париж келісімінде (COP21) белгіленген мақсатқа жету үшін жыл сайын бес АЭС-тен салу керек екенін айтты.

"Яғни қазіргі деңгеймен салыстырсақ АЭС-тердің жалпы қуатын 2,5 есеге арттыру қажет. Нәтижесінде тиімділік артады, экологиялық көрсеткіштер жақсарып, ауаға шығарылатын қалдықтар мөлшері азаяды. Осы істер нәтижесін бермесе, Парижде қойылған мақсатқа жету үшін атом энергетикасының үлесін одан әрі үдету керек", – деп Уильям Мэгвуд форумның панельдік сессиясын түйіндеді.

Әлемдік энергетика теңгеріміндегі атом электр энергиясының үлесін арттырмай климаттың өзгеруімен күресу мүмкін емес екенін айтады сарапшылар. ЖЭК қуатын арттыру атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтарды азайтуға кепілдік бермейді. WNA-ның бас директоры Агнета Ризинг Германияны мысалға келтірді, мұнда жаңартылтын энергия көздерінің үлесі артқанына қарамастан бұл ауаға шығарылған қалдықтар мөлшерін қысқарта алмады.

"2008 жылдан бастап көмірсутек қалдықтары Германияда бір деңгейден түспей қойды. Ал өнеркәсіптік тұтынушылар электр энергиясын Еуропа бойынша ең қымбат бағамен сатып алып жатыр. Оның бағасы үй шаруашылығы үшін де қымбат болып тұр. Бұл жаңартылатын энергия көздерін субсидиялау бағдарламасына байланысты", – деп жағдайды сипаттап берді WNA басшысы.

"Ядролық энергетика: болашақ энергиясы әлде ескінің сарқыншағы?" атты дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде Евгений Адамов Германияның атом энергетикасынан бас тартып, ЖЭК өндірісіне көшу туралы жоспары "тек саяси" сипатта болғанын айтты. Оның мәліметіне сенсек, Германиядағы электр энергиясының құны 2011 жылы бір киловатына 19 еуроцентті құрады. Ол кезде АЭС-тердің жалпы елдің электр энергиясындағы үлесі 30%-ды құраған. Егер ЖЭК өндірісіне қарқынмен көшсек баға киловатына алты еуроцентке дейін қысқарады деп болжалған болатын. Ал іс жүзінде 2016 жылы баға 29 еуроцентке дейін өсті.

"Германия ЖЭК өндірісін 2011 жылы қолға алды, ол энергетикалық ахуалы нашар болғандықтан емес, тек саяси себептерге байланысты. Меркель ханым "жасылдарды" жеңу керек еді. Егер "жасылдар" ядролық энергетиканы шектегісі келсе, ол "Германияда ядролық энергетика мүлде болмайды", – деп мәлімдеді", – деп қорытты Евгений Адамов.

Әйгерім Сүлейменова, Құралай Әбілғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу