Қаңтар оқиғасы: Күш құрылым қызметкерлерінің қылмысы туралы айтылмады

2162

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің өкілдері орталық коммуникациялар қызметінде қаңтар оқиғасын тергеу барысы туралы мәлімдеме жасады. Жиын модераторы "баспасөз брифингі" деп атап өткенімен, онда журналистерге әдеттегіше сұрақ кезегі берілген жоқ, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Қаңтар оқиғасы: Күш құрылым қызметкерлерінің қылмысы туралы айтылмады

Қаңтар оқиғасына арналған жиында күш құрылым қызметкерлерінің қылмысы туралы айтылмады.

Бас прокуратура өкілі Елдос Қилымжанов "қылмыстардың ұйымдастырушылары мен қатысушыларына тоқталғым келеді" дегенімен, ел күткендей, бүліктің  шығу себебі мен оны ұйымдастырушылар туралы нақты айтпады. Жалпылама тоқталып өтті.

"Жалпы ел бойынша қаңтар оқиғалары кезеңінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оған қатысу бойынша 721 адам күдікті деп танылды. Оның ішінде 281 адам қамауда. Алматы қаласы – 82, Шығыс Қазақстан – 35, Жамбыл облысы – 44, Шымкент қаласы – 43, Қызылорда – 36, Атырау – 14, Алматы облысы – 5 және Ақтөбе облысында – 4", – деді Қилымжанов.   

Ол бүлікті ұйымдастыру мысалы ретінде Семейде "Газель" маркалы полиция көлігін аудару оқиғасы, дауыс күшейткіш көмегімен тұрғындарды шақыруды, Ақтөбе қаласында WhatsApp желісімен адамдарды үндеуді, Шымкентте бейнебақылау камераларын жою оқиғаларын алға тартты.

5 қаңтарда Қызылорда қаласында аса ауыр қылмыс істеген бір адамды тергеу аяқталғанын мәлім етті. 

"Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ол және оның сыбайластары Ұлттық ұланның КАМАЗ жүргізушісін қатыгездікпен ұрып-соққан. Содан кейін күдікті әскери техниканы айдап кетіп, қозғалтқыш педалына кірпіш қойып, машинаны әскерилердің қоршауына бағыттап, қылмыскердің өзі КАМАЗ кабинасынан секіріп кеткен. Автомашина үлкен жылдамдықпен әскерилерді басып, нәтижесінде солдат М. Қайсаров қаза тапты. Күдіктінің әрекеті терроризм актісін жасау бойынша сараланды. М. Қайсаров отбасындағы жалғыз бала болған, осы жылы ол 20 жасқа толар еді", – деді Қилымжанов.

Ішкі істер министрлігінің ақпарына қарағанда, бүгінгі таңда, бұрын қабылданған шешімдерді қоспағанда, 1 150 қылмыстық іс қаралып жатыр. Олардың негізгі бөлігін ұрлықтар құрайды – 157, қарудың заңсыз айналымы – 146, қасақана бөтеннің мүлкін бүлдіру – 23 және тағы басқалар. Осы істер бойынша 150 адам ауыр қылмыс жасады деген күдікпен күзетпен ұсталуда. 

"Осы күдікті адамдардың кінәсі негізінен қылмыстар жасалған орындардан алынған бейнежазбалармен, көзбен көргендер мен куәлардың көрсетпелерімен, сондай-ақ алынған заттай дәлелдемелермен дәлелденеді", – деп сендіреді Ішкі істер министрлігінің өкілі Санжар Әділов. 

Бас прокуратура өкілі Елдос Қилымжановтың айтуына қарағанда, Қазіргі уақытта, сотқа 288 қылмыстық іс жолданды, оның 208-і Алматы қаласында, Алматы облысы – 49, Жамбыл – 10, Шымкент қаласында – 9, Қызылорда – 5, Түркістан – 4, Ақмола – 2 және Атырау облысында – 1.  

Олар бойынша 275 адам сотталды, оның ішінде 22 адам бас бостандығынан айыруға, қалғандарына бас бостандығын шектеу, қоғамдық жұмыстар және айыппұл түріндегі жаза қолданылды.

Бас прокуратура өкілі сөзінің соңында "фейк" таратпауға шақырып, жауапқа тартатындарын ескертті. Ресми деректерге ғана сенуді сұрайды.

Айта кетейік, қаңтар оқиғасының куәгерлері күш құрылымдары тарапынан бейбіт шерушілерге мылтық ату, улы газ шашу сынды әртүрлі күш көрсету болғанын айтады.

Тергеу барысында күдіктілерді ұрып-соғу, қинау фактілері болғаны да анықталып жатыр. 

Бірақ бүгінгі жиында күш құрылымдары тарапынан жасалған қылмыстар және оларды жазалау туралы айтылмады. Бұл мәселе құқық қорғаушылардың күдігін туғызып келеді.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу