Қаражал қаласында уақыт тоқтап қалған секілді

2184

Бірақ соның өзінде бұл шаһар қарыз батпағында малтығып жатқан Смайылов Үкіметін басып озды.

Қаражал қаласында уақыт тоқтап қалған секілді Фото: yandex.kz

Жаңадан сайланған Қаражал қалалық мәслихаты қаланың 2023 жылға арналған бюджетіне өзгерістер енгізетін құжатты қолға алды.

Оның қорытындысында жаңа депутаттар "Қаражал қалалық мәслихатының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы "2023–2025 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы" №202 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" жаңа шешім қабылдауы керек. Дегенмен, жаңа жобада да алып бара жатқан ірі өзгеріс жоқ, ұсақ түзетулер.

Жалпы, бұл қалада уақыт бір орнында тоқтап қалған сияқты. Өткен ғасырда қалай салынса, сол қалпын сақтап тұр. Тұрғындарының да саны соңғы онжылдықта көп өзгемей келеді: шамамен 8 мыңнан астам адам өмір сүруде. Оның 75%-дан астамы қазақтар, 19%-дайы орыстар, қалғаны негізінен, украиндар мен татарлар.

Осы маңда ХХ ғасырдың 30-шы жылдары темір рудасы табылысымен, жұмысшылар кенті бой көтереді. Ол кейін, 1963 жылы қала мәртебесін алды. Кеніштер ашылды, кенді ұсату және сұрыптау фабрикасы іске қосылды. Көп қабатты, негізінен бес қабатқа дейінгі үйлер тұрғызылды. Осы мақсатта мұнда тіпті жеке үй құрылысы комбинаты да құрылған.

Алайда 90-шы жылдарда сол үйлердің көбісі қаңырап бос қалды. Себебі Кеңес одағы күйреген соң, республикалар арасындағы экономикалық байланыстар үзілді, бұрын одаққа ғана жұмыс істеп келген кеніштер тоқырады. Өндірістер тоқтады. Жұмыссыз қалған азаматтар табыс іздеп, өзге өңірлер мен елдерге босыды. Тұрғындардың бір бөлігі тарихи отандарына көшіп кетті.

Бүгінде Қаражалда терезелері үңірейген, есіксіз қалған, иелерінсіз құлазыған бес қабатты үйлер көп. Әкімдіктің дерегінше, оның біразын коммуналдық меншікке айналдырып, қалпына келтіру жұмыстары біртіндеп жүзеге асырылуда. Былтыр мысалы, 57 пәтер қолданысқа беріліпті. Оның алдында бес қабатты 2 тұрғын үй қалпына келтірілді. Нәтижесінде тұрғын үй кезегі  шамамен 150 пәтерге кеміген.

Бұрын қалада орталықтандырылған жылу жүйесі болды. Жиырма жылдай бұрын желу-электр орталығындағы қазандық істен шығыпты. Салдарынан тіпті көппәтерлі үйлерде де әр баспана жеке пешпен жылытылады. Облыс басшылығы қаланы және оның жанындағы Жәйрем кентін газдандыру жобасын қарастырып жатыр. Бірақ нақты мерзімі белгісіз.

Әзірге тұрғындар күз, қыс және көктем бойы жағу үшін көмірге және ағаш отынға жүз мың теңгеден астам шығын шығарады екен.

Халық бұған біршама бой үйретіп алыпты. Тек жұмыс болса деп тілейді.

Бұл ретте Қаражал сол бұрынғыдай кеншілер қаласы болып қалды. Батыс Қаражал кен орнында өндірілетін руда Теміртауда болат прокатына айналады.

Әкімдіктің дерегінше, Жәйрем кентінде жылына 5 миллион тонна кен өңдейтін өндірістік қуаты бар полиметал байыту фабрикасы салынды. Оның құрылысы төрт жылдай жүрді және сақалды құрылысқа айналып кете ме деген қауіп болған.

"Жәйрем" кен орны Қазақстандағы полиметал кендерінің ең үлкен учаскелерінің бірі. Онда мырышты, қорғасынды, барит полиметалды, сондай-ақ темір марганецті кендерінің бай қорлары бар.

Дегенмен, жергілікті шенеуніктер Үкіметке қалада да, Жәйрем кентінде де абаттандыру саласында сапалы серпіліс жасалып жатқанын баяндады.

Қаланың орталық көшелері асфальтталып, жарықтандырылды. Асфальт пен жарық бағаналары жоқ, негізінен жеке сектор орналасқан 8 көшесін абаттандыру қалды.

Қаражалда бассейн ғимараты ашылмақ. Бұрын қараусыз қалдырылған бірқатар скверлер мен парктер қалпына келтірілді. Тіпті фонтан пайда болыпты.

"Менің аулам" бағдарламасы аясында бірнеше ойын алаңдары жабдықталды. Түнде жарықтандырылатын спорт алаңдары, жаңа футбол алаңы жасақталған.

Бұрыннан жергілікті жұртшылықтың тартылыс орталығы болған "Горняк" стадионы күрделі жөндеуден өткізілуде.

Жәйремде Мәдени-демалыс орталығы жөнделді. Қаражал қаласының №1 орта мектебінде жөндеу жұмыстары аяқталып, жаңа спорт залы ашылған.

Қазір кәріз желілерін қайта құру жобасы қолға алыныпты. Бұл да тоқсаныншы жылдардан бері болмаған жайт.

Қалада ауыз сумен қамту мәселесі біршама өткір тұр. 2020 жылы су желілерін салу жобасын жүзеге асыру басталған екен. Тұрғындардың біразы үйлеріне су келуін тағатсыздана күтіп жүр.

Айтпақшы, былтыр Президент Қ.Тоқаевтың жарлығымен жаңа Ұлытау облысы құрылып, Қаражал қаласы Қарағанды облысынан жаңа облысқа берілгенде, тұрғындар бұдан біршама үміт қылған. Бірақ ірі бетбұрыстар байқалмайды.

Өткен жылы ел Үкіметі Ұлттық экономика министрлігіне Қаражал қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеуге тапсырма берген. Әйткенмен, министрлік бұл істі созбалаңға салып жіберді. Тұрғындар ол кешенді жоспардың жағдайды күрт өзгертетініне сенбейді. Себебі, Қаражал бәрібір метал өндіруші кәсіпорынға күні қараған моноқала болып қала бермек.

Мына бір жайт назар аудартады: 2020 жылы Қаражал қаласы бюджетінің кірістері – 5 млрд 918,4 млн теңгені, ал шығыстары – 6 млрд 663,9 млн теңгені құрапты. Содан бері бюджеті керісінше, кеміп қалды.

Қаланың жаңа сайланған мәслихатының қарауына шығарылған 2023 жылдың нақтыланған бюджетіне сәйкес, шаһардың кірістері биыл – 5 млрд 685,3 млн теңге, ал шығыстары – 5 млрд 685,2 млн теңге болады.

Осы орайда Қаражал қаласы Смайылов Үкіметінің қолынан келмегенді жасапты: ол өз тапқан-таянғанына өмір сүріп, көрпесіне қарай көсіліп отыр.

Мысалы, ел Үкіметі 2023 жылғы республикалық бюджеттің дефицитін тарихымызда болмаған алапат көлемге – 3,2 триллион теңгеге жеткізді. Бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда 2013 жылғы 1,9%-дан 2023 жылы ғаламат 3,7%-ға жетті. Соның кесірінен ЖІӨ-ге шаққандағы мемлекеттік қарыз 2013 жылғы 12,5%-дан 2023 жылы 29%-ға жуықтады. Жоғарғы аудиторлық палата алдағы онжылдықта бұл көрсеткіш дамушы ел үшін аса қауіпті межеге – Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 45%-ына жетеді деп болжап отыр. Яғни, Үкімет болашақ ұрпақты да алға оза борыш батпағына батырып жатқанға ұқсайды.

Ал Қаражал басшылығы ше?

Қаражал қалалық мәслихатының дерегінше, биылғы жылы шаһардың: 

  • таза бюджеттік кредиті – 0 теңге;
  • бюджеттік кредиттері – 0 теңге;
  • бюджеттік кредиттерді өтеуге шығындары – 0 теңге;
  • бюджет тапшылығы – 0 теңге;
  • бюджет тапшылығына қарыз алу – 0 теңге;
  • қарыздарға қызмет ету шығыны – 0 теңге болады.

Қаражал қаласының 2023 жылғы шығыстары – 5 млрд 685,2 миллион теңге. Оның барлығы дерлік өз табысымен қамтамасыз етілген.

Нақтыласақ, қаланың биылғы табысы – 5 млрд 685,2 млн теңге болмақ. Оның ішінде шаһардың өзі жинайтын салықтық түсімдері – 4 млрд 296,1 миллион теңге. Салықтық емес түсімдері – 14 млн теңге.

Негізгі капиталды сатудан 3,7 млн теңге түсім таппақ. Даму бағдарламалары аясында жоғарғы тұрған бюджеттен 1,3 млрд теңге трансферт алмақ.

Ұлттық экономика министрлігі моноқалаларға қатысты кең ауқымды талдау жүргізді. Ведомство Қаражал қаласының ірі проблемалары қатарында оның бір салаға тәуелділігін; экономикасын диверсификациялау қиын болғандықтан, оның даму әлеуеті де төмен екендігін; еңбек нарығындағы күрделі ахуалды және облыс орталығынан қашық жатуын атады. Қала Ұлытау облысының орталығы Жезқазғаннан ең қысқа бағыт бойынша алғанның өзінде, 275 шақырым алыста орналасқан. 

Ұлттық экономика министрлігінің байламынша, бұл қаланың тіршілігі қала құраушы кәсіпорынның орнықты жұмысына тікелей тәуелді болып отыр. Сондықтан Үкімет жергілікті кен орындарын игеруші кәсіпорынға жанжақты қолдау көрсете беретін болады. 

Ал Қаражалды дамытудың кешенді жоспары теріс демографиялық үрдіске тосқауыл қоюға, баламалы кен орындарын дамытуға, туризм, ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік сияқты қала экономикасының жаңа өсім драйверлерін анықтауға бағытталады. Бұған қоса, электр желілерін, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін қалпына келтіруге, көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға мән берілмек.

Егер бұл жоспарлар қағаз жүзінде қалмай, шынымен жүзеге асса, онда құрудың аз-ақ алдында қалған тағы бір қала түрленіп шыға келгелі тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу