Қаңтар оқиғасы. "Қазір негізінен жастар қамауда"

2313

Қазақстан адамды азаптауға қарсы халықаралық құжатқа қол қойған, бірақ... 

Қаңтар оқиғасы. "Қазір негізінен жастар қамауда"

"Қаңтар оқиғасы бойынша жаппай ұстау 8-10 қаңтар күндері жүргізілген. Адамдарды азаптау да сол ұстау кезінде болған". Мұны "Аманат" қоғамдық комиссиясының төрағасы Абзал Құспан журналистерге берген брифинг барысында мәлімдеді.

"Жұмыс барысында жүрекке із қалдырып, бізді қатты күйзеліске түсіргені – мылтықтан, автоматтан жараланған алматылық азаматтарды көрген сәтіміз. Әрине, оларға тергеу изоляторында, оның ішінде "санчаста" жағдай жасалып жатыр. Қалалық аурухана дәрігерлері аптасына екі рет көмек көрсетеді. Дегенмен көбінің жағдайы ауыр", – дейді Абзал Құспан.

"Қазір негізінен жастар қамауда. Ұсталғандардың арасында 11-12 кәмелетке толмағандар болды. Жастары 15-16-да. Олардың қоғамға қауіп төндірмейтініне прокуратура органдарын сендіре алдық және біз кездескен кәмелетке толмағандардың бұлтартпау шарасы жұмсартылды – үйлеріне жіберілді", – дейді комиссия мүшесі Мәди Мырзағараев.

"Талдықорғанда Азамат Батырбаевтың арқасына үтік басқанынан бастап қандай қиындық көргенін, қандай ауыр хәлде жатқанын бірінші біз тәптіштеп отырып жазып бергенбіз. Өзімен кездесіп, арқасын шешіп тұрып көрдік, көзіміз жетті. Сол кезде-ақ, мейлі қандай кінәсі болса да, оған емделуге мүмкіндік беру керегін, бас шарасын (бұлтартпау шарасын – авт.) өзгерту керегін айтып, облыс прокурорына ұсыныс бердік. Әрине, бүкіл талабымызды орындай бермейтіні анық. Десе де, "жоқ, оны шығармаймыз" деген үзілді-кесілді жауап та алмағанымызды айта кетейін. Қазір оған нақты қандай шешім қабылданатыны белгісіз", – дейді Абзал Құспан. 

Айта кетейік, Батырбаев "Назарбаевтың ескерткішін құлатуға қатысы бар" делінген болатын. 

"Прокурор кінәлілердің видеосын жеке-жеке көрсетіп беруге уәде берді"

"Аманат" комиссиясы Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында жұмыс істеп жатыр. Ашық кедергі болмағанын айтады.

"Осы өңірлер ішінде Алматы мен Шымкент қалаларының прокурорлары бізбен ашық, белсенді жұмыс істеді. Қалған өңірлерге қатысты ескертпелеріміз бар, оны бас прокурорға жазып қоя бердік. Қандай ескертулер екенін айтпай-ақ қояйық. Нәтиже болады деп ойлаймыз. Әрине олардікі ашық кедергі емес, бірақ біз ойлаған деңгейде жұмыс істеспеді", – дейді Құспан.

Брифингке қатысқан журналистердің сөзіне қарағанда, әр адам өзінің қамауда отырған туысын "кінәсіз" деп есептейді. Ал құрылған комиссиялар қамаудағыларды "іріктеп" шығарып жатыр деп ойлайды. 

"Бұған мынадай мысал келтірейін. Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов біз барғанда 50 шақты жастың ата-анасымен кездесті. Біз де жиынға қатыстық. Ол дүйсенбіге дейін кім шығып, кім шықпайтынын айтатын болды. Сол кезде шықпайтындардың жасаған ісін, яғни видеосы оның туыстарына жеке-жеке көрсетуге уәде берді. Біз де осы дұрыс деп есептейміз. Барлық өңірде солай болғанын қалаймыз", – дейді Құспан. 

"Біз іріктеп шығарып жатқан жоқпыз, мүмкіндігіміз жеткенін шығарып алдық. Аяғымыз жетпей жатқан өңірлер бар. Біз шығарған адамдардың кінәсіздігін дәлелдейтін айғақтар барынша көп болды деген сөз. Осының түсініңіздер", – дейді Мәди Мырзағараев.

Құспанның айтуынша, адамдарды азаптау соттың санкциясы шыққанға дейін, ішкі істер органдарына жеткізілген кезде болған. Ішкі істер органдары адамды үш күн ұстауға құқылы. Ал "сот шешімінен кейін ұрып-соқты" деген шағым өздеріне түспеген. 

Ол қылмыс жасаған құқық қорғау органы қызметкерлері жауапқа тартылуы керек деп есептейді. Қамаудағылардың шағымын тыңдап, бас прокуратура мен антикорға "тексеруіңізді сұраймыз" деп арыз өткізгенін айтады.

"Қазақстан халықаралық шарттарға қол қойды. Оның ішінде азаптауларға қарсы конвенция бар. Тек физикалық емес, моральдық, психологиялық қысымдар да азаптауға жатады. Ал бұл жерде тікелей көзге ұрып тұрған азаптаулар бар. Адамдардың арқасына үтік басу, тырнақ көбесіне ине сұғу – қылмыс", – дейді Абзал Құспан. 

Шетелдік құқық қорғау ұйымдары Қазақстанды азаптау туралы мәлімдемелерді "мұқият қарауға", "адам құқықтарын сақтауға" шақырып мәлімдемелер жасаған. Еуропарламент Қазақстанға санкция салуды ұсынған.

Айта кетейік, осы жиын барысында "Аманат" комиссиясы мүшелеріне бұған дейін "адамдарды қинауға жол берген ішкі істер саласына министрден бастап тазарту керек пе?" деген сұрақ қойылған.

Комиссияның араласуымен 85 адам қамаудан босатылғаны хабарланған.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу