Қараң қала бастаған қалаға заманауи әуежай салынатын болды

20783

Соның нәтижесінде шаһарға жан кіріп, дамуына серпін берілуі мүмкін.

Қараң қала бастаған қалаға заманауи әуежай салынатын болды Фото: press.kz

Алайда ол үшін мемлекет 7,7 миллиард теңге табуы шарт. Бұл жерде әңгіме Арқалық қаласы туралы болып отыр.

Кезінде Торғай облысының орталығы ретінде гүлденген Арқалық қаласында, дәуірлеген жылдары, 1989 жылғы санақ бойынша 62 мыңнан астам адам тұрыпты. Арқалықтан түрлі тауар алу үшін Торғай және Қостанай облыстарының қалалары мен ауылдарынан ағылып келіп-кетіп жататын қонақтарын қосқанда, жұртшылықтың қарасы жүз мыңнан асып жығылатын.

Өйткені бұл шаһар өңірдегі дамыған көлік торабы болды, оған көрші елдерден ұшақтар қатынапты. 1997 жылы Торғай облысы екінші рет таратылғанда (біріншісі Кеңес кезінде болған), оның жерлері Қостанай және Ақмола облыстарына бөліп берілді. Оның үстіне қаланың күні қараған ірі кәсіпорын өндірген боксит таусыла бастады. Содан бері тұрғындарының үлкен бөлігі әр жаққа ауа көшіп, қала республикадағы депрессивті елді мекендердің қатарына қосылды.

Ұлттық статбюро дерегінше, қазіргі кезде, 2024 жылы Арқалықта 37 868 адам тұрып жатыр. Қала әуежайсыз қалды, бұл өңірдің экономикалық даму өрісін тарылтуда.

Заманында жолаушыларының бірі кіріп, бірі шығып, ығы-жығы болып, өмір қыз-қыз қайнап жататын Арқалық әуежайының ғимараты бүгінде қирап қалған. Биыл жүрек талмасы ұстаған ауруды құтқаруға асыққан Ан-2 санитарлық ұшағы оның ұшу-қону жолағынан әуеге көтеріле алмай, аударылып қалып, қаланың әуежайы ел назарын өзіне аударды.

Арқалыққа және оны қоршаған ауылдарға ортақ бір әуежай керек-ақ. Парламент депутаттары да, жергілікті қоғам белсенділері де қаланың шетелмен болмаса, ең құрығанда өз өңірлерімізбен, әсіресе, облыс орталығы Қостанаймен және Астанамен әуе қатынасын қалпына келтіру бастамасын көп жылдан бері көтеріп келеді.

Мемлекеттің қарауынсыз қалған жергілікті әуежай қолдан қолға өтті. Төрт жыл бұрын оның ғимаратын жеке тұлға айналасындағы 5 гектарлық бүкіл жерімен небәрі 30 миллион теңгеге саудаға қойды. Хабарландыруда бұл аумақ қора салу сияқты шаруашылық қажеттіліктерге немесе қала сыртындағы сарай-вилла тұрғызуға жақсы жарайтыны айтылған.

Бұл хабарландыру жергілікті жұртшылықтың ашу-ызасын туғызды. Өйткені әуе қақпасының нысаны қалпына келтіріледі деген үміт болған еді. Тұрғындардың еске алуынша, кезінде қалада Ту-154, Ан-24, Ан-2, Ил-76, Як-40 және басқа да ұшақтар мен тікұшақтар болып, әр өңірмен тұрақты әуе қатынасын қамтамасыз етті. Шаһар ірі ұшақтар үшін әуе дәлізі қызметін атқарды.

Алайда жергілікті инфрақұрылым қирағалы, авиакеросин құю, ұшақ тұрақтау жүйелері, ұшу-қону жолағы бүлінгелі олар жоламайтын болды.

Orda.kz жазуынша, небәрі 1956 жылы ашылған жас әрі прогрессивті Арқалық 90-шы жылдары жартылай бос қалған елес қалаға айнала бастағанда, жапон инвесторлары келіп, Үкіметке жергілікті руданы өндіруге рұқсат етсе, жергілікті әуежайды өз қаражатына жаңғыртып беруге уәде етіпті. Бірақ билік жапон бизнесінің меселін қайтарып, ұсыныстан бас тартқан.  

Арқалықтың әуежайын қалпына келтіруге Әлихан Смайылов Үкіметі назар аударды. Оның қолдауымен Қостанай облысының әкімдігі ұшу-қону жолағын, жол инфрақұрылымын және ғимаратын техникалық тексеруге 9 миллион теңгедей қаржы бөлді. Іс сонымен дағдарды.

Қазіргі уақытта қирап, ырсиған қаңқасы ғана қалған Арқалық әуежайы жұмыс істемейді және жолаушыларды қабылдамайды. Оның ұшу-қону жолағын арагідік санавиация ұшақтары ғана пайдаланатын.

Алайда 2024 жылғы мамырда Ақсұңқар ауылында инфаркт болған тұрғынды облыстық ауруханаға алып кету үшін қос ұшқыш, дәрігер мен фельдшерді отырғызып аттанған Ан-2 ұшағы апатқа ұшырады. Басқарудан шығып кеткен әуе көлігі жөндеу көрмеген ойқы-шойқы ұшу-қону жолағынан тайып кетіп, жол жиегіндегі қарғын суда аударылып қалды. Қуанышқа қарай, ешкім құрбан болған жоқ. Бұл апат та билікке Арқалыққа заманауи әуежай керектігін кезекті рет нұқып көрсетті.

Премьердің бірінші орынбасары Роман Скляр Қостанай облысының Арқалық қаласындағы әуежайды қалпына келтіру мәселесі пысықталып жатқанын жеткізді.

"Әуежайға тексеру жүргізу үшін Қостанай облысының әкімдігі "NTDK Group" ЖШС-ін тартты. Оның жұмысының нәтижелері бойынша әуеайлақ жабындарының, соның ішінде ұшу-қону жолағының, жермен жүру жолдарының, перронның жай-күйі нашар екені анықталды. Сонымен қатар әуеайлақ маңындағы аумақта тексеру жүргізіліп, 40 шақырым радиуста кедергілердің бары, ауыл шаруашылығы қызметі жүргізіліп, егістік егілетіні және мал шаруашылығы фермаларының болуы әшкереленді. Бүгінгі күні әуежайды қалпына келтіру жоспарлануда", – деп уәде берді бірінші вице-премьер.  

Бұл ретте оның айтуынша, әуежай келесі параметрлерге сәйкес, қалпына келтіріледі.

Біріншіден, ұзындығы кемінде 2200 метр (2,2 шақырым) болатын ұшу-қону жолағы жасалады. Бұл "Бойнг", "Эйрбастарға" жарамағанымен, Q400, АН-24, CRJ 200 және ұқсас типтегі әуе кемелерін қабылдауға жеткілікті екен. Мысалы, Qazaq Air авиакомпаниясы ел ішіндегі рейстерде қолданатын Bombardier Dash 8 Q400 ұшағының ұзындығы 32,8 метр, биіктігі 8,4 метр болады. Ол 70-78 жолаушыны алып ұша алады. Арқалық үшін бастапқыда осының өзі жеткілікті болар еді. Бұл әуе көлігі 2 500 шақырымға дейін ұша алады. Демек, Қазақстанның барлық дерлік өңірін және көрші елдерді қамтуға қауқарлы.

"Осыған байланысты жалпы ауданы 187,4 мың шаршы метр болатын әуеайлақ жабындыларына жөндеу жүргізу қажет. Алдын ала есептеулер бойынша қалыңдығы 70 миллиметрлік ұсақ түйіршікті асфальт-бетон жабынын төсеудің құны 1,6 миллиард теңгені құрайды", – деді Роман Скляр.

Екіншіден, Арқалықта болжам бойынша екі қабаттық жаңа әуежай ғимараты салынуға тиіс. Оның өткізу қабілеті сағатына 70 жолаушыны құрайды. Жолаушылар терминалының жалпы ауданы 1 300 шаршы метр болмақ.

Үкімет басшысының бірінші орынбасарының мәліметінше, барлық инженерлік коммуникацияларды жүргізуді, сондай-ақ багажды өңдеу және жолаушыларды тіркеу үшін технологиялық жабдықтарды сатып алуды қоса есептегенде, құрылыс-монтаждау жұмыстарының болжамды құны 4 миллиард теңгеге жетеді.

Үшіншіден, әуеайлақ қызметіне, авиациялық қауіпсіздік қызметіне, ұшуды электр жарығымен техникалық қамтамасыз ету қызметіне, арнайы көлік қызметіне, тасымалдауды ұйымдастыру қызметіне және басқа да өндірістік қызметтерге арналған өндірістік орынжайлар тұрғызу қажет етіледі.

Төртіншіден, әуеайлаққа қажетті арнайы техника паркін сатып алу керек. Соның ішінде шнекоротор – 1 бірлік, жүзі мен щеткалары бар қар тазалағыш машина – 2 бірлік. Осы арнайы техниканың болжамды құны 190 миллион теңгені құрайды: шнекоротор – 51 млн теңге, қар тазалау машинасы – 69,5 млн теңге.

Бесіншіден, әуе кемелерінің қонуға дәл кіруін қамтамасыз етуге арналған аэронавигациялық және метеорологиялық жабдықтар талап етіледі. "Азаматтық авиацияны метеорологиялық қамтамасыз ету қағидаларына" сәйкес келетін метеорологиялық жабдықтың ең төменгі құрамының құны 70 миллион теңгеге барады. "Азаматтық авиациядағы ұшуларды және авиациялық электр байланысын радиотехникалық қамтамасыз ету қағидаларына" сәйкес келетін радиотехникалық жабдықтың ең аз құрамының құны 1,8 миллиард теңгеге жетеді.  

"Осылайша, әуежайды қалпына келтіруге жұмсалатын шығындардың шамамен алынған жиынтықты сомасы – 7,7 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ әуежайды қалпына келтірудің түпкілікті құны тиісті жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленгеннен кейін айқындалатын болады. Осыған байланысты, қазіргі уақытта облыс әкімдігі ЖСҚ әзірлеу үшін 60 миллион теңге көлемінде қаражат іздестіру мәселесін пысықтауда", – деді 1-ші вице-премьер Роман Скляр.

Сонымен бірге әуеайлақты одан әрі сертификаттау және аэронавигациялық жабдықты орнату қажет.

"Бұл ретте әуежайға қосымша тексеру жүргізу үшін Көлік министрлігіне "Қазаэронавигация" РМК-нің және "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-ның мамандарын жіберу туралы тапсырма берілгенін хабарлаймын.  Әуежайды қалпына келтіруді қаржыландырудың ары қарайғы мәселесі облыс әкімдігі белгіленген тәртіппен тиісті құжаттаманы дайындағаннан кейін республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізілетін болады. Жалпы жоғарыда көрсетілген мәселелер Үкіметтің ұдайы бақылауында және оларды шешу бойынша жұмыс одан әрі жалғасатын болады", – деп сендірді Роман Скляр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу