Қансыраған елге – кайф-дүкендер...

2142

Шетелдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, агрессор жермен-жексен еткен Мариупольде есірткі саудасы жолға қойылған. Оны сататын орындар "кайф-дүкен" деген атау алыпты. Украинаның жау қолындағы аумағы азат етілмесе, ол ТМД-дағы Ауғанстанға айналып кетуі ғажап емес деген қауіп бар.  

Қансыраған елге – кайф-дүкендер...

Ресейлік басылымдардың жазуынша, "ЛДХР"-де 8 жыл бойы қанат жайған есірткі дүкендері Украинаның оккупацияланған қалаларында да өз бөлімшелерін ашып жатыр.

Жалпы Ресей жаулаған қалаларды қазіргі кезде толығымен әскерилер және ресейлік арнайы органдар қадағалайтыны мәлім.

"Соғыс сепаратистік республикалардағы есірткі саудагерлері үшін ықпал аймағын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер берді. Донецк және Луганск аумағындағы "халықтық республикаларда" жұмыс істеп келген есірткі дүкендері қыркүйек айының басында оккупацияланған Мариуполь және Херсон қалаларында да есірткі саудалай бастады", – деп жазады өз зерттеуінде "Новая газета. Европа" басылымы.

Онда айтылғандай, 6 қыркүйекте "ЛДХР"-дің Telegram-дағы есірткі чаттарында жергілікті "Кайф-дүкен" хабарламалар жолдай бастаған. Есірткі саудагерлері енді Мариуполь қаласында да жұмысқа кіріскендерін жариялады. Тіпті клиенттерге тауарды үйінің қасына жеткізіп береді.

Журналист Андрей Каганскихтің мәліметінше, қазір дүкеннің Telegram-боты арқылы Мариупольде метадон, гашиш, сондай-ақ альфа-PVP стимуляторы, амфетамин сатып алуға болатын көрінеді. Құны Луганск пен Донецктегідей. Есірткі үшін биткоиндармен немесе ресейлік банктердің жергілікті картасынан аударумен төлеуге болатын көрінеді.

Ақпараттың шын-өтірігін тексеру үшін "Новая газета. Европа" наркобот арқылы бақылаулық сатып алды. Тауардың Мариупольдегі қандай аулаға жеткізілгенін де фотосуретке түсіріп алған. Ол жердің координаттары ғарыштық түсірілімде көрсетіліп отыр. Бұл Украинаның дұшпан басып алған аумақтарында есірткі бизнесі жолға қойылғанын дәлелдесе керек.

Жау қолында қалған жұрттың тағдыры қайғылы. Оккупацияланған қалаларда есірткі сататын дүкендердің ашылуына екі жарым айдай уақыт кеткен. "Кайф-дүкендер" форумдарда хабарлама жариялау және спам-жолдамалар жолдау арқылы наркокурьер іздеген. Бір мекенжайға есірткі жеткізуге 320 рубльден төленетіні хабарланған.

Алайда күл-талқан болып қираған қалаларда тұрғындарының көбі басы ауған жаққа босып кеткендіктен, тағы бір бөлігі қаза тапқандықтан, тірі қалған адамдар арасынан есірткі тасушыны табу оңайға түспепті. Қайғыдан қан жұтқан халық бомбапаналардан енді ғана шығып, нан мен су таба алмай, тарығып жатты.

"Мы выжили в Мариуполе" Telegram-арнасында наркокурьер вакансиясының бары туралы пост 24 маусымда пайда болды. Бұл арна Мариупольдің бұрынғы тұрғыны Иннаның блогы. Ол көптеген жазылушылары әлгі спамға шағымданғанын хабарлады. Оның болжамынша, есірткі саудагерлері хабарламаларды мариупольдік нөмірлер базасы арқылы жолдаған болса керек.

21 маусымда Украинаның жау қолындағы Волноваха және басқа елді мекендерінде құпия орындарға есірткі жасырушыларды, есірткі онлайн дүкенінің мекенжайы жазылған жарнаманы қабырғаларға түсіретін граффитчиктерді және жүргізушілерді жалдау туралы хабарландыру тараған.

Ресейлік журналистер жұмыс іздеген адам кейпінде хабарласқанда, Мариупольдегі "Кайф-дүкен" өз рекрутерінің профиліне сілтемені жіберіпті.

Рекрутерлердің бірі журналистермен телефон арқылы сөйлескенде: "Әскерилер бар. Есірткі жеткізілді. Мұның қасірет екенін түсінемін. Маған міндет қойылды, мен соны орындаушы ғанамын" деп ақталады. Ресейлік басылым жауланған қалаларда тіпті есірткіні көтерме көлемде де алуға болатынын мәлім етті.

Зерттеуде Мариупольге есірткінің ірі партиясы шілде айының басында жеткізілгені, бірақ "ЛДХР"-ден әкелінген сол есірткіні халыққа сату енді ғана басталғаны жазылған.

Бүгінде агрессор қолындағы біраз елді мекенде есірткі шынында да ашық сатылатынын "Новая газета. Еуропаға" "ЛДХР" наркочаттарының пайдаланушылары растаған.

Соғыстан қатты зардап шеккен жерлерде қылмыспен күресетін органдар жоқтың қасы. Қарсыластың қолына көшкен қалалардағы көптеген украиналық полицейлер Отанын қорғау кезінде, тероборонада қаза тапты, қалғаны Украинаның азат өңірлеріне қашты.

Ресейлік ақпарат құралдары Мариупольде есірткіге сұраныс барын атап өтеді. Бейбіт кезде де нашақорлар болатын. Оның үстіне есірткі сатушылар қайғыдан қабырғасы қайысқан халықты құрдымға тартудың тәсілін табатыны даусыз. Жергілікті Telegram-дүкендердің арнасында 31 шілде және 12 қыркүйек аралығында заңсыз тауарды сатып алғандар 78 пікір қалдырыпты. Көбі тіпті тауардың фотосуреттерін қоса тіркеген.

Оккупацияланған қалалардағы есірткі саудасымен айналысатын екі тұлға журналистермен әңгімесінде соғысқа дейін қалада есірткі сатушы дүкендер болмағанына назар аудартыпты. Бірақ басқа нақтылаушы сұрақтарға жауап беруден бас тартқан.

"Республика" деп аталатын тағы бір дүкеннің Херсонда заңсыз есірткі саудасымен айналысатыны белгілі болды. Журналистер оның нақты қашан есірткі саудасын бастағанын анықтай алмады. Тек дүкеннің операторы өзара хат алмасуда оларға "таяуда ғана ашылғандарын" жеткізген.

Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың тұспалдауынша, бұл салаға партизандар және қоғам белсенділері назар аударғанға ұқсайды. Мысалы, белгісіз бір адамдар курьер болып жалданып, қолына түскен есірткінің қомақты партиясын клиентке жеткізбей қойған. 17 тамызда Telegram-да "Республика" Херсон қаласында дүкенді алдап соққан курьерлердің дербес деректерін жариялай бастады. Себебі есірткі дүкендері жұмысқа қабылдағанда, жеткізушілерінің паспорттарының көшірмесін алады екен. Бүгінде есірткі саудагерлері ондай курьерлерді тауып, видеокамера алдында соққыға жыққандарға, азаптағандарға 200-300 доллардан төлейтіні туралы хабарлама жариялауда.

Украина Бас прокуратурасының дерегінше, соғыс қарсаңында елде 1-1,5 миллион нашақор болған. Соңғы 8 жылда және 2022 жылғы 24 ақпаннан бері Ресей Украина территориясының 120 мың шаршы шақырымға жуық аумағын басып алды. Бірақ сарапшылар соңғы 2 аптада Украина Қарулы күштері соның 8,5 мың шаршы шақырымын азат еткенін мәлімдеуде.

Талай отбасыға қасірет, тауқымет әкелген соғыс нашақорлар санын әсіресе оккупациядағы аумақтарда күрт көбейтеді деген қауіп бар.

Ресейлік ақпарат құралдары ресейлік әскерилердің, арнайы органдардың өздері бақылайтын аумақтарда есірткі саудасына рұқсат етпейтініне, күресетініна сендіреді. 2019 жылы әлем мойындамаған "ДХР"-де бупренорфин тасыған әлеуметтік қызметші Наталья Зеленинаның есірткі контрабандасы үшін 11 жылға сотталғанын мысалға келтіреді.

Бірақ соғыста ең бастысы – қарулы қарсыласпен шайқас екені белгілі. Ал өзгелерімен күрес жүзеге асырылғанның өзінде, маңызы жөнінен кейінгі орындарға сырғиды. Ендеше соғыс өзімен бірге жеті жұтты ала келетіні, зұлымдық атаулыны қаптататыны байқалады. "Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты" деп бекер айтылмаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу