Қаңтардың қайтарымы болған "арзан газ дәуірі" ұзартылуы мүмкін

3863

Автогаздың литріне бекітілген 50–70 теңге аралығындағы баға реттеу режимі жаңа жыл мерекесінде аяқталуға тиіс болатын. 

Қаңтардың қайтарымы болған "арзан газ дәуірі" ұзартылуы мүмкін Фото: gov.kz

Бірден айта кетелік, халық наразылығына орай биылғы 5 қаңтарда автогазға белгіленген арзан баға содан бері тағы ұзартылды.

Бұған қатысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының "ҚР аумағында автогаз құю станцияларында автокөлікке жанармай құю үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу туралы" деп аталатын соңғы бұйрығы 2022 жылғы 5 шілдеде қабылданды. Құжат баға шектеуді биылғы 31 желтоқсанға дейін созып берді.

Ары қарай сұйытылған мұнай газы (СМГ) биржа арқылы біртіндеп еркін сатылымға жіберілуге тиіс еді.

Енді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ел басшылығының тапсырмасымен, 5 шілдедегі бұйрығына да өзгеріс енгізетін жаңа бұйрық жобасын әзірлеп шықты.

Бұған бір ғана жайт итермелеп отырған көрінеді: егер дәл қаңтарда баға босатылса, бұл қайтадан халықтың көтерілуіне соқтыруы ғажап емес.

Оның үстіне келесі жыл электоралдық тұрғыдан аса маңызды: алдымен Сенаттың, содан соң Мәжілістің, барлық деңгейлердегі мәслихаттардың, ары қарай аудан және қала әкімдерінің сайлаулары өтеді деп күтілуде.

"Мемлекет басшысының 2022 жылғы 5 қаңтардағы тапсырмасы бойынша агенттік төрағасының 5 шілдедегі №16 бұйрығымен, өңіріне байланысты литріне 50-ден 70 теңгеге дейінгі шекті бағалар белгілей отырып, автогаз құю станцияларынан сұйытылған мұнай газын (СМГ) бөлшек саудада өткізуге уақытша мемлекеттік баға реттеу енгізілген еді. Бірақ ол бұйрықтың қолданылу мерзімі 2023 жылғы 1 қантарда аяқталады. Содан соң СМГ нарығының бөлшек саудасында еркін баға белгілеу жағдайында бағаның күрт өсу және қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің туындауы қаупі бар. Осыған байланысты, №16 бұйрыққа өзгерістер енгізетін бұйрық жобасы әзірленді", – деп мәлім етті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құжатқа түсіндірмесінде.

Бұл құжат қабылданса, құю станцияларынан автогазды (СМГ-ны) бөлшек саудада өткізуді бағалық реттеу 2023 жылдың 30 маусымына дейін ұзартылмақ. Яғни, қазіргі қалпында қалдырылады.

Бір қарағанда, осы салада үлкен бәсекелестік бар. Энергетика министрлігінің дерегінше, 11 компания СМГ-ның өндіруші зауыттары болып табылады:

  • "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС;
  • "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС;
  • "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС (ШМӨЗ);
  • "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ;
  • "ҚазГПЗ" ЖШС;
  • "Қазгермұнай" Бірлескен кәсіпорны ЖШС;
  • "Қазақойл Ақтөбе" ЖШС;
  • "Жайықмұнай" ЖШС;
  • "Теңізшевройл" (ТШО) ЖШС;
  • "Саутс-Ойл" ЖШС;
  • "Gas Processing Company" ЖШС.

Дегенмен, осының ішінде ТШО мен Жайықмұнайдан басқа 9 компания ғана Қазақстанның ішкі нарығына СМГ жеткізуге міндеттелген. ТШО өз газын толық дерлік шетелге сатады.

"Қасіретті қаңтар" оқиғаларынан кейін жағдай өзгеріп, сыртқа экспорт біршама шектелген. Бұған қоса, 24 ақпанда посткеңестік кеңістіктегі алапат соғыс басталғалы қазақстандық автогазға сыртқы нарықта сұраныс күрт төмендеді. Себебі, оның басым бөлігін Украина сатып алып келген. Бұл елдің аумағы майдан даласына айналғандықтан оған тауар экспорттау мүмкін болмай қалған.

Сондықтан СМГ өндірушілер Үкіметке хат жазып, сұйытылған автогаз бағасын еркін айналымға жіберуді сұрады. Бұған билік көніп, 2023 жылдың басынан бұл өнімнің бағасын мемлекеттік емес, нарықтық қалыптастыруға көшудің қамын жасауға кірісті. Антимонополиялық агенттік тиісті Жол картасын жасады. Осыған орай 50–70 баға лимиті жыл соңына дейін ғана ұзартылған.

Жаңа жылдан бастап, зауыттан автогазды жеткізудің әлдеқайда қатаң ай сайынғы жоспарлауынан жыл сайынғы контрактілерге көшу ұсынылды. Келесі жылдың бірінші тоқсанында СМГ-нің жалпы көлемінің алдымен 10%-ын тауарлық биржада спот-сауда арқылы сату қарастырылды. Осының арқасында зауыттар биржада баға көтеруден қосымша табыс тауып, өндірісінің кірістілігін жоғарылата алатын еді.

Алайда мамандар тілімен айтқанда, мұның бәрі әзірге "паузаға қойылды". Себебі Украинаға экспорт доғарылғанымен, отандық өндірушілер СМГ өндірісінің көлемін күрт қысқартып жатқаны анықталды. Яғни, осыдан туатын тапшылық 2023 жылғы қаңтарда Маңғыстаудан бастап барлық өңірде автогаз құнының күрт көтерілуіне соқтыруы мүмкін еді.

Сол себепті антимонополиялық орган қазіргі алмағайып шақта мұндай қадамға баруға әлі ерте дегенді білдіріп отыр.

Бұдан бұрын СМГ-ны тауар биржалары арқылы сату 2022 жылғы 1 қаңтардан 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылған еді. Енді агенттіктің жаңа бұйрығы күшіне енсе, автогаз биржаға әзір түспейді.

Егер алдағы жылдары қазақстандық сұйытылған мұнай газының экспорты қайтадан өрістесе, онда елде автогаз тапшылығы туындауы ықтимал. Себебі, СМГ өндірісін арттыру, жаңа газ кенорындарын іске қосу және басқа да мәселелер шешімін таба қойған жоқ. Сонымен бірге осы газды тұтыну көлемі қарқынды өсуде.

Қазақстанда СМГ-ны ішкі тұтыну көлемі 2020 жылы 1,4 млн тоннаны, ал 2021 жылы 1,6 млн тоннаны құрады. Биылғы жыл соңында бұл көрсеткіш 2 миллион тоннаға жуықтауы мүмкін.

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, бензин немесе дизельден автогазға көшкен және ресми тіркелген көлік құралдарының саны жыл сайын артып келеді: 2018 жылы – 82,2 мың бірлік қана болса, 2019 жылы – 139,9 мыңға, 2020 жылы – 216,3 мыңға, 2021 жылы – 313,3 мыңға жетті. Таяу уақытта жарты миллиондық межені еңсереді деп күтілуде. Тіркелмегені қанша екені беймәлім.

Автогаздың қайтадан күрт арзандап, бағасының 50–70 теңге көлемінде қатырылуы газды-баллонды жабдық орнатып, осы отынға көшкен машиналар легін ұлғайтыпты. Себебі бензин бағасы шарықтап барады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу