Қандастардың қай өңірлерде шоғырланғаны жария етілді

2736

Елімізде 18 қарашада жаңа мереке пайда болмақ. Ол қандастарға арналады. Үкімет жылда осы күні оралмандар мәселесінің шешілуіне қатысты есеп беріп тұрады деп күтілуде.

Қандастардың қай өңірлерде шоғырланғаны жария етілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "ҚР мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы" 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулыға өзгеріс енгізетін Үкiметтің жаңа қаулысының жобасын әзірлеп, қоғам талқысына шығарды.

Оған сәйкес, Қазақстандағы мерекелер тізімі жаңа мейраммен толықпақ. Оны 18 қарашада атап өту ұсынылып отыр және ол "Ұлы көш күні" деп аталмақ. Орысша нұсқасы "День Великого переселения" болады.

"Бұл толықтыру Президент Қ. Тоқаевтың 2021 жылғы 16 қарашада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-шы отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 25-ші тармағын орындау мақсатында енгізілді", – деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.

"Ұлы көш 1991 жылы басталды. Елбасы "Алыста жүрген ағайынға ақ тілек" атты жолдауын жариялап, шеттегі қандастарымызды елге шақырды. Соның нәтижесінде 1,5 миллионнан астам қазақ Отанына оралды. Бүгінде олар егемен елімізді өркендетуге өз үлесін қосуда. Солардың ішінде Ауыт Мұқибек және тағы басқа қоғам қайраткерлері ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, арнайы күн белгілеу қажеттігін айтып жүр. Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер тізбесіне қосу мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын", – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев сол жиында.

Неге 18 қараша?

Әлеуметтанушы Бекжан Сәрсекеевтің айтуынша, дәл осы күні 1991 жылғы 18 қарашада Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаудан 1 ай бұрын ҚазКСР Министрлер кабинеті "Басқа республикалардан және шет елдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдірген тұрғылықты ұлт өкілдерін Қазақ КСР-іне қайта қоныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы" №711 қаулыны қабылдады. Азат Қазақстан қиын-қыстау замандарда жаһанға тарыдай шашылған қазақтарды ата-жұртқа оралуға шақырды.

Нәтижесінде, 1991-1992 жылдары, яғни бір жыл ішінде тарихи Отанына 61 609 этникалық қазақ қайтты. Елге үлкен лек келуі мүмкін екенін түсінген Үкімет 1992 жылдың маусымында "Иммиграция туралы" заң қабылдап, онда оралмандарға арналған квота енгізді. Көмек тек сол квота аясында келгендерге және Үкімет белгілеген ауыл-ауданға орналасқандарға көрсетілетін. Заңда сондай-ақ этникалық иммиграция мәселелерімен айналысатын арнайы орган құру қарастырылды.

Еңбек министрлігінің дерегінше, шынында 1991-2021 жылдар аралығында жалпы саны 1 084 692 шетелдік қазақ ата-жұртқа көшіп келіпті. Оның ішінде ең көбі – іргедегі Өзбекстаннан (542 658 адам). Одан кейін Қытай тұр. Шың елінен осы кезге дейін 355 501 қазақ елге көшті. Түрікменстаннан – 74 706, Моңғолиядан – 55 937, Ресейден – 16 816, Ауғанстаннан – 13 330, Ираннан – 8 645, Қырғызстаннан – 7 372, қалған бірнеше мыңы – өзге елдерден. АҚШ-тағы қазақтар ішінен қандас мәртебесінде оралғаны жоққа тән, Еуропадан – некен-саяқ.

Қай елден келген қазақтар қай өңірді қалады?

Өзбекстаннан келгендердің көбі Түркістан (199 984), Маңғыстау (77 661), Жамбыл (77 086), Алматы (66 122), Қарағанды (33 062) облыстарын таңдаған.

Қытайдан келген қазақтар негізінен Алматы облысында (227 494) шоғырланды. Үлкен топтары ШҚО-да (41 799), елордада (22 083), Ақмола облысында (20 702) және Алматы қаласында (15 934) тұрып жатыр. Қостанай облысына – жалғыз, БҚО-ға – 9 қытай қазағы ғана қоныстаныпты.

Түрікменстаннан келген қазақтардың барлығы дерлік жалғыз өңірді – Маңғыстау облысын мекен етуде (67 516 адам). Ақмола облысында – 1, Шымкентте – 4 адам, ШҚО, Қызылорда, Павлодар облыстарында олар мүлдем жоқ.

Моңғолия қазақтары Ақмола облысында (17 490) көп тұрады. ШҚО-да – 9 510, Павлодар облысында – 9 713, Қарағанды облысында – 8 796, Астанада – 1 461, Алматыда – 553-і мекендейді.

Ресей қазақтарының көбі, бір қызығы, Түркістан облысын таңдапты (9 079). Өзгелері негізінен Маңғыстау (3 182), Жамбыл облыстарында (1 536), ШҚО-да (1 002) тұрып жатыр. Сарапшылардың байламынша, Ресей қазақтары қай жерде жұмыс көбірек болса, сол өңірді таңдайтын көрінеді.

Ирандық қандастар да Маңыстау облысында (8 551) жиналған.

Қырғыз елінен қоныстанған ағайындардың көбі (4 253) Жамбыл облысына орнықты, қалған өңірлерде саны мыңға да жетпейді.

Ауғанстаннан қайтқан қазақтар бәрінен де ерекшеленеді, олар 17 өңірдің барлығында дерлік біркелкі қоныстаныпты. БҚО-да (2 395), Ақмола (1 756), Ақтөбе (1 115), Маңғыстау (1 493), Түркістан облыстарында (1 059) және елордада (1 454) сәл көбірек.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің дерегінше, барлық қандастар ішінде еңбекке қабілетті жастағы адамдар үлесі – 56,5%, балалар – 24%, зейнеткерлер – 19,5%. Еңбекке қабілетті жастағы адамдар ішінде 11,3%-ы – жоғары білімді, 39,5%-ы – орта кәсіби білімді, 45,5%-ы – тек мектеп бітірген. 3,7%-ы – білім алмаған.

Қандастар мұнайдан да өзге салаларға қызығады

Жалпы жоғарыдағы ресми статистикадан байқалғандай, кейбір елдерден көшіп келген қандастардың үлкен бөлігі Маңғыстауда, соның ішінде Жаңаөзенде шоғырланған. Әкімдерге жазған шағымдарында олардың біразы мұнай өндіретін және оларға сервистік қызмет көрсететін компанияларға орналасқысы келетінін айтады.

Қазіргі кезде ел Үкіметі көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға дейінгі жаңа тұжырымдамасын әзірлеп жатқаны мәлім. Әлеуметтанушы Бекжан Сәрсекеевтің байламынша, билік сол құжатта қандастарды өзге салаларға, мысалы, ауыл шаруашылығына тартудың жайын ойластырғаны жөн. Бірақ бұған ауылда жер жетіспеуі кедергі келтіруде, соның проблемасын шешу қажет.

Бұл пікірді қандастар қостайды. 2019 жылы Қытайдан келген қазақ Әкімбай Нұрлыбек жер алып, өз кәсібін ашпақшы болыпты. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында 500-дей құс өсіре бастаған. Содан шаруашылығын кеңейту үшін жер сұрап, әкімдікке барады.

"Құс өсіріп, жұмыртқа өндіру үшін қолайлы жер телімін сұрадым, еш нәтиже болмаған соң, амалсыз, жаз айында үй құсын далада табиғи жайып бағамын, ал қыс түскенде, қорада ұстаймын. Бос жер жоқ дейді, содан қолайлы 6 гектар бос жер телімін тауып, оның бос екендігін дәлелдеп тұрсақ та бізге жұмыс жасап, кәсіптенуге еш мүмкіндік бермей отыр. Құс шаруашылығының тиісті жобасын да ұсындық. Тауыққа керекті азықты да өзім егемін, тауық қора саламын. Құс жайылымын қоршаймын, жалпы құс шаруашылығын жүргізуге жан-жақты дайындалдым. Тек жер жоқ. Бос жер телімінің орналасқан жері бойынша Ақши ауылы әкімдігіне, содан соң Есік ауданы әкімдігіне бос жердің картасымен қоса, бизнес жобасын қосып, өтініш жаздым. Бәрі бас тартты. Шенеуніктер бір-біріне сілтейді, бірақ жерді бермейді", – дейді Ә. Нұрлыбек.

Жергілікті биліктің айтуынша, бүгінгі таңда Еңбекшіқазақ ауданы көлемінде конкурс және сауда-саттыққа шығарылатын бос жер учаскелері жоқ. Сонымен бірге Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Д. Нұрғисанов өтініш иесіне жолданған хатында "жобаны іске асыру үшін жер учаскесінің бар екенін растайтын уәкілетті органның құжаты жоқ болғандықтан, аудан әкімдігі тарапынан ұсыныс беру мүмкіндігі де жоқ" деп хабарлапты.

Еңбекшіқазақ ауданының Ақши ауылдық округі әкімінің аппараты "ол азамат жер мәселесі бойынша жүгінген жоқ" деп отыр. Оның 5,6 га мөлшерінде бос жер учаскесін беру жөніндегі өтінішін Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі қараған екен. Жауабы сол: "инвестициялық жобаларды іске асыру үшін белгілінген тәртіппен бос жер участкелері болған жағдайда ол азаматтың жер учаскесін алуға мүмкіндігі туады".

Әлемдегі тоғызыншы территорияны иеленіп отырып, ауыл кәсібін дамытқысы келген бизнесмен-инвесторға жер тауып бере алмағаны қиын. Әділін айту керек, бұл сергелдең былтыр, бұрынғы әкімдер тұсында болыпты, таяуда облыс басшысы ауысқаны мәлім. Енді Алматы облысының жаңа әкімі Қанат Бозымбаев өңірде жер тапшылығы мәселесін шешеді деген үміт бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу