Қансорғыштарды жеңуге қауқар жете ме?

Билік шыбын-шіркеймен күресіп жатыр.

Қансорғыштарды жеңуге қауқар жете ме? Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысында көктем-жаз мезгілінде туындайтын негізгі проблемалардың бірі – мазаны алатын масаның көбеюі. Бұған дейінгі жылдарда оның көп болғаны соншалық, тұрғындар далада емін-еркін тыныстаудан, балалар аулада ойнаудан қалды. Тіпті, құстар қырылған кездер болды. Биыл мұндай жағдай қайталана ма? Қанды аяусыз ішетін жәндіктермен күрес қалай жүріп жатыр? inbusiness.kz тілшісі зерделеп көрді.

Өткеннен алған сабақ

Жалпы, шыбын-шіркейдің көптігі бұрын көп жағдайда теріскейдегі өңірлерге тән болса, енді оңтүстіктегі ағайынды да алаңдатып отырған сыңайлы. Таяуда Түркістан облысы Отырар ауданының бір топ тұрғыны қорадағы құстарынан бастап, бұзау-құлынға дейін шіркейдің жемтігіне айналып жатқанын айтып, дабыл қақты. Ал мұндай мәселе павлодарлықтарға бұрыннан бері таныс. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын облыс орталығының іргесіндегі Павлодар ауылындағы жекелеген аулалардағы үйрек, қаздар осы жәндіктердің кесірінен арам қатқан еді. Құс өсіріп, нәпақасын тауып отырған ағайын зар илеп қалды. Кейбірі бір түнде бірден бес қазынан айырылды. Сол тұста жаппай белең алған жағдайды зерделеген ветеринарлар құстар тыныс алу жолдарына шіркейдің кіруі салдарынан қырылған деген байлам жасады.

Осы іспетті жағдайлардан соң, жергілікті билік қансорғыштарға қарсы күреске білек сыбана кірісті. 2021 жылы жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын сомаға мемлекеттік конкурс жариялады. Сол тұста күллі ел бұл соманың қомақты екенін қызу талқыға салған-ды. Ал әкімдік миллиардаған қаржы бірден үш жылға қарастырылып отырғанын айтты. Сөйтіп, тендерді "QSM Engineering"  ЖШС ұтып алды. Мердігердің ісі тиімді әрі нәтижелі болуы үшін оған ғалымдардың кеңесі қажет екені ескеріліп, тағы бір мемлекеттік конкурс жарияланды. Оның қорытындысы бойынша "TEK.A.TEK.kz" ЖШС үш жыл бойы дезинсекциялық шараларды ғылыми сүйемелдеуге жауаптанды. Мемлекет пен мердігер жасасқан шарттың сомасы – 23,3 млн теңге.

Биыл екі мердігердің ісі аяқталады. Үшжылдық келісімшарттың мерзімі тәмам. 2021 жылы келісімшарт жасалған уақыттағы жағдайды жоғарыда айттық. Мердігерлер жұмысының алғашқы жылы онша-мұнша сәтті бола қойған жоқ. Облыстың барлық дерлік ауданынан шыбын-шіркейдің көптігіне қатысты шағым түсіп жатты. Сол кезде мамандар мұны судың кеш әрі көп көлемде босатылуымен, мемлекеттік конкурстың кеш өтіп, дернәсілдерді өңдеу кезінің кеш қалуымен байланыстырды.

Былтырғы жағдай онымен салыстырғанда анағұрлым жақсарды. Алғашқы жылы тәжірибе жинаған мердігерлер бұл жолы дезинсекциялық шараларға ерте кезден араласты. Су жіберу де ерте басталып, бұрынғыға қарағанда 10 күнге ерте аяқталды. Бұған дейін авиаөңдеу үш аптаға жалғасып, осы уақыт аралығында дернәсілдер қанаттанып үлгерсе, өткен жылы әуеден өңдеу жұмыстары бір аптада атқарылды. Сол арқылы масаны дернәсіл кезінде-ақ улауға мүмкіндік болды. Улауға арналған сұйықтықтың құрамында биологиялық препараттың көлемі 10% болса, былтырдан бастап 30%-ға дейін көбейтілді.

Қысқасы, әкімдік, ғалымдар мен негізгі мердігер қансорғыштардың санын азайту үшін барын салып бақты. Бірақ олардың жұмысын бас бармақпен бағалауға келмейді. Әсіресе, Ақтоғай мен Треңкөл аудандарындағы тұрғындардың өкпесі қара қазандай. Ертіс өзенінің жиегіндегі бұл аудандардың азаматтары ала жаздай шіркейден көз ашпады.

"Өткен жылғы жағдайды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Масаның буып тұрғаны соншалық, аулаға шығу түгілі есік, терезелерді ашудан қалдық. 5-10 минутқа ойнауға шыққан балалар бірден қотыр болып келетін. Ит-құсқа, жайылымдағы малға обал болды. Масаның көптігі кесіренен талай жоспарымызды кейінге шегеруге тура келді", - деп еске алады Ақтоғай ауданының тұрғыны Ләйлә Жүсіпова.

Шынымен, былтыр аталған аудандағы жағдай ушықты. Мұны жергілікті билік те жоққа шығармайды.

"Ақтоғай және Тереңкөл аудандарының жайылмасы төмен орналасқан. Олардағы су басқа аудандарға қарағанда екі есе ұзақ тұрады. Мысалы, Май, Аққулы аудандарында су шамамен 20-25 күн тұрса, аталған аудандарда 45 күнге дейін тартылмайды. Ал бұл - қансорғыш жәндіктер популяциясының көбеюі үшін қолайлы орта. Осы жылы мұндай қиындық туындамас үшін биологиялық препаратпен авиациялық өңдеу жүргізілді", - дейді Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева.

Дернәсілдер азайып келеді

Енді биылғы жағдайға ойыссақ. Осы жылы да келісімшартты түйіндейтін бас мердігер мен ғалымдар бірнеше жаңашылдық енгізді. Жалпы, өңдеу жұмыстары үш жолмен – әуеден, судан және жерден жүргізіледі. Бүгінде АН-2 маркалы төрт ұшақтың көмегімен жайылмалардың аумағы өңделді. Ұшақтар 183 рет ұшты. Оның ішінде биологиялық препарат 118 рет, химиялық түрі 65 рет шашылды. Бірден айта кетейік, химиялық препарат судың тартылуынан қалған ұсақ көлшіктерге ғана құйылады. Сондықтан одан қандай да бір қауіп болмауға тиіс.

Ұшақпен қамтылмай қалған аумақтарды мамандар жаяу жүріп өңдейді. Осы уақытқа дейін олар биологиялық препарат көмегімен 1,4 мың гектар аумақта дезинсекциялық шаралар жүргізді.

Сондай-ақ, "Бактицид" деп аталатын биологиялық препараттың бір бөлігі Ертіс өзеніне құйылады. Осыдан бірнеше күн бұрын оның алғашқы партиясы Аққулы ауданы Бесқарағай ауданының аумағынан жіберілді. Оған 2021 жылдан бері шыбын-шіркейге қарсы күресіп келе жатқан сол тұстағы облыс әкімінің орынбасары, бүгінде аймақтың басшысы болған Асайын Байханов та қатысты. Бұған дейін жауапты тұлғалар масамен күресте жеңіліп қалса, олардың қанын өзі ішуге уәде берген әкім жұмыстың барысын жіті қадағалауды қалаған сияқты.

Сонымен, Ертіс өзенінің 1130 шақырымына барлығы 166,7 литр препарат пайдаланылмақ. Оның 8 нүктесі белгіленді. Яғни, әр 100 шақырым сайын құйылады. Мамандардың сөзінше, биологиялық препарат судағы балыққа да, оған шомылатын адамға да кері әсер етпейді. Тек шіркейлердің дернәсілдерін улауға бағытталады.

Бұл жұмыстар нәтижесіз емес сыңайлы. Осыдан бір жыл бұрын маса мазаны ала бастаса, бүгінде қансорғышты сирек кездестіресіз.

"Былтыр 22 мамырдағы баламның туған күнін табиғат аясында өткізбек болып, ас-ауқатымызды арқалап шыққан едік. 20 минуттан соң бірден үйге оралдық. Себебі сары маса әбден талап тастады. Ал биыл өткен жылы орындалмай қалған жоспарымызды іске асырып, далаға шықтық. Бірде-бір маса болған жоқ. Саябақта да байқалмайды. Бұл – соңғы бірнеше жылда болмаған жағдай", - дейді павлодарлық Алмагүл Рамазанова.

Тұрғынның сөзін ғалымдардың мына бір дерегі дәлелдейді. Былтыр осы уақытта жүргізілген зерттеу кезінде бір шаршы дециметр аумақта 1100 қансорғыш жәндік болса, биыл оның саны әзірше 700-ден асқан жоқ.

Шіркей шырылдата ма?

Негізі, халық арасында сары маса аталып кеткен қанатты жәндікке қарағанда шіркейден көрер зәбір көп. Ғалымдар мен мердігердің есептеуінше, сары масаларға қарсы әуеден өңдеу жұмыстарының тиімділігі 90%-ды көрсетті. Ал шіркеймен күрестің "көкесі" әлі алда. Ол өзі ұсақ болса да, өткір тісімен адам денесін тіліп өтеді. Дәл сол шіркей шаққан соң құстар қырылады. Ертіс өзеніне препараттарды құюдың негізгі мақсаты да осы қансорғыштардың санын азайту.

Бұл салада 25 жылға жуық уақыт зерттеу жүргізіп жүрген ғалым, биология ғылымдарының докторы Қанат Ахметовтың айтуынша, шіркейлер таза суда жақсы дамиды. Бірақ су жіберу кезінде сумен бірге түрлі қоқыс ағып келеді. Жабыны нәзік дернәсілдер сол қалдықтардан жасырынып, жағалаудағы өсімдіктерден пана іздейді. Яғни, қиын жағдайда дамиды. Ал бұл өз кезегінде кейбір бөліктерінің қалыптаспауына әкеп соғады. Денелерінде тиісті заттар құралмағандықтан жылықанды, ақуызы мол тіршілік иелерін іздейді. Сөйтіп, адамдар, ит-құстар, төрт түлік оның "құрбанына" айналады. Қиыны сол, шіркей ақуыз алу үшін адам денесін піспей, терісін жыртып жібереді.

"2001 жылы мамырда шіркейдің рекордтың саны "туды". Сол кезде бір шаршы дециметрдегі шіркейді саны 6 мыңға (!) жеткен еді. Биыл – 700 дана. Айырмашылық жер мен көктей. Олардың популяциясы азайып жатыр.Бірақ солай екен деп, дезинсекциялық жұмысты тоқтатып қоюға болмайды", - дейді ғалым.

Сала өкілдерінің сөзіне сенсек, сары маса дернәсілдеріне қарсы күрес сәтті өтті. Енді ол жұртшылықты аса мазаламауы тиіс. Бұл тұрғыдан қарасақ, есеп 1:0. Өңдеу жұмыстарының пайдасына жазылады. Ал шіркейлердің қалай болары әзірше белгісіз. Ол Ертіс өзенін өңдеу, ауа райы сияқты факторларға байланысты болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу