Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әділет министрі Марат Бекетаев көпшілік "көктемгі карантин шараларынан қазіргі карантин несімен ерекшеленеді?" деген сауал жолдағанын айтады. Оның сөзінше тіпті заңгерлердің өздері бұл жолы жаза тағайындау бойынша ұзақ пікірталасқа түскен.
"Көктемде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476 бабы (Төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша жауапқа тартсақ, қазір 425 бап (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық, сондай-ақ гигиеналық заңнама талаптарын бұзу) қолданылады. Карантин шараларын алғаш енгізу барысында мұндай жауапкершілік заңнамада болмады. Дәл осы жағдай пікірталас туғызды. Бұл талаптар кейіннен Денсаулық сақтау министрінің 5 шілдедегі қаулысына сәйкес санитарлық ережелерде нақты көрсетілді. Оны кейбір адамдар "бұл не қылған ережелер?" деп жатыр. Бұл әлеуметтік қашықтықты сақтау, маска тағу, санитайзер орналастыру талаптары", – деді Марат Бекетаев.
Сонымен қатар Әділет министрі карантинде той жасағандарға жаза қатаңдатылғанын ескертті. Оның сөзінше жаза айыппұлмен шектелмейді, іс насырға шапса қылмыстық жаза тағайындалуы мүмкін.
"Заңға сәйкес бастапқыда айыпталушыға 83 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Егер мұндай шаралардың барысында азаматтар жаппай вирус жұқтырса, айыппұлдың да көлемі айтарлықтай артады. Ал оқиғаның салдары жағымсыз жағдайға апарса, қылмыстық іс те қозғалуы мүмкін", - деді Марат Бекетаев.
Брифингте министр Алимент төлеу қоры туралы сөз қозғады. Қазіргі кезде әлеуметтік қор қаражат жинауда. Кейін ол мұқтаж жандарға үлестірілмек.
"Жеке сот орындаушылардың республикалық палатасының жанынан арнайы Алимент төлеу әлеуметтік қоры құрылды. Қазіргі кезде ол қаражат жинап жатыр. Бұл ақшаны таратпас бұрын оны алдымен жинап алайық деп отырмыз", – деді Марат Бекетаев.
Министрдің айтуынша қорға жиналған қаражат арнайы тәртіппен беріледі.
"Алимент алуы тиіс азаматтардың бәріне бірдей ақша беру мүмкін емес екенін бірден айтайын. Себебі ақша барлығына жетпейді. Бұрынғы сенатор Серік Ақылбай бастаған абыройлы адамдардан тұратын арнайы комиссия құрылды. Оның мүшелерінің тізімімен жеке сот орындаушылардың республикалық палатасының сайтынан таныса аласыз. Осы адамдар кімге қандай көмек берілетінін шешеді. Қаражат тек мұқтаж адамдарға беріледі", - деді министр.
Оның сөзінше, әр адамға бір реттік төлем кезінде 1 млн теңгеден артық қаржы берілмейді. Төлемнің нақты сомасы қаржы жиналған соң белгілі болады.
Бұған қоса министр алимент бойынша борышкерлердің статистикасына тоқталды. Деректерге сүйенсек биылғы жылы алимент төлемейтіндер саны азайған.
"Алимент төлемейтіндер саны азайды. Мәселен, 2020 жылдың бірініш жартысында сот орындаушылары алимент төлемеу бойынша 210 мың істі қараса, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 192 мың болатын. Сот орындаушыларының қараған істері көбейгенімен алимент төлеу көрсеткіші жоғарылыған. Биыл 3 ай және одан да көп уақыт алимент төлемегендерге қатысты 13 мың 269 іс қозғалған. 2019 жылдың осы кезеңінде 14 тың 744 іс болатын. Бұған Әділет министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың қабылдаған шараларының нәтижесінде қолжеткіздік", – деді министр.
Марат Бекетаевтың сөзінше осы бағытта әкімдіктер көп жұмыс атқарған. Олар жұмыссыз қалған борышкерлерді еңбекпен қамтыған. Осылайша 2020 жылдың бірінші жартысында 2 мыңнан аса адам жұмысқа орналастырылды.
"Жалпы алимент төлеушілердің 93,7%-ы қарызын уақытылы өтейді. Ал 6,3%-ы ол күрделі істер. Ондай жағдайда жұмысқа орналастыру немесе шоттарын бұғаттау, шетел асуға мүмкіндік бермеу сынды шаралар қабылданады. Осылайша 2020 жылдың қаңтар-маусым аралығында алимент төлемей жүрген 908 адамға қатысты деректер жиналып, қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін істері ішкі істер органдарына берілді", – деді министр.
Құралай Құдайберген