Карантин Қаржы орталығына қалай әсер етті

9199

Былтыр "Астана" халықаралық қаржы орталығына 287 жаңа компания тіркелді. 

Карантин Қаржы орталығына қалай әсер етті

Коронавирус пандемиясы "Астана" халықаралық қаржы орталығының қызметіне түзету енгізбей қойған жоқ. Жер-жаһанды шарпыған күрделі жағдайға байланысты мұндағы қызметтердің дені онлайн режимге көшті.

АХҚО-ның қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің мәліметінше, өткен жылы орталыққа 287 жаңа компания тіркелген. Осылайша, АХҚО аясында жұмыс істеп жатқан компаниялардың саны 650-ге жетті. Орталық 49 елдің компаниясына өз алаңын ұсынып отыр.

2020 жылдың қыркүйек айында компанияларды тіркеу процесі 100 пайыз онлайн режимге көшірлген. Тіркеу мерзімі 2018 жылы 7 күнді құраса, 2020 жылы 1 күнге дейін қысқарды.

"АХҚО-да ұсынуға болатын қаржылық қызметтердің жалпы саны – 35. Былтыр инвестицияларды сату және сатып алу бойынша әр түрлі платформаларға қатысты 5 жаңа қаржылық қызмет енгізілген. Сонымен қатар кэптивті сақтандырудың 3 жаңа формасы іске қосылған.

"Коронавирус пандемиясына байланысты реттеушілікті қолдау шаралары енгізілді. Бұл АХҚО бизнес қауымдастығына қиын кезеңдерде өзінің бизнес басымдықтарына назар аударуға мүмкіндік берді. Негізгі капиталға қойылатын талаптар, сондай-ақ инвестициялық компаниялардың өтімділік талаптары оңтайландырылды", – деп хабарлады АХҚО-ның қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитет.

Бұдан бөлек, FinTech Lab-та 8 жаңа фирма тіркелген. Мұнда барлығы 30 фирма бар. Олар краудфандинг, ақша қызметтері, цифрлық активтер және тағы да басқа салаларды қамтыған. Комитет АХҚО мен Қазақстанның цифрлық активтері саласындағы заңнамалық актілерінің талаптарын үйлестіруге ықпал етті.

Халықаралық қатынастар саласында да тиісті жұмыстар атқарылды. Комитет 2 көпжақты келісімге қол қойды. Олар – IOSCO кеңейтілген өзара түсіністік туралы меморандумы (EMMoU) және сақтандыру қадағалаушыларының халықаралық қауымдастығының (IAIS) көпжақты өзара түсіністік туралы меморандумы. Екі келісім де нарықтардың дұрыс жұмыс істеуі мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін дүниежүзілік қадағалау саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейтеді.

АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) өз қызметін 2018 жылғы 1 қаңтарда бастаған болатын. Осы күнге дейін АХҚО Соты мен орталық жалпы 296 істі табысты шешкен. Оның ішінде 291 іс 2020 жылы қарастырылды. АХҚО Сотына 12 іс берілді және 9 шешім шығарылды. ХТО-да төрелік талқылау мен медиацияны талап ететін 282 іс шешілді. Төрелік істердің саны едәуір өскен. Бірақ істердің көпшілігі медиация арқылы шешілген. ХТО-да дауларды медиация жолымен сәтті реттеу нәтижесінде істер бойынша одан әрі төрелік ету немесе сот талқылауы қажеттілігі азайған.

Істерге 11 елдің тараптары қатысқан. Оның ішінде Қазақстан Ресей, Қытай, Өзбекстан және Ұлыбритания секілді мемлекеттер бар.  Негізінен борыштық міндеттемелерге, өзге де қаржы мәселелеріне, қызметтер көрсетуге, еңбек қатынастарына және мүлікке (оның ішінде жер меншігіне) байланысты мәселелер қаралған.

"2020 жылғы наурызда COVID-19 жаһандық пандемиясының басталуына байланысты АХҚО Соты мен ХТО барлық жұмысын онлайн режимге ауыстырды және өзінің қызметтерін үздіксіз жұмыс істеуіне қол жеткізді. Барлық даулар электронды түрде шешілді. Бұл eJustice электрондық сот ісін жүргізу жүйесін қолдана отырып жүзеге асырылды. Барлық дауларды реттеу және шешу, сотқа дейінгі және сот тыңдауларын өткізу үшін заманауи бейнетехнологиялар қолданылды", – деп хабарлады АХҚО Соты.

222 заңгер АХҚО Сотында тараптардың мүдделерін сотта қорғау үшін тіркелген. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа, Орталық Азия, Африка, Азия, Аустралия және Жаңа Зеландиядан тіркелген 23 елдің (25 юрисдикция) заңгерлері бар. Қазіргі уақытта АХҚО Соты мен ХТО бүкіл әлемдегі халықаралық заң қоғамдастығы деп танылды.

"2020 жыл АХҚО Соты мен ХТО үшін айтулы жыл болды.  Жаһандық COVID-19 пандемиясына байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, дауларды шешу қызметтер, бүкіл әлемдегі бизнес пен іскер адамдар үшін өзінің тартымдылығын дәлелдеді. Жаңа серіктестік қарым-қатынастарды құру және оқытудың ауқымды бағдарламаларын жүргізу нәтижесінде біз сот істерінің санын едәуір ұлғайтуға, сот және төрелік шешімдерді табысты орындауға қол жеткіздік. Сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азияның заң және іскерлік қоғамдастығын дамытуға елеулі үлес қостық. Қызметіміздің осы кезеңінде біз басқа халықаралық қаржы орталықтарындағы дауларды реттеу жөніндегі ұқсас орталықтармен салыстырғанда, күткенімізден асып түсетін айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік", – деді АХҚО Сотының және ХТО Тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт мырза.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу