Карантин кезінде бизнеске қолдау көрсетіледі

10555

"Даму" қоры 5,7 трлн теңгеге 90 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетті.  

Карантин кезінде бизнеске қолдау көрсетіледі

Елдегі экономикалық ахуал күрделеніп, карантин жалғасқан уақытта бизнес мемлекет тарпынан айырықша қолдауды қажет етуде. Осы орайда, "Даму" Қоры АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Фархат Сәрсекеев мемлекет тарапынан бизнесті қолдаудың төрт бағыты бар екенін айтты. Олар – жеңілдетілген несие беру, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, несиеге кепілдік беру, клиенттерді онлайн оқыту әрі қаржы институттарына дейін сүйемелдеу.

Фархат Сәрсекеевтің сөзінше, "Даму" қоры 5,7 трлн теңгеге 90 мыңнан астам жобаны жүзеге асырған. Биылғы жылдың алты айында қор 239 млрд теңгеге бірқатар жобаның жүзеге асуына себепші болған.

Аталмыш қор карантин кезінде де шағын және орта бизнеске 4,6 млрд теңгенің жобасына қолдау көрсеткен.

"Карантин кезінде елде 4,6 млрд теңгеге әртүрлі жоба жүзеге асырылды. Мысалы, бетперде тоқу, залалсыздандыру құралдары, санитайзер өндірісі тәрізді 18 жоба бар. Біз өз тарапымыздан банктер берген қаражаттың қайтарылуына кепіл болдық. Яғни кепілзат жеткіліксіз болған кезде көмектесеміз. Бұл шара банктердің осы жобаларды қаржыландыруына мүмкіндік береді", – деп айтып өтті ол.

Сонымен қатар, Фархат Сәрсекеев қордың 80%-ға дейін кепіл болатын әрі 6% мөлшерлемесімен кепілзатсыз несие беретін бағдарламасы қашан іске қосылатынын айтты.

"Бұл бағдарлама "Бизнестің жол картасы – 2025" аясында жүзеге асады. Шағын және микробизнес өкілдеріне 5 миллионнан 20 млн теңгеге дейін несие беріледі. Бағдарламаның ерекшелігі – субсидиялау мен кепілдендірудің қарапайым жүйесінің болуы. Кәсіпкер "Даму" қорына қосымша қаржыландыру алу үшін өзі келмейді. Кәсіпкердің нақты бір жоба үшін банктен мақұлдау алуы банк пен "Даму" қорының арасындағы кешенді шешімі саналады. Бұл бағдарламаның іске асу уақыты туралы айтар болсам, барлық мәселелер шілде айының соңына қарай шешіледі деп ойлаймын. Осы айдың аяғы, келесі айдың басында бағдарлама толыққанды жұмыс істей бастайды. Кәсіпкерлер осы қаржыландыру тетігін пайдалана алады", – деді қор басшысының орынбасары.

Бағдарлама аясында тек шағын және микробизнес нысандары қаржыландырылмақ.

"Бұл бағдарлама шағын және микробизнеске арналған. 100 млрд теңге көлемінде лимит белгіленді. Несиені тек шағын және микробизнес өкілдері ғана алады. Басқаларға берілмейді. Несиеге, субсидияға қаржы бар. Бағдарлама іске қосылған кезде, микро және шағын бизнес өкілдері банктен келісімін алғаннан кейін, бағдарлама аясында қаражат алу мүмкіндігі бар", – деп түсіндірді Басқарма төрағасының орынбасары.

Ал Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаментiнiң директоры Шыңғыс Ахметов карантин кезінде медициналық қызметтерді ұсыну саласында бірқатар кәсіпорын ашылғанын тілге тиек етті.

"2020 жылдың алты айында медицина және медициналық қызметтерді ұсыну саласында 229 кәсіпорын ашылды. Олардың ішінде 67 дәріхана бар. Ал биылғы жылдың екінші тоқсанында осындай 113 кәсіпорын ашылды. Оның 34-і дәріхана", – деді департамент директоры.

Шыңғыс Ахметов сондай-ақ, карантин кезінде жабылған кәсіпорындар жайлы да сөз қозғады.

"Қызметін уақытша тоқтатқан кәсіпорындар туралы ғана айтып отырмыз. Олардың мүлдем жабылып қалуы мен банкроттығы туралы мәселе қозғалып отырған жоқ. Бұл жағдайды реттеу үшін салықтық ынталандыру, кәсіпкерлерді қаржыландыру, айналым қаражатын толықтыру, несиелерінің төлем мерзімін кейінге шегеру тәрізді қолдаулар көрсетіліп жатыр. Нақты қанша кәсіпорын жабылғаны жайлы нақты ақпарат карантин біткен кезде белгілі болады", – деді ҰЭМ өкілі.
Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу