Қарағанды облысында Орталық Азиядағы ірі күн электр станциясы ашылды

8097

Күн энергиясын электр қуатына айналдыратын станцияның қуаттылығы 100 мегаватты құрайды.

Қарағанды облысында Орталық Азиядағы ірі күн электр станциясы ашылды

Қарағанды облысының Саран қаласында "SES Saran" ЖШС күн электр станциясын іске қосты. Кәсіпорын 164 гектар ауданға күн энергиясын электр қуатына айналдыруға қауқарлы 307 мың 541 панель орнатып шыққан.

Жасыл энергетика саласындағы бұл жоба 2017 жылдың 7 маусымында қолға алынған болатын. Сол кезде құрылыс алаңына естелік капсула салынып, Саран қаласы әкімдігінің және "SES Saran" ЖШС арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылған еді.

"Елімізде 67 баламалы энергетика көздері станциясының құрылысы аяқталды. Жалпы олардың қуаттылығы бүгінде 531 мегаватты құрап отыр. 2019 жылдың соңына дейін баламалы көздерден алынатын электр энергия қуаттылығы бір мың мегаваттқа дейін ұлғайтылады деген жоспар бар", – деп атап өтті ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Күн электр станциясының құрылыс жұмыстарына бес айдай уақыт кеткен. Күннен тоқ алатын панельдерді Германия, Франция, Польша, Украина, Беларусь елдерінен келген кәсіби мамандар орнатқан. Бұл станцияның қуаты 100 мегаваттқа дейін жетеді. Мамандардың мәліметінше, мұндай күн станциясы Саран тәрізді он қаланы электр қуатымен қамтуға қауқарлы.

"Бұл соңғы заманауи технологиямен шығарылған панельдер болып табылады. Генератор құрылғысының әсерінен мұнда панельді қысты күні қар баспайды. Құрылғылар ешқандай күтімді қажет етпейді, оларды сүртіп, тазалаудың қажеті жоқ. Бұл жобаны іске асырмай тұрып жергілікті жердің ауа райы ерекшелігі жан-жақты сараланған. Бұл техниканың ерекшелігі сол, бұл салқындатуды да қажет етеді, яғни үнемі ыстықтан гөрі салқын температура құрылғының жақсы жұмыс жасауына көмектеседі, өйткені генерация жақсы жүреді", – деп мәлімдеді "SES Saran"компаниясының бас директоры Евгений Гребенников.

40 жылдан кейін күн электр станциясындағы панельдердің қуаттылығы төмендеуі мүмкін. Арнайы орнатылған технологияның көмегімен қай панельдің жұмысы төмендегенін анықтауға болады, осыдан кейін панельдерді жаңасына ауыстыруға болатын көрінеді.

Бұл жоба Германия Чехия, Словения елдерінің халықаралық инвестициялық топтарымен жүзеге асырылып отыр. Жобаға салынған жеке инвестициялардың көлемі 137 млн долларды құрайды.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу