Қандастар елден неге үдере көшті?

6285

2012 жылдан бері Қазақстаннан тұрғындардың көшіп кету үдерісі байқалған. Қазір бұл жағдай тіптен шиеленісе түскен. 

Қандастар елден неге үдере көшті?

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Сауытбек Абдрахманов осы мәселені көтерді. 

Депутаттың дерегінше, 2012 жылдан бері елден тұрғындардың көшіп кетуі күшеюінің жағымсыз үрдісі басталған, ол үрдіс қазір күшейе түскен. Соңғы бес жылда (2015-2019 жылдарда) елден 189 765 адам көшіп кеткен, ал көшіп келген этникалық қазақтардың саны – 70 933 адам. Айырмасы – 118 832 адам. 2017 жылдан бері миграцияның жыл сайынғы теріс сальдосы минус 30 мың адамдық шектен асып түскен. 2019 жылы Қазақстаннан көшушілердің саны 45 225 адам болған. Ал жекелеген өңірлерде тұрғындардың депопуляциясы анық сезілуде.

"Қазіргі таңда Үкімет қаулысына сәйкес қандастарымыз орналастырылатын өңірлер ретінде Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары бекітілген. Осы жеті облысқа этникалық қазақтардың көшіп келуіне бөлінген квота 2020  жылы 1378 адам болды. 2021 жылға бөлінген квота саны 1426. Өсім жоққа жуық. Қандастарға арналған квотаның мұншама азайып кетуін ештеңемен түсіндіру мүмкін емес. Экономикалық ахуал анағұрлым күрделі болған кездің өзінде бұл квота жылына 10 мың мен 20 мыңның арасында еді, соның арқасында жылына мемлекеттің көмегімен 40 мыңнан 80 мыңға дейін адам шетелдерден көшіп келетін", – дейді депутат. 

Ол жұмыс күшін қатты қажетсініп тұрған өңірлерге қоныстандыру жұмысы да жөнді жүрмей жатқанын сынға алды. Тұрғын үй бөлу, жеңілдетілген  кредиттер беру, жайылымға, егіндікке жер учаскелерін тарату, көшерақы қаражатын қарастыру тиісінше ойластырылмаған. Жаңа өңірге көшіп барудың оңды тәжірибесі дұрыс насихатталмайды. Мұндай үлкен істе болмай қоймайтын кемшіліктерді алаулатып-жалаулатып көрсету, сөйтіп қайта көшіп кетуге бейім көңіл-күйді күшейту, басқа жерге барып, бағын сынаушылардың сағын салған беттен сындыру басым.

"Қандастарды бюджетке қосымша салмақ түсіретін жүктеме ретінде қарайтын тар пиғылды түзетпейінше бұл істе, тәуелсіздікті тұғырландырудың стратегиялық ісінде нақты серпіліс жасай алмаймыз", – деді депутат сауалында.

Қымбат Нұрғали


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу