Қаңтар сабағы: Шеру-митингте полицияның әрекет ету алгоритмі айқындалды

2545

Жеткілікті құқықтық негіз болса, күштік құрылымдарға бұзақыларды бірден күштеп әкету жүктелмек.

Қаңтар сабағы: Шеру-митингте полицияның әрекет ету алгоритмі айқындалды

Қаңтар оқиғалары кезінде бейбіт шерулер кенет бүлікке, бейберекетсіздікке ұласқанда, ахуалды сырттай бақылап, араласпаған құқық қорғау органдарының өкілдері қатты абыржып қалғаны жасырын емес. Өйткені кейін белгілі болғандай, жоғарыдағы басшылардан не істеу, қандай шаралар қабылдау туралы бұйрық түспепті.  

Салдарынан, қауіпсіздік пен тұрақтылық қорғанында тұрған 19 тәртіп сақшысы құрбан болды, күштік құрылымдар бейбіт тұрғындарды да қорғай алмады. Соның кесірінен Қазақстан ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға мәжбүр болды. 11 өңірді бүлік жайлады, нысандар өртке оранды. Қазақстан аза тұтып, қара жамылды.  

Президент Тоқаев мұндай жағдай ешқашан қайталанбауы үшін қаңтар оқиғаларынан сабақ алып, тыныштықты бұзатын, қауіпсіздікке нұқсан келтіретін әрекеттерге енді жол бермеуді тапсырды. Жалпы бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң белсенді азаматтарға, оппозициялық көзқарастағы қоғам белсенділеріне шеру өткізуге, сол жерде ой-пікірлерін емін-еркін айтуға мүмкіндік берді.

"Дегенмен жұртты арандатқысы келетін кейбір белсенді демократиялық сипаттағы осы заңның өзіне бағынбау, тіпті оны бұзу керек деп санайды. Мен бұдан былай ешқандай жұмсақтық көрсетпейтінімізді мәлімдеймін! Бұл заңның талаптары да мүлтіксіз орындалуға тиіс", – деді Мемлекет басшысы биылғы жолдауында.

Осыдан-ақ сарапшылар митинг өткізуге қатысты бір өзгерістердің болатынын болжаған. Ішкі істер министрлігі ведомство басшысы Марат Ахметжановтың "Бейбіт жиналыстар өткізу кезінде полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуі жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" бұйрығының жобасын әзірледі. Яғни шерулер кезінде оқыс оқиғалар бола қалса, құқық қорғау органдары қандай шаралар қабылдау қажеттігін анық білуге тиіс.

Митинг-шеру өткізудегі талаптар қандай

Сонымен нұсқаулық қабылданған соң, митинг-шеру өткізуде келесі шектеулер енгізіледі. Біріншіден, пикеттеуді қоспағанда, өзге бейбіт жиналыстар тек соны ұйымдастыруға және өткізуге арнайы бөлінген орындарда ғана өткізіледі. Ондай орындардың тізбесін жергілікті әкімдік бекітеді. Жалпы аймақ басшылары қала-ауылдарда митинг өтетін жерлерді орталықтан алыс, шеткері аудандарда белгіледі.

Екіншіден, бейбіт жиналыстарды жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 9-дан ерте бастауға және сағат 20-дан кеш аяқтауға тыйым салынады. Үшіншіден, оны ұйымдастырушы мен қатысушылар жергілікті биліктің, прокуратура өкілдерінің, полицияның заңды талаптарын орындауға, қоғамдық тәртіпті сақтауда полицияға жәрдемдесуге міндетті болады.

Төртіншіден, ұйымдастырушылар мен қатысушылардың халықтың тыныс-тіршілігінің қалыпты ағынын, көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысын, инфрақұрылым объектілерінің жұмысын бұзуына, жасыл желектерді таптап, сындыруына жол берілмейді.

Бесіншіден, бір жерде бір уақытта 2 және одан көп пикет өткізуге жол берілмейді. Алтыншыдан, бір жерде 2 сағаттан ұзақ пикет өткізуге рұқсат етпейді. Мысалы, әкімдіктің алдында плакат ұстаған адам таңнан түнге дейін тұра алмайды. 2 сағаттан соң не кетуге, не басқа объектіге орнын ауыстыруға тура келеді. Жетіншіден, бейбіт жиналысты ұйымдастырушылар мен қатысушыларға ішімдік, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді таратуға, тұтынуға, сондай-ақ алкогольдік, есірткілік масаң күйде болуға тыйым салынады.

Митинг-шерулер тек әкімдік белгілеген орындарда ғана өте алатыны айтылды. Ал пикеттерді кез келген жерде өткізуге бола ма? Болмайды. Құжатта пикеттеу тыйым салынған орындар көрсетіліп отыр және оның ауқымы кең. Нақтыласақ:

1) Теміржол, су, әуе және автомобиль көлігі объектілерінде (мысалы, вокзалдарда) және оларға іргелес жатқан аумақтарда;

2) Мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтарда;

3) Қазақстан Президентінің, Елбасының резиденцияларына іргелес жатқан аумақтарда;

4) Қауіпті өндірістік объектілерге және пайдалануы арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда;

5) Магистральдық теміржол, магистральдық құбыржол, электр, байланыс желілерінде және оларға іргелес аумақтарда;

6) Жерлеу орындарында пикет жасауға тыйым салынады.

Бейбіт шеру басталды...

Биылғы қаңтарда көптеген өңірлерде ескі биліктің тірлігінен әбден қажыған жұртшылық бірнеше қаланың көшелерін толтырды. Құқық қорғау органдары "шерушілердің айқын лидері, жетекшісі жоқ" деген ақпар таратты. Енді ондай болмайтынға ұқсайды. Жетекші-ұйымдастырушылар топтан даралануы тиіс.

"Бейбіт жиналысты, митингті ұйымдастырушы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 13 тамыздағы "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының айырым белгілерінің нысандарын бекіту туралы" №278 бұйрығымен бекітілген бейбіт жиналысты ұйымдастырушының айырым белгісін тағуға – күрең, бір түсті кеудеше киюге немесе киімнің арқасы мен алдыңғы жағына "Ұйымдастырушы" деген белгісі бар жапсырманы жабыстыруға міндетті", – делінген нұсқаулықта. Егер шеру бейберекетсіздікке ұласса, солар жауапқа тартылады.

Шеру-митинг ұйымдастырушылары мен журналистердің міндетті түрде айырым белгілерін тағу талаптарын сақтауын бақылау жергілікті әкімдіктің өкілдеріне жүктеледі. Қаңтар оқиғалары кезінде біраз өңірде жергілікті билік осы заң талаптарын өзі сақтамады, жұрт алдына өкілі шықпады. Енді әрбір наразылық шарасына қатысуға міндеттеледі.

Полицияның іс-қимыл алгоритміне тоқталсақ. Нұсқаулық жобасында жазылғандай, полиция қызметкерлері нұсқама-инструктаж және тиісті жабдықтарды алғаннан кейін бейбіт жиналыс өткізілетін ауданға 2 сағат бұрын келеді және күштер мен құралдарды орналастыру жоспарында көзделген ара-қашықтықта, периметр бойынша орналасады. Олардың топтарының саны мен құрамы өткізілетін бейбіт жиналысқа қатысушылардың санына байланысты айқындалады.

Содан соң қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын ұйымдастыру үшін полицияның басшылық құрамы қатарынан топтың жетекшісі тағайындалады. Ол митингке жауапты әкімдік өкілімен байланыс орнатады.

Әрі қарай полицейлер мен әкімдік өкілі митинг-шеру басталғанға дейін айналадағы бейнебақылау және жасанды жарықтандыру жүйелерінің жарамдылығын, сондай-ақ кірме жолдардың болуын тексереді. Қатысушыларға қауіп тудыратын жарылғыш және басқа да бөгде заттарды анықтаумен, жоюмен айналысады. Алаңда наразылық білдірушілер киіз үйлер, шатырлар және өзге құрылыстар орнатыла ма, жоқ па, соны анықтайды. Бұл да қаңтардың сабағы болса керек. Осы дайындық іс-шаралары аяқталғанда, полицияның топ жетекшісі кезекші бөлімге, өз бастығына бар жайтты баяндайды.

Егер шеру-митинг шынымен бейбіт жағдайда өтсе, онда полиция процеске араласпайды.

Полиция тобының жетекшісі тікелей шерушілер арасында жүрген әкімдік өкілімен тұрақты байланыс ұстайды. Ал іс-шараны өткізу кезінде өзге полицейлер біріншіден, топ жетекшісінің нұсқауы бойынша митинг өтіп жатқан орынға дереу келуге әзір болады. Екіншіден, ондағы қадiр-қасиетті және қоғамдық имандылықты қорлайтын күйдегі, яғни мас адамдарды тауып, алып кетуге тиіс. Қаңтар оқиғаларынан түсірілген видеороликтерде: "Оу, мас адамдарға микрофон бермеңдерсей!" деген дауыстарды естуге болады.

Үшіншіден, полицейлер бұйрық берілмеді деп бей-жай қалмай, өзі куә болған, естіген құқық бұзушылық туралы хабарламаларға және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін, күтпеген мән-жайларға өз бетінше жедел ден қоюға міндеттеледі.

Қажет деп тапса, бұдан былай полицияға митинг өтіп жатқан алаңды жан-жақтан турникеттермен қоршап тастауға, оған кіретін және шығатын шағын өтпежол жасауға, сондай-ақ шеру-демонстрацияларға апаратын іргелес көшелерді және аулалардағы кірме жолдарды бұғаттап тастауға рұқсат етіледі. Бұдан бөлек, полиция стационарлық және қол метал детекторларын пайдаланып, қатысушыларда тыйым салынған заттардың – суық, атыс және өзге қарудың, жарылғыш заттардың, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян, материалдық залал келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін арнайы дайындалған немесе бейімделген заттардың, спирттік ішімдіктердің, шыны ыдыстағы сусындардың бар-жоқтығын тексере алады.

Бүлік көріністері байқалса...

Бейбіт жиналыстардың беталысы өзгеріп, қоғамдық тәртіп бұзылса, полиция қызметкерлері не істемек? Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе, өрт басталса, адамдар дене жарақатын алса, суицидке әрекет жасалса, табиғи және техногендік сипаттағы жағдайлар болса, шеру кезінде көлікпен адамды басып кету оқиғасы тіркелсе, сондай-ақ қатысушылар ЖАО мен прокуратура өкілдерінің жиналысты тоқтату туралы заңды талаптарын орындамаса, онда іске полицейлер кірісуі қажет.

Олар біріншідан, қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кеседі. Екіншіден, әкімдік, прокуратура өкілдерінің, журналистердің, сондай-ақ келіссөздер жүргізуге шақырылған уәкілетті адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Үшіншіден, бейбіт жиналыс өткізіліп жатқан аумақты бұғаттайды. Төртіншіден, жиналысты ұйымдастырушылар мен қатысушыларды қоршап, тежеп, айналадағы азаматтардың өмірі мен денсаулығына ең аз қауіп төндіретін орындарға ығыстырады.

Бесіншіден, ол аумақтағы жолдар жабылғанда автомобиль ағымын басқа бағыттарға қайта бағдарлайды. Алтыншыдан, тәртіп пен құқық бұзушыларды сол жерде ұстайды. Қашып кетсе, кейін Әкімшілік кодексінде белгіленген мерзімдерде тауып, тұтқындайды.

Бір қызықты талап бар. Егер әкімдік өкілі шеру-митингті тоқтатса, онда тіпті бейбіт жиналысты өткізу тәртібін бұзса да, тарап жатқан адамдарды ұстауға жол берілмейтіні жазылған. Сондай-ақ журналистік куәлігі және айырым белгілері болса, БАҚ өкілдерінің қамауға, ұстауға, олардың кәсіптік қызметіне кедергі жасауға тыйым салынады.

Бейбіт митингтің райы өзгере бастаса, әрбір полиция қызметкерлеріне қалыптасып жатқан ахуал туралы кезекші бөлімге жедел хабарлап отыру жүктеледі. Бұған қоса, олар қатысушылар арасында құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Болып жатқан оқиғаларға фото-видео түсірілім жүргізеді.

Өз кезегінде жергілікті әкімдіктің және прокуратураның өкілдері заңды бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік санкциялары қолданылатынын дауыс күшейткіштермен, микрофонмен түсіндіреді, заңсыз әрекеттерді тоқтатуды талап етеді.

Егер басбұзарларға сөз өтпесе, "прокуратура өкілдері құқықтық баға бергеннен кейін және жеткілікті құқықтық негіз болған жағдайда", полицейлер сырттан бақылауын доғарып, тентек-теліні ұстау, күштеп әкету, жеткізу арқылы теріс іс-әрекеттердің жолын кесуді қолға алады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу