Осы жылдың наурыз айында көршілес Ресей мемлекеті өз шекарасынан қантты экспорттауға шектеу қойғаны сол еді, оған жылдар бойы тәуелді болып келген отандық нарықтағы жағдай бірден ушықты. Қант тапшылығы орын алып, құмшекердің келісінің бағасы аспандап кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Соңғы екі-үш ай дересінде ел арасында қантқа қатысты даурығу көп. Кезек күткен ағайын бір келі тәттіге таласып, бір-бірін таптап та жатыр. Ал мұның барлығы өнімнің тапшылығы мен күн сайын бағаның құбылуынан болып отыр. Салыстырмалы түрде қарасақ, Ресей тауар экспортына шектеу қойғалы елдегі қанттың бағасы екі-үш есеге дейін өсті.
Мәселен, наурыз айына дейін Павлодар облысындағы сауда сөрелеріне тұрақтандыру қорынан жеткізілетін бір келі қанттың бағасы 264 теңге болған еді. Бұл шекті баға жарты жыл бойы сақталып тұрды. Сол тұста "коммерциялық" деп аталатын, яғни бағасы мемлекет тарапынан реттелмейтін, сатушылар өз делдалдарынан алатын қанттың келісі әрі кетсе 300 теңге болды. Наурыз айында әлеуметтік бағасы 315 теңгеге, "коммерциялық" 450 теңгеге жетті. Бірақ мұнымен тоқтай қойған жоқ. Соңғы екі апта ішінде құмшекер тағы қымбаттады. Бүгінде әлеуметтік дүкендердегі баға 369 теңгені құрап отыр. Ірі сауда желілерінде, аулалардағы шағын дүкендерде келісі 460 теңгеден басталып, 640 теңгеге дейін жетеді. Ал ауылдық аймақтарда тіпті 700 теңгеден сатылуда.
Соған қарамастан, өңірдегі баға саясатына жауапты кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы алаңдауға негіз жоқ дегеннен тайынбай отыр.
"Қазіргі уақытта облыста қант тапшылығы мен тұрғындар арасына даурығу жоқ. Тұрақтандыру қорында шамамен 600 тонна қант бар. 29 мамыр күні басқарма қызметкерлері сауда орындарындағы қанттың көлемі мен бағасына мониторинг жүргізді. Мысалы, "Ақ бидай" көтерме сауда дүкенінде қант бар. Оның бір келісі 610-620 теңгеге сатылуда", – делінген ресми хабарламада.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің басшысы Ержан Қазанбаев елдегі орташа баға 450-470 теңге төңірегінде екенін айтты. Сондай-ақ оның пайымынша елде қант тапшылығы жоқ. Болмайды да.
"Қазір біздің қорда қант жеткілікті. Сондықтан даурығу, дүрлігу болмауы керек. Бес келісін бір-ақ алу да қисынсыз. Оны қажеттілікке қарай алу керек қой", – дейді Ержан Қазанбаев.
Министрліктің мәліметінше, Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 15 сәуірдегі шешіміне сәйкес, Қазақстанға 31 тамызға дейін 350 мың тонна көлемінде қант сату құқығы берілді. Қазіргі уақытта елімізге 10 мың тоннадан астам қант тиелген 152 вагон вагон келе жатыр. Сонымен қатар отандық кәсіпорындарға өңдеуге тапсырылуы үшін 116 вагон қант шикізаты жеткізіледі.
Бірақ бұл шаралар да мәселені түбегейлі шешпейтін сияқты. Қант, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиеваның пайымынша, сыртқа деген тәуелділікті жойып, елді қантпен қамтамасыз ету үшін қант қызылшасын салуға ден қою қажет.
"Қазіргі уақытта қант шығаратын өндіріс орындарының қуаттылығы толық көлемде пайдаланылып отырған жоқ. Себебі оларға шикізат жетпейді. Қант қызылшасын өсіру жұмысы кенже қалып жатыр. Өнім дайындау орындары орналасқан Алматы және Жамбыл облыстарында су тапшылығы байқалады. Егер басқа суармалы алқаптар айналымға енгізіліп, қажетті шикізат көлемі өсірілсе, мәселе де шешімін табар еді", – Айжан Наурызғалиева.
Бұл тұрғыдан алғанда Павлодар облысының әлеуеті зор. Осыдан үш жыл бұрын жергілікті 10 шаруашылықтың әрқайсысы бір гектар жерге қант қызылшасын еккен еді. Күзде жиналған өнімнің көлемі көңіл көншітті. Шаруалар гектарынан 500 центр қызылша алды. Ресейдің Алтай өлкесінде жасалған талдау нәтижелері павлодарлық қызылшаның құрамында 16-19% қант барын көрсетті. Алайда бұл жұмыстың соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Себебі сол қант қызылшасын өңдейтін зауытты салатын инвестор табылмады. Демек шаруашылықтарға да қант қызылшасын кең көлемде салудың қажеттілігі болмады.
Сұраныс алдағы бір-екі жылда туындауы мүмкін. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов мәлім еткендей, бүгінде түркиялық "Чалык Холдинг" компаниясымен өзара келісім бар. Инвестор Ақсу қаласының индустриялық аймағында қант зауытын салу үшін 106 млрд теңге қаржы құймақ. Жоспар бойынша, мұнда жылына 152 мың тонна дайын өнім шығарылады. Өңір тұрғындарының сұранысы 12 мың тонна екенін ескерсек, жергілікті кәсіпорын сұраныстан 10 есе артық өнім дайындауды жоспарлап отыр. Алайда жобаның қай уақытта басталып, зауыттың қашан қосылары әзірше белгісіз. Қазір жобалық-сметалық құжаттарды дайындау жұмыстары жасалып жатыр.
Құндыз Қабылденова
Фото: Константин Шелков