Қаңтар оқиғалары қайталанбауы үшін билік не істеді?

9172

Қаңтардың жаңғырығы жаңғыруға жол ашты. 

Қаңтар оқиғалары қайталанбауы үшін билік не істеді? Фото: malim.kz

2022 жылы қазақстандық мемлекеттіліктің тұрақтылығы мен табыстылығы сынаққа түсті.

Өткен жылдың басында қазақ елінің тәуелсіздігі мен орнықтылығы, бірлігі мен келісімі, бейбітшілігі мен бақуатты тірлігі таразы басына түсті. Ал қазыналы, қасиетті жеріміздің тоз-тоз болуы, мемлекетте азаматтық соғыс басталуы, сырттан шетелдік басқарудың енгізілуі, шет-шегі жоқ қан-қасап қырғындар мен қиян-кескі шайқастар сияқты нәубет, зұлмат, тауқыметтер таразының екінші жағына тартылып тұрған еді.

Қазақстан осынау барлық сынды, кесір-кесапатты халықтың бірлігі, биліктегі азаматтардың батылдығы арқылы жеңуге болатынын көрсетті. Осының арқасында ел демократияландыру, саяси жаңғыру, экономикалық өрлеу жолына түсті. Сондықтан арада бір жыл өткенде 2022 жылғы оқиғаларды шолып, "қасіретті қаңтар" оқиғаларынан Қазақстанның қандай сабақ алғанын бағамдауға мүмкіндік бар.

1 қаңтар 2022 жыл

Құқық қорғау органдарының архивтік құжаттарына жүгінсек, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында, түскі 17:20-де, қала әкімдігінің жанына ондаған адам жиналды. Елде үш күн демалыс, халық демалуда, ел байғам жатыр. Алайда бұқараның үлкен бөлігінде бәрібір мерекелік көңіл-күй жоқ. Наразы халық сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етіп, ел басшылығының атына бейнеүндеулер жолдай бастады. Кешке қарай адамдардың көбі үйлеріне тарқасты.

Кейін белгілі болғандай, егер Үкімет сол күні автогаз бағасын төмендеткенде, наразылық осымен тынуы да мүмкін еді. Бірақ халықпен санаспай, өз дегенін жасап жаман үйренген ескі билік бұқараның пікіріне бұл жолы да пысқырмады. Оның үстіне бар билік орталықта шоғырланған мемлекетте Президенттің өзі тікелей араласпай, аймақтағы әкімқаралардың, Нұр-Сұлтандағы шенеуніктердің әлденеге өз бетінше жауап беруі, өз мойнына жауапкершілік алуы тәжірибесі қалыптаспаған. Кие тұнған, батырлық дәстүрінің алтын тіні үзілмеген Маңғыстау өңірінде басталған толқулар толқыны ақыры бүкіл ескі билікті шөп-шаламдай шайып кететінін ешбір сарапшы, ешбір көріпкел болжай алмады. 

Ал сұйытылған газ Қазақстанның батыс аймағының осал жері, талмау тұсы болатын: онда автокөліктердің 90% автогазға көшіп алған. Шаңырақтар мен қоғамдық тамақтану орындарының 70% астамы ас әзірлеу үшін дәл осы отынды пайдаланады. Ал мұнайлы, газды өңірде отырып, отынға жарымау, оған шектен тыс шығындалу халықты ызалы жүрек, долы қол жағдайға жеткізді. Оны түсінбеген жергілікті және орталықтағы жауапты тұлғалар сұйытылған мұнай газын (СМГ) биржадағы саудаға тастап, делдалдар арқылы оның әр литрінің бағасы 55 теңгеден 120 теңгеге дейін күрт қымбаттауына жол ашты.

2 қаңтар 2022 жыл

Автогаздың күрт қымбаттағанына қарсы маңғыстаулықтар қайтадан көшеге шыға бастады. Қарсылықтың қайнары болған Жаңаөзенде наразылар саны 600 адамнан асты. Олардың қатары сағат сайын толыға түсті. Осыған арналған видеолар әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде ең көп көрілген, көп пікір жазылған, көп қайта жолданған бейнежазбаларға айналды. Не жергілікті биліктің, не жауапты Үкімет өкілдерінің үн қатпағына ашынған жұрт олардың назарын аударту үшін қаладағы автожолдарды бұғаттауға кірісті. Шерушілер шенеуніктер халық талабына құлақ асқанша тарамауға бел буып, киізүй, палаткалар құрды. Әр жерде от жағылып, жылынатын орындар сайланды, жергілікті тұрғындар мен бірқатар бизнесмендер тамақ жеткізіп, үлестірді. 

Бұл ретте құқық қорғау органдары оларға қарсы күш пен құрал қолданбады, қуып таратуға талаптанбады. Тек жоғарғы жаққа қарсылық білдірушілердің айқын лидерлерінің жоқтығы, наразылық бір жерден ұйымдастырылмағаны, бейберекет-стихиялы, бірақ бейбіт сипатта екені туралы баянаттар жолданған.   

3 қаңтар 2022 жыл

Наразылық білдірушілер саны күрт артып, 5500 адамнан асты. Түнде облыс орталығы Ақтауда да 70-тен аса тұрғын қала әкімдігі жанындағы жолдарды жауып тастады. Талаптары ұқсас: автогаз бағасын арзандату. Ақтау әуежайына алып әскери-тасымалдаушы ұшақтармен ішкі әскерлердің бөлімшелері техникасымен бірге жеткізіле бастады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ол әскерді әуе қақпасынан әрі асырмай, әуежай аумағында бұғаттап тастау үшін тұрғындарды сол жаққа аттануға шақырған үндеулер таралды. Сол түнде "Қаражанбасмұнай", Солтүстік Бұзашы сияқты кенорындарында және "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының кәсіпорындарында ереуілдер өршіді. Мұнайшылар, вахтадағы жұмысшылар қалалардағы шерушілерге барып қосылуға талаптанды. Бұл күні бүкіл Маңғыстау облысы наразылық "өртіне" оранған еді.

Осы күні Маңғыстау жақтан келіп жатқан жаңалықтарды заманауи коммуникация құралдары арқылы қалт жібермей қадағалап отырған өзге өңірлердің тұрғындары да протест науқандарын ұйымдастырып, автогаздан басқа, өздері үшін өзекті мәселелерді көтере бастады. Ал отыз жылдан астам уақыт ішінде елде үстемдік еткен бұрынғы билік тұсында қордаланған проблемалар өте көп әрі сан салалы еді. Содан ұлы Абай айтқандай, "Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде, жігерлен, сілкін, қайраттан, беркін, деп насиқат бергенде" деген жағдай орнады. Билікті терең өзгерістерге шақырған бейбіт, санкцияланбаған митингтер елордада, Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында белең алды. Күш құрылымдары оларды қуып тарату үшін күш қолданбады. Қайта құқық қорғау органдарының, Ұлттық ұланның жас жауынгерлері көшеге шыққан азаматтармен шүйіркелесіп, әзілдесті.

Қалыптасқан ахуалға Президенттің өзіне араласуға тура келді.

"Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым. Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс. Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқығы бар, бірақ, бұл заңға, нақтырақ айтқанда, бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек", – деп хабарлады Қ.Тоқаев Twitter арқылы.

Алайда неге екені белгісіз, Үкімет тек маңғыстаулықтарды мазалаған мәселелермен шектелді. Премьер Асқар Маминнің өкімімен Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарауға арналған үкіметтік комиссия құрылды. Ахуалды тұрақтандыру шаралары топтамасына СМГ әр литрінің бағасын 120дан 85-90 теңгеге түсіру, баға бойынша сыбайласуға қатысты антимонополиялық тергеуді бастау сияқты шаралар кірді. Әрине, өзге өңірлерде шеруге шыққандарды бұл қанағаттандырмады, олар қарсылықты жалғастырды.

4 қаңтар 2022 жыл

Бүкіл Қазақстан бойынша митингілерге қатысушылар саны күрт артып, 37 мыңға жеткен. Ақпарат құралдары жазғандай, 4 қаңтарда Атырау облысында Теңізшевройл компаниясының жұмысшылары жұмысын доғарып, өнім шетелге әкетілмеуі үшін автотрасса мен теміржолды жапты. Атырау, Ақтөбе облыстарында өзге кен орындарын да ереуілдер толқыны басты. Қарағанды облысында "АрселорМиттал Теміртау" шахтерлары, металлургтар, Жезқазғандағы "Қазақмыс" кеншілері, мыс балқытушылар ереуілдерін бастады. 4–5 қаңтарда отандық өндіріс ошақтары, өнеркәсіптік кәсіпорындар, түсті, қара металлургия өндірісінің беткеұстар ошақтарын наразылық шаралары жайлады.

Осы күні құқық қорғау органдарының мәліметінше, бейбіт шерушілерге радикалды топтар араласқан. Алматы мен Шымкентте қарулы шабуылдар, өртеу, қирату, тонау, соның ішінде қызметтік автокөліктерді нысаналы түрде жою ұйымдастырылған. Оларды тоқтатуға атыс қаруынсыз, тек қалқанмен және таяқпен қаруланған полиция мен Ұлттық ұлан жауынгерлері жіберілген.

ІІМ дерегінше, қарулы қақтығыстың басты орталығына айналып шыға келген Алматыда 4 қаңтар күні "қарсыласушылардың әлеуметтік құрамы өзгерді": көшеге негізінен жастар – көбіне өзге өңірлерден, қала маңы аумақтарынан келген, жұмыссыз немесе базарда, құрылыста және басқа да қара жұмыста істейтін жігіттер қаптап шықты.

Бас прокуратура анықтағандай, 4 қаңтарда кешке таман азаматтар "Алматы-Арена" спорткешені, "Халық-Арена" стадионының жанында жиналған. Кешкі 9-да екі ұйымдасқан топ бір мезгілде қала әкімдігіне бет алған. Абай, Төле би сияқты ірі даңғыл, көшелермен қозғалған олар жолай өзге тұрғындарды қатарына қосылуға белсенді шақырған, арматурамен, таяқтармен, тас, кірпіштермен қаруланып алған. Кейін құзырлы органдар топ жетекшілерінің қарекеттері мен қозғалыс бағыты WhatsApp және Telegram арқылы үйлестірілгенін мәлімдеді. Нәтижесінде, түн ортасында әкімдік алдындағы Орталық алаңға он мыңдай адам жиналды. Оның соңы неге соқтырғаны белгілі.

Сонда тоналып, өртелген әкімдік ғимараты әлі күнге қалпына келтірілген жоқ. Таяуда Алматы әкімі Ерболат Досаев Алматы әкімдігінің ғимаратын жөндеу жұмыстары осы 2023 жылдың II тоқсанында ғана аяқталатынын мәлімдеді. Ол қанды қаңтар күндері қиратылған Qazaqstan телеарнасының ғимараты орнында жаңа заманауи медиаорталықтың құрылысы басталғанын жеткізді: нысан құрылысы 2023 жыл соңында аяқталатын көрінеді. Айтпақшы, бұрын Qazaqstan телеарнасының ғимаратында сақталған алтын қор негізінде Қазақ телевизиясының мұражайы ашылады деп жоспарланған. Ел алтын қордан айрылды.

"2022 жылы Алматыдағы ғимаратымызда Қазақ телевизиясының мұражайын ашуды жоспарлаған едік. Онда аймақтық телевизиялар тарихы да қамтылатын болады. Бірақ өкінішке қарай қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде толық өртеніп кеткен біздің Алматы филиалының іске қосылу мерзімі әзірге белгісіз", – деді "Қазақстан" РТРК" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Бұл да болса, тұрақтылығы кеткен елдің тарихы тәрк болатынының қасіретті бір көрінісі сияқты.

Сол бір ғана күнде, тек Алматыда ғана 32 полиция және басқа көлік, күш құрылымдарының техникалары, 5 өрт сөндіру көлігі, 30 жедел жәрдем көлігі қиратылып, өртелген. Ұлттық ұланның 5 жауынгері, 15 полицей аяусыз соққыға жығылған. Шымкентте 21 полиция автомашинасы қиратылды. Әр өңірде күш құрылымдары өкілдеріне шабуыл жасау, өлтіру әрекеттері тіркелді. Бұл енді бейбіт шеруге еш ұқсамайтын еді.

5 қаңтар 2022 жыл

Бүлік пен былықтар елдің 11 өңірін қамтыды. Оларға белсенді қатысушылар саны ресми ақпарат бойынша 50 мың адамға жеткен. Күні кеше ғана аймақтағы тұрақтылық аралы саналған Қазақстанды жарылыстар, атыстар, зорлық, зомбылық, тонау, дүрбелең, қантөгіс іштен күйрете бастағанына әлем жұртшылығы аң-таң болып, көз тікті. Көшеге әділдік іздеп шыққан адамның қолынан келмес қарау тірліктер жүзеге асты. Ресми дереккөздерде дәл осы кезден бастап, көшелерде қылмыскерлер, бандиттер және лаңкестер қимылдауға көшті делінген.

Әлдебір топтардың Алматы әуежайын басып алуының және ізінше өз еркімен тып-тыныш қана тастап кетуінің астары туралы ақпарат құралдарында қаншама нұсқалар айтылды. Тіпті шетелден Қазақстанды жіліктеп, бөліп алуды үйлестіретін әлдебір басқарушылар сол арқылы Алматыға ұшып келмек болған деген жорамал да жарияланды. Бірақ олардың кім екені әлі күнге жарияланбады.

Сонымен бірге Алматыдағы Президенттің резиденциясына да шабуыл жасалып, басып алушылар оны толық дерлік өртеп жіберді. Нысан қайта қалпына келтіруге жатпайды деп танылды.

Қаланың Полиция департаментіне 27 шабуыл тойтарылған. Алматыда 7 қару дүкені тоналған, 3 мыңдай қару тоналды. Былтыр оның 2 мыңға жуығы табылды. Қызметтік машиналарды өртеу жалғасты. Бір күнде Алматы әкімдігінің, Nur Otan партиясының ғимараттары өртеніп кетті. 4 сауда орталығы, банктердің бөлімшелері тоналды. Республика қалаларының көшелерінде 800 бейнебақылау камералары жойылған. Бір ғана Алматыда 587 камера қиратылды. Байланыстың оптикалық желілері бар коммутациялық шкафтар қасақана істен шығарылған. Бірнеше телеарнаның кеңсесіне өрт қойылды.

Күш құрылымдары тек 6 қаңтардан соң елде қоғамдық тәртіпті қалпына келтіре алды.

Бас прокуратураның дерегінше, жалпы алғанда, қаңтар оқиғалары кезінде 238 азамат қайтыс болды.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев алдымен 5 қаңтарда Алматы қаласымен мен Маңғыстау облысында, ізінше барлық өңірде төтенше жағдай режимін жариялап, коменданттық сағат және басқа шектеулер енгізгенде ғана мемлекет жағдайды өз қолына ала алды. ТЖ режимі соңғы 5 өңцрдф 19 қаңтарда жойылды. Сонда бірқатар сарапшылар "ҰҚШҰ әскерін енгізбей-ақ, барлық өңірде ахуалды тұрақтандыруға өз армиямыздың да күші жететін еді" деп сын айтты. Сарапшылардың тағы бір бөлігі Қарулы күштер тек сыртқы жаумен соғысуға арналғанына, ішкі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге басқа құрылымдар, ІІМ жауапты екеніне назар аудартты. Соған қарамастан, 19 қаңтарда лауазымынан алынған қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 20 ақпанда қамауға алынды. Оған алдымен бүлік күндері әрекетсіздік танытты деген айып тағылса, кейін керісінше, билігін асыра пайдаланды деген күдік келтірілді.

"2022 жылғы 19 ақпанда Бас прокуратура бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 452-бабы әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады", – деп мәлім етті Бас прокуратура 21 ақпанда.

Қазіргі ақпараты бойынша Бектановқа қатысты істі сот бүгінде Қылмыстық кодекстің 451-бабының 3-бөлімі (ұрыс жағдайында билiктi асыра пайдалану) бойынша қарап жатыр.

Қаңтар оқиғалары кезінде, 6 қаңтарда Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымынан босатылып, артынша қамауға алынды. ҰҚК ақпаратынша, мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық міндеттерін асыра пайдалану күдігі бойынша Мәсімов пен басқа да адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. 18 қарашада К.Мәсімовтың үстінен сот процесі басталды.

"Трагический январь" кітабының авторы, ресейлік жазушы, публицист, тарих зерттеушісі Леонид Млечин 2022 жылғы 4–6 қаңтарда Қ.Тоқаев "нағыз ақпараттық оқшаулауда" қалғанын айтады. Президент ақпарат тапшылығы аясында алдымен Твиттердегі парақшасында елге 20 мың террористтің басып кіргені туралы твит жазды, кейін оны жойды. Саясаткер Ермұхамет Ертісбаевтың байламынша, 20 мың лаңкес туралы ақпаратты Мемлекет басшысына К.Мәсімов берген көрінеді.

Ал Л.Млечиннің байламынша, Қ.Тоқаевтың батылдығы, шешімділігі мен салқынқандылығы қасіретті қаңтар оқиғаларының ақырын анықтады.

"Ақпараттық изоляцияны күш құрылымдарының өкілдері ұйымдастырды. Президентті бүліктердің кең ауқым алғанымен, негізгі облыс орталықтарына шабуылдаған бандиттердің көптігімен, олардың енді Ақорданы басып алуды жоспарлап отырғанымен қорқытуға тырысқан. Тоқаев әскери адам емес, дипломат, интеллигент, интеллектуал. Қасым-Жомарт Кемелұлы маған мына жайтты әңгімеледі. Тағдыршешті сәтте оған мынадай мәлімет берілген: ахуал өте қауіпті, сол себепті қазіргі ең бастысы – сіздің өміріңізді құтқарып қалу. Арнайы ұшақ дайын тұр, қасыңызға жеке күзетіңіз беріледі. Ұшақта қажетті жүк – таяудағы шығыстарыңызға арналған 25 миллион доллар бар. Қайда ұшып кетуді қалайсыз? Олар Президенттің бас сауғалап қашатынына еш күмәнданбаған. Бірақ Тоқаев Қазақстанды құтқарып қалу үшін бәрін жасады. Ел тағдырын шешкен қаңтар күндерінде Президенттің Қазақстан халқына үндеуінде: "Мен қаламын" деген маңызды сөз айтылды. Бұл сөзді оның неге айтқанын түсінгендер аз болды. Ал бұл мәлімдеме билікті басып алуға ниеттенгендерге, осы жолда Мемлекет басшысын кедергі санағандарға арналған еді", – дейді Леонид Млечин.

5 қаңтардағы үндеуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: "Қандай жағдай болса да мен елордада боламын. Халықпен бірге болу – менің Конституциялық міндетім" деп жариялады.

Сарапшылардың айтуынша, қаңтар оқиғаларынан Қазақстан билігі дұрыс сабақ алды. Біріншіден, ел басшылығы көшеге шыққан шерушілерге кектенген жоқ. ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Дүйсенбаевтың дерегінше, қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккендерге мемлекет тарапынан, бюджет есебінен 14,6 млрд теңге төленді. Бұдан бөлек, қаза тапқандардың бір бөлігіне "Қазақстан халқына" қоры көмекқаржы бөлген. Қор қаза тапқан және жараланған құқық қорғау қызметкерлеріне, отбасыларына қолдау көрсетті.

2022 жылдың 3 қарашасынан бастап қаңтар оқиғалары барысында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты "Рақымшылық туралы" заңының ережелері күшіне енді. Бас прокуратураның 1 қызметі бастығының орынбасары Елдос Килымжановтың дерегінше, содан бері 1 071 адамға рақымшылық жасалды.

Автогаздың, бензиннің қаңтарда арзандатылған бағалары биылғы 2023 жылы да күшінде болады. 

Екіншіден және ең бастысы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымын өз қолына алып, елдегі толық билікке ие болған Қ.Тоқаев жеке диктатурасы режимін енгізген жоқ. Керісінше, үлкен саяси реформаларға бастамашы болып, Президенттің құзыр-өкілеттіктерін шектеді. Ел тарихында алғаш рет өз халқымен жеті жылға ғана келісімшартқа отырған менеджер Президент пайда болды. 

2022 жылғы қаңтар оқиғалары созылмалы дертке ұқсап, сиырқұйымшақтанып кеткен елдегі билік транзитіне нүкте қойды. Қос билік жойылды. Мәжіліс таяуда Н.Назарбаевты Елбасы мәртебесінен айыратын заң жобасын қарауға алды. Қазақстан суперпрезиденттік биліктен күшті Парламенті бар президенттік республика жүйесіне көшеді. Осы мақсатта жаңа 2023 жылы республикада Сенат, Мәжіліс, барлық деңгейдегі мәслихаттар және әкімдер сайлауы өтпек.

Бұрынғы Президенттің заңсыз байыған бірқатар туысқандары, достары қамауға алынды, алды сотталды, ірі лауазымдарынан, майшелпек активтерінен айырылды. Ал жаңа Президенттің жақын туыстарына жоғары лауазымдарды иеленуге тыйым салынды. Оның да билікті жеке-дара иеленуіне тосқауыл қойылды. Енді Қазақстанның Мемлекет басшылары әрбір жеті жыл сайын міндетті түрде ауысып отыруға тиіс. Бірқатар өкілеттіктер Президенттен Парламентке, орталықтан аймақтарға берілді. Парламенттің рөлі және мәртебесі артты. Саяси партияларды тіркеу тәртібі жеңілдеді.

Осының бәрі қаралы қаңтар оқиғаларының енді қайтып, қайталанбауына берік алғышарт болса керек. Қ.Тоқаев кешегі Жаңажылдық құттықтауында 2022 жылды "Еңсеру жылы" деп атады. Ал 2023 жыл ес жию, өткеннің қателігін қайталамау үшін еске алу, саяси жаңғырулар мен экономикалық жетістіктерді еселеу жылына айналса, игі.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу