Қаншама азулысы мен жемқоры болды: Депутаттар неге әкімнің шешіміне қарсы тұра алмайды

3207

Қазақстан "өңірлік парламенттердің" құзырын күшейтуге шешім қабылдады.

Қаншама азулысы мен жемқоры болды: Депутаттар неге әкімнің шешіміне қарсы тұра алмайды Фото: cobrio.club

Бұл "мәслихат депутаты" мәртебесінің көтерілуіне ықпал етуге тиіс.

Биылғы жылы тәуелсіз Қазақстанның жергілікті сайланбалы органдарының – мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толды.

1993 жылдың желтоқсанында сол кездегі бір палаталы Парламенттің – Жоғарғы кеңестің депутаттары ұзақ ырғаса, пікір таластыра келе, ақыры "ҚР жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы" заңын қабылдады. Заң республика билігін – өкілді және атқарушы органдар деп бөлді және әрқайсысының құзыретінің ара-жігін ашып берді.

Нәтижесінде, кеңес заманынан қалған Халық депутаттарының кеңестері депутаттардың жиынына – Мәслихаттарға айналып, қайта құрылды. Келесі 1994 жылы өңірлік депутаттардың алғашқы сайлауы өтіп, жергілікті мәслихаттар жұмысын бастады. Дәл осы кезден бастап, егемен еліміздің өкілді органдарының тарихы басталды.

Дегенмен, 30 жылдық мерейтой биігіне мәслихаттар мақтанарлық дәрежесімен көтеріліп отырған жоқ, еңсесі түсіңкі күйде жетті. Мәслихат депутаттарына жалақы төленбейді. Мәслихаттар әкім не айтса, соны орындайды, әкімнің қалаған шешімін заңдастырып береді.

Отыз жыл ішінде жергілікті депутаттардың ұжым болып, әкімнің заңсыз шешіміне қарсы тұрған, табаны таймай тайталасқан жағдайы тарихта тіркелмеді. Өткен онжылдықтарда облысты не қаланы өз дүниесіндей көріп, төл сарайындай жайлап, ойына келгенін істеген қаншама азулы, жемқор әкім болды, оның бірде біріне мәслихат тоқтау салмады.

Жалпы, мәслихат деген институттан ақыры не шыққаны Президентке де ұнамай тұр. Ол оны "гибрид" деп атады.

"Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Бүгінде олар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отыр. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет!", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында.

Бүгінде негізінен қалталы немесе елге танымал адамдар "депутат" деген атағы мен иммунитетіне қызығып, мәслихат сайлауына түседі. Сондай-ақ мәслихат арқылы әрі қарай Сенат депутаты болып сайлануға ілеуде біреудің мүмкіндігі бар. Әр өңірден мәслихаттар өз арасынан 2 сенатордан сайлайды.

Әйтсе де, Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәслихат депутаттарының өкілеттігін, тиісінше мәртебесін күшейту бастамалары пысықталып жатқанын айтады. Мұны Премьер Сенат депутаттарының сауалына жауабында мәлімдеді. Ол жергілікті өкілді органдардың дербестігін арттыру туралы ұсыныстар қаралғанын жеткізді.

Мысалы, жергілікті депутаттар өз өңіріндегі салық ставкаларын өздері реттеуге тиіс деген бастама бар. Маңыздысы сол, Қазақстан федералды емес, унитарлы мемлекет. Ендеше орталық енгізген бір салық барлық өңірге бірдей. Әр өңір өз салығын ойлап таба алмайды.

Әйтсе де, біршама жеңілдіктер берілуі мүмкін. Мәселен, еліміз бойынша бөлшек салық енгізілді. Ол шағын кәсіпкерлердің табыстарының 4%-ына дейінгі көлемді құрайды. Салық кодексінің 696-3-бабына сәйкес, жергілікті мәслихаттарға сол бөлшек салықтың мөлшерін екі есе азайту (2%-ға дейін), сол арқылы жергілікті ұсақ және шағын бизнесті қолдау мүмкіндігі берілді. Өңірлер бұл құқығын пайдаланып, ставканы белсенді түрде төмендетуде.

Бұған дейін әр өңірге туристік алым көлемін де өз бетінше белгілеу құқығы берілген, бірақ 2024 жылдан бастап, бүкіл еліміз бойынша туристік алымның уақытша "0" ставкасы белгіленді.  

"Салық кодексіне сәйкес жергілікті мәслихаттарда кейбір салық түрлерінің базалық ставкаларын реттеуге, сондай-ақ Бюджет кодексіне сәйкес салықтардың кейбір түрлері бойынша кірістерді әртүрлі деңгейдегі бюджеттер арасында бөлу нормаларын белгілеуге құқығы бар. Бұл ретте мәслихат депутаттарына жергілікті бюджеттің шығыстарын ұлғайтуды немесе кірістерін қысқартуды көздейтін шешімдердің жобаларын қарау кезінде бюджеттік комиссиялардың құрамына кіру құқығын беру ұсынылды", – деді Олжас Бектенов.

Бүгінде ел көп мәселеде депутаттарға жүгінетіндіктен, халық сайлаған өкілетті органның рөлін күшейту – заман талабы.

Халықтың өкілді билікке сенімін нығайту үшін мәслихаттардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету мақсатында былтыр "Мәслихат төрағасы" лауазымы енгізілді. Депутаттар ішінде жалғыз сол ғана жалақы алады. Мәслихаттардың ықпалын күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібі өзгертілді.

"Себебі, "мәслихат хатшысы" лауазымын "төрағаға" ауыстырғанымен, мәслихат төрге, ісі өрге шығып кеткен жоқ. Шын мәнінде, бүгінде әкімдіктердің мәслихаттарға толық үстемдігі анық! Өйткені нақты билік атқарушы тармаққа тиесілі. Халық сайлаған депутатқа тағайындалған әкімнің үстемдік етуі демократиялық ұғымға ешқандай сай келмейді. Өкінішке орай, жергілікті өкілді органдардың қызметін халықтың көпшілігі байқай алмауда. Мәселенің шешімі – мәслихаттардың әкімдіктерге тәуелділігін жою! Мәслихаттың дербес құрамын – кандидаттарды әкімдіктің келісімімен айқындауды тоқтату қажет. Депутаттарды әкім таңдамай, халық сайлауы қажет", – делінген "ақжолдық" депутаттардың Үкіметке сауалында.

Су тасқынына дер кезінде тосқауыл қойылмауы жергілікті мәслихат депутаттарының өкілеттігінің әлсіздігіне де байланысты. Себебі өңірлерде су тасқыны болатынын ескерткен мәслихат депутаттарының дабылын әкімдер құлағына қыстырмаған. Оның арты алапат су тасқынына, адам, мал, мүлік шығындарына алып келді. Бұл еліміздің атқарушы билігіне ащы сабақ болуға тиіс және мәслихат депутаттары өкілеттігін күшейтуді жеделдету қажет.

Сол себепті, "Ақ жол" партиясының бір топ депутаты дамуы дағдара бастаған "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" формуласын жаңғыртып, жергілікті деңгейде "Ықпалды Мәслихат – есеп беретін Әкім" формуласына жалғастыру бастамасын көтерді. Соның аясында өкілеттіктері ара-жігін айқындап, мәслихатты әкімдіктен мүлдем тәуелсіз институт ретінде қайта құру, билік тармақтарының тепе-теңдігін түзу шараларын қарастыруды ұсынды.

Алайда атқарушы билік – Үкімет басшысы жаңа формуланы қабылдамады. Ол депутаттарға соңғы референдум нәтижесінде сайлау туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2023 жылдан бастап облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының депутаттары пропорционалды-мажоритарлық модель (50/50) негізінде сайлана бастағанын еске салды. Яғни, жартысы бір мандатты депутаттардан, тағы жартысы – партиялық тізіммен қалыптастырылады.

Ал, аудандар мен қалаларда толығымен мажоритарлық жүйе қолданылады. Барлығы жеке сайланған бір мандатты депутаттар.

"Мұндай модель депутаттар корпусын тек партия өкілдерінен ғана қалыптастырылуын жоққа шығарады және ұлттық деңгейде де, сол сияқты аймақтық деңгейде де сайлаушылардың мүдделерін жақсы ұсынады. Жергілікті өкілді органдардың дербестігін арттыруға қатысты ел Парламентінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарынан, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардан Үкімет атына мәслихат депутаттарының қызметін жетілдіру жөнінде ұсынымдар мезгіл-мезгіл түсіп тұрады", – деп хабарлады Премьер.

Айталық, ұсыныстардың бірінші тобы – жергілікті өкілді органдардың құзыреттерін кеңейтуге бағытталған. Мәслихат депутаттарына жергілікті бюджетті қайта қарап, нақтылауға бастама жасау, мәслихат депутаттарына халық қатысатын бюджет жобасының іске асырылуын мониторингтеу мен бақылауға қатысуы құқығын беру ұсынылыпты.

Екінші тобы – мәслихат депутатының мәртебесін күшейтуді қарастырады. Бірқатар түзетулерді жергілікті өзін-өзі басқару саласын жетілдіру шеңберінде пысықтау ұсынылды.

Мысалы, мәслихат төрағасын өзіне тән емес функциялардан босату мақсатында аппарат басшысы (кадр мәселелері, тәртіптік және конкурстық комиссиялар және т.б.) мен мәслихат төрағасы (мәслихат сессиясы, депутаттық сауалдарды бақылау, тұрақты комиссиялардың қызметін үйлестіру және т.б.) арасындағы функционалдық блоктың аражігін ажырату бойынша жұмыс жүргізу ұсынылып отыр.

Үкімет басшысы мәслихаттарға қатысты сынды әділетті санайды. Мәслихаттар қызметіне талдау бірқатар былықты анықтаған. Мысалы, мәслихаттар аппараттарының көпшілігінде штат санының нормативтерін сақтамау фактілері, барлық мәслихатта штаттан тыс қызметкерлердің артық санының болуы әшкереленді. Соның ішінде мәслихаттардың мемлекеттік қызметшілерінің штаты 1 154 бірлік болса, оған қоса штаттан тыс 825 қызметкер алған. Оларға айлық төленеді.

Билік бұл саланы ретке келтіруге ниетті.

"Соңғы 2 шақырылымда кейбір өңірде мәслихат депутаттарының саны ұлғайғанын және мәслихат депутаттарының бірнеше рет өтініш жасағанын ескере отырып, мемлекеттік қызметшілер мен депутаттар санына "4 депутатқа 1 қызметкер, бірақ бесеуден кем емес" қағидасымен штаттан тыс қызметкерлер санын қысқарту есебінен мәслихаттар штатын кеңейтуді жүзеге асыру ұсынылады", – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар тұрақты негізде жұмыс істейтін мәслихат депутаттарының еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғалуын жақсарту үшін Президент мәслихатты таратқан жағдайда депутаттық өкілеттіктер тоқтатылған күннен бастап, депутаттарға 3 айдан асырмай ай сайын жәрдемақы төлеуді көздейтін норма енгізілмек.

Алайда мәслихат депутаттары өз еңбегі үшін ары қарай да жалақы алмайды, қоғамдық негізде жұмыс істейді. Жаңа ұсыныс қабылданса, тек мәслихаттар мерзімінен бұрын таратылса ғана оның депутаттары 3 айдай жәрдемақы алады.

"Ұсынылып отырған нормалар мәслихаттардың қызметін жақсартуға және дербестігін арттыруға ықпал ететін болады. Бұл түзетулерге Үкіметтің норма шығармашылық жұмысы шеңберінде бастама жасалып, заң жобасы жазылып, биыл ел Парламентіне енгізілетін болады", – деп уәде етті Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу