Қандай платформада қашықтан оқу тиімді?

12694

Байланыс операторлары отандық платформаларды тегін пайдалану мүмкіндігін ұсынып отыр.

Қандай платформада қашықтан оқу тиімді?

Күз келіп қашықтан оқыту жандаған күннен бастап халықтың қалтасына тағы бір салмақ қосылды. Әсіресе Zoom, Teams сияқты шетелдік платформалар арқылы сабақ оқитын оқушылардың шығыны кәдімгідей артқан. Әлеуметтік желіде оқу басталғалы интернет тарифі шақ келмейтінін айтып шағымданушылар көбейіп барады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин осындай шағым иелеріне толыққанды ақпарат берді. Оның айтуынша, олайн-білімді бастан-аяқ тегін алуға болады. Тек ол үшін шетелдік провайдерлерге жүгірмей, отандық платформаларды пайдалану керек.

"Қашықтан білім беруді қолдау мақсатында министрлік ұялы байланыс операторларымен бірлесіп,  мұғалімдерге, оқушылар мен студенттерге арналған "Білім" деген арнайы тарифті шығаруды пысықтады. Тарифтік жоспар қазақстандық бейнеконференция алаңдары мен Білім және ғылым министрлігі мақұлдаған 600-ге жуық  ресурсты шексіз әрі тегін пайдалануға арналған", – дейді Бағдат Мусин.

Министрдің мәліметіне сенсек, "Білім" тарифтік жоспарының абоненттік төлемі 990 теңгені құрайды және бұл дүниежүзінде ең төменгі баға көрінеді.  Аталған тарифтік жоспарға қалай қосылуға болатыны туралы ақпарат байланыс операторларының веб-сайттарында орналастырылған.

Бағдат Мусин министрлік қызметін тегін етіп ұйымдастырған отандық платформаларының Zoom, Teams сияқты танымал ресурстан артықшылығын да атады. 

"Байланыс операторларының барлық коммерциялық тарифтік жоспарларында отандық білім беру платформаларына тегін әрі шексіз қол жеткізуге болады. Егер қашықтан оқу аясында Zoom, Teams сияқты шетелдік ресурс қолданатын болса, ақы алынады. Осылайша Білім және  және ғылым министрлігі белгілеген отандық білім беру ресурстарын ақысыз қолдануға біздің тарапымыздан толық мүмкіндік жасалды. Отандық платформаларға қолжетімділік тиімді болу үшін біз әрбір  облысқа сервер орнаттық.  Бірінші күндері сол платформалардың ішінде көптеген проблемалар болды. Қазір жақсы, сапалы түрде жұмыс істеп жатыр деуге болады", – деді министр.

Есжан Ботақара 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу