Қаракөлдің қоқиқазы әлемге танылды

2267

Алайда оларды дронмен камераға түсіру заңсыз болып шықты. 

Қаракөлдің қоқиқазы әлемге танылды Фото: sputniknews.kz

Маңғыстау облысындағы Қаракөл көліне қатысты дау әлі жалғасып жатыр. Еске түсіре кетсек, Ақтау тұрғыны Азамат Сәрсенбаев көлге ұшып келіп жатқан қоқиқаздарды бейнекамераға түсірген болатын. Көргенде көз тоймайтын әсем көріністер көп ұзамай жер-жерді шарлап кетті. Алайда Азаматтың өзі осы әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны мәлім болды. Оны табиғаттың сұлулығын көпшілікке жеткізе білді, сол арқылы облыстың имиджін көтеріп, туристерді тартуға ықпал етеді деп санайтындар мұндай шешімге қарсы.

"Қаракөл көлі ерекше қорғалатын аумақ, қаумалдың арнайы төлқұжаты бар. Қаракөлді тек қоқиқаз емес, 175-ке дейін құс мекендейді, олардың кейбірі жылдың белгілі бір маусымында келсе, кейбіреулері жыл бойына осы жерді тұрақ етеді. Оларды көктемгі ұялау, жаздың басындағы балапан басу, күзгі миграция кезінде дронмен камераға түсіру өте қауіпті, олар басқа аймаққа ұшып кетулері де мүмкін, сондықтан құстардың тыныштығын қамтамасыз етуіміз керек. Күз мезгілінде құстар алыс жолдан келе жатып, Қаракөлге тоқтап күш жинайды да әрі қарай ұшып кетеді Мұндай видео бір жағынан керек те шығар, бірақ мұндай жолмен түсірмегені дұрыс болар еді. Құстарды дронмен келіп үркітетіндерді Үстірт қорығының инспекторлары заң жолымен жауапкершілікке тартып отырмаса, олардың саны болашақта көбейіп кете ме деп алаңдаймын", – дейді маңғыстаулық эко-амбассадор Әділбек Қозыбақов.

Орта Азия өңірлік бастамасы үйлестіру комитетінің мүшесі, "Табиғи орта" Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы, "Ecojer" қазақстандық экологиялық аймақтық бастамалар қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша өңірлік кеңес мүшесі Әділбек Қозыбақов Қаракөл көліне халықаралық мәртебе беру мәселесін көтеріп келеді.

Қазіргі күні көлдің жанында құстарды, келіп-кетушілерді бақылап отыратын, сондай-ақ экологиялық туризмнің құстарды тамашалауды білдіретін "бёрдвотчинг" бағытын дамыту мақсатында екі мұнара салу мәселесі шешілмей отыр. Былтырғы ақпан айында облыс басшылығы оған қаржылай қолдау көрсетуді "МАЭК-Қазатомпром" кәсіпорнына тапсырыпты. Алайда аталған мекеме оған шамасы жетпейтінін айтқан, сөйтіп басқа демеушілер іздестірілуде екен. 

"Мұнаралар қамыстың бергі жағын ғана емес, ар жағын көруге де мүмкіндік берер еді. Ол барлық жағдай жасалған шағын кеңсе сияқты болуы керек", – дейді Әділбек Қозыбақов.

Әйткенмен Азамат Сәрсенбаев қоқиқаздарды түсіруге болмайтынын білмегенін, бір ғана дрон аппараты тыныштықты бұзбағанын айтады.

"Ол жерде келушілерге "осылай жасауға болмайды" деп ескерту жасайтын стенд, тақтайша, белгілер болған жоқ. Меніңше, мұның бәрі өркениетті түрде жасалуы керек еді. Қазір маған 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу немесе әкімшілік ескерту беру жазасы қолданылмақ екен. Әкімшілік ескерту берілгенде де құжат толтырылып, ол жеке мәліметтер базасына енгізіледі. Мен мұндай шаралармен келіспеймін және өзімнің құқығымды соңына дейін қорғамақшымын",  дейді бейнебаян иесі. 

Осындай дау-дамаймен қатар Қаракөл көліндегі қоқиқаздардың фото,-бейнесуреттері шетелдік басылымдардың да назарын аударып, жариялана бастады. Азаматтың айтуынша, оған қазірдің өзінде бірқатар шет мемлекеттің Қазақстандағы өкілдері хабарласқан. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу