Қандастар қайда барады?

2689

2022 жылдың басынан бүгінге дейін орта есеппен 11 мыңнан астам этникалық қазақ "қандас" мәртебесін алған.

Қандастар қайда барады?

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр. Жалпы 1991 жылдан бері санасақ, 1 млн 100 мыңдай этникалық қазақ, тарихи отанына оралған. Көштің әуел баста қарқыны жақсы болғаны белгілі. Мұны осы саланы зерттеген ғалымдар да, әлеуметтанушылар да, халықтың өзі де растайды. Бірақ кейінгі жылдары атамекеніне ат басын бұрғысы келетіндердің саны азайыпты. Сәкен Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетінің профессоры Қайрат Бодаухан бұған квотаның азайып кетуі себеп деген пікірде.

"Нарыққа көшкен соң, шаруашылық субъектілерінің бәрі жекеге өткеннен кейін, мемлекет, квота арқылы көшіп келу мәселесі қиындай түсті. Мемлекеттен бөлінетін қаржы азайды. Бұрындары баспана берілетін. Кейін баспана берілмейтін болды. Келіп жатқан қандастардың тек 10 пайызы ғана квотаны қолданады. Қалғаны, өз бетімен көшіп келіп жатыр. Барлығы бірдей мемлекетке иек артпай, өздері қам-қарекет жасағасы келеді. Біз "екі қолға, бір күрек" тауып бере алмай отырмыз. Мұны шешудің тетіктері әлі жөнді қарастырылмаған", – дейді профессор.

Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (69,6%) Өзбекстаннан, қалған негізгі бөлігі Қытайдан (10,5%), Түркіменстаннан (7,1%), Моңғолиядан (4,6%) және басқа елдерден (4,6%) қоныс аударыпты. Этникалық қазақтарға әр отбасы мүшесіне, яғни әр адам басына 70 АЕК (214 410 тг) бір реттік төлем және бір жыл үй ақысын төлеп береді. Бұл жеңілдік СҚО, Павлодар, Қостанай, ШҚО, Ақмола  облыстарына барғандарға беріледі. Алайда қандастар квотаны пайдаланып, аталған облыстарға ат басын  бұрудан бас тартады екен. Сонда қайда барады? Негізінен, Алматы, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл  облыстарына бет алған. Қалғаны Алматы, Астана және Шымкент қалаларына тоқтапты. Мәселеге мән берсек, тұнып тұрған парадокс. Келіп жатқан азаматтар, ақша мен пәтерақыдан бас тартып, неге онсыз да тығыз орналасқан өңірді таңдайды? Мамандар Өзбекстаннан келгендер шекараға жақын жерге тоқтап, ары-бері қатынап тұруды қалайтынын айтады. Ал, Түркіменстаннан келгендердің туысы батыста көп көрінеді. Қазақтың жері ортақ, тілі бір. Еліміздің территориясы тек оңтүстік немесе батыспен ғана шектелмейді. Егемен еліміздің бірқатар облысы (СҚО, Павлодар, Қостанай, ШҚО, Ақмола) адам санын, нақтырақ айтсақ қазақ санын көбейте алмай әлек болып отыр.

Бос жатқан жер жау шақырады

Солтүстік өңірде халық санын арттыру үшін арнайы "Серпін" сияқты бағдарламалар да бар, одан қалды мемлекеттік жобалардың ішінде оңтүстіктен солтүстікке халықты көшіру сияқты идеялар іске асып жатыр. Бірақ сылбыр. Себебі адамды көшіріп апару өз алдына, оны жұмыспен қату қажет қой. Осы тұсқа келгенде шикілік көп көрінеді. Себебі жоғарыда аталған облыстарда күтіп алу мен жұмысқа тұрғызу, қайта оқыту сияқты нәрселер жөнді жолға қойылмаған. Одан қалды оңтүстіктегі ағайын мен қандастардың солтүстікке барғысы келмейтіні – тіл білмеуі. Мемлекеттік тілді емес, орыс тілін жетік меңгермегені. Ашығын айту керек, қоныс аударған азамат құжаттарын реттегеннен бастап, күнделікті тұрмыста айналасымен жөнді араласып кете алмаса, өзін бөтен сезінетіні анық. Осы тақырыпты талқылап отырып, тағы бір адам шошытар статистиканы келтіруге мәжбүрміз. Қазақстанда алдағы жылдары 500-дей ауыл жоқ болып кетуі мүмкін. Әсіресе солтүстік пен шығыста тұтас бір мектепте 40 қана бала оқып отырған жайы бар. Кей жерде тіпті 15 балаға 18 мұғалім сабақ беретіні ақпарат беттерінде жазылды. "Отандастар" қорының басқарушы директоры Нұрхан Жалиев қандастарды солтүстік өңірлерге жіберу үшін, өңірдің өзі дайын болу керек дегенді айтады.

"Солтүстік – мал өсіру үшін таптырмас орын. Қандастар мысалы, 200 бас, бір отар қой асырағысы келеді. Оған 200 гектар, кем дегенде 100 га жер қажет. Бұған мен шабындық пен суармалы жерді қосып отырған жоқпын. Осыны ақылға салып, кесіп, реттеп беруге болады ғой. Әкімдіктер мүлде мүдделі емес. Осы саланы зерттеп жүргеніме 4 жылдан асты ғой. Ашық айта аламын", – дейді "Отандастар" қорының өкілі.

"Теріскей бізге аманат!", – деп жүрген "Тәуекел" ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов та солтүстікке көшкісі келетін азаматтардың дені, хабарласқанда мемлекет қандай көмек көрсететінін сұрайтын айтады. Бау-бақша егуге заңды түрде жер алуға болады екен.

"Өткенде мен жер алдым. Біздің ауданның әкімі көшіп келетін әр отбасыға бау-бақша егуге құнарлы бір гектардан жер бере алатынын айтты. Ол заңда жазылып тұр. Сондықтан құр босқа даурықпай, әркім өз құқын қолданса қапы қалмайды".

"Кейде оңтүстік өңірден адамдар хабарласып 500 не 1000 гектар жер керек екенін айтады. Ол жерге мал бағып не егін салатынын алға тартады. Ауыл шаруашылығымен айналысқан тәжірибесін сұрасаң, мүлдем еш хабары болмайды. Ал тәжірибесі не техникасы болмаса жерді кім береді?", – дейді белсенді.   

Атап айтар болсақ, 30 жыл ішінде бір миллион қандасымыз елге келіпті.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу