"Қарғыс алма, алғыс ал!"

3526

Халқымызда батаға бергісіз осындай ұлағатты сөз бар.  

"Қарғыс алма, алғыс ал!"

Біле білген адамға бұл – тілектің төресі, деп жазады inbusiness.kz.

Алғыс көгертеді, көктетеді. Сеніміңді, сезіміңді жеткізеді. Отаның мен  халқыңа, елің мен жеріңе, ата-анаң мен бауырыңа, ақ некелі жарың мен балаңа және ұлт пен ұлысқа деген сүйіспеншілігіңді арттырып, құрметіңді көрсетеді. Ең бастысы алғыс – бойыңа иман ұялатып, жүрегіңді жұмсартады.

Сыйластықтан сән, татулықтан мән кетіп тұрған қазіргідей алмағайып заманда "жүректің жұмсарғаны" қажет-ақ. Алғыс айтылмағанның, алғыс айта білмегеннің салдарынан әлем қырық пышақ күй кешуде. Іргеміздегі ел ала тайдай бүлініп, дүниежүзінің лағынетін естіп отыр. Елшілер ел мен елді елдестіріп, алғыс арқалап жүрсе, мұндайға жол берілмес еді.

Алғыс білдірілмеген жерде ешқашан бейбітшіліктің бесігі тербелмейді.

Сондықтан геосаясатта пышаққа емес, құшаққа ұмтылу үшін, келісімге келуге, алғыс айтуға жүгіну керек. Бұл жерде "Шалқайғанға шалқай, пайғамбардың ұлы емес, еңкейгенге еңкей, атаңнан қалған құл емес" деген сөзді дұрыс түсініп, дұрыс қолданған жөн болады.

Аш кезде жеген құйқаның дәмін ұмытпай, қиналғанда пана болған халыққа алғыс айту да – өнегенің өлшемі. Зұлмат заманда Қазақстанға тағдырдан теперіш көріп келген түрлі ұлт өкілдері мұны жақсы біледі. Олар бақыт сыйлаған Отанына, қазақ жеріне, оның қайырымдылығы мен кеңпейілдігіне, даналығы мен қонақжайлығы алғыс айтудан, бата беруден жалыққан емес.

Бұл – анттан айнымаудың, серттен таймаудың ең жарқын үлгісі.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын Алғыс айту күнімен құттықтағанда: "Баршаңызды бүгінгі Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Бұл – өзара тілектесті, жаңашылдықты, қамқорлықты дәріптейтін мейрам. Біз осындай ынтымақтастықтың арқасында қаңтардағы қиын қыстау кезеңде мемлекеттімізбен, тұтастығымызды қорғап қалдық. Сын сағатта бірлігін сақтай білген барша отандасымызға зор ризашылық білдіремін!", – деді.

Иә, біз қаңтардағы қанды оқиға кезінде басын бәйгеге тіккен барлық батырларға, олардың ұрпақтарына құрмет көрсетіп, алғыс білдіруге тиіспіз. Себебі шейіт болғандар бейбітшілікті – бақыт, тұрақтылықты – тұтқа санап, тәуелсіздікті тәу етіп кетті.

Өздеріңіз білетіндей, осыдан 5 жыл бұрын елімізде бірінші наурыз – Алғыс айту күні болып жарияланды. Күнтізбеге ерекше дата болып енген күн құндылықты қастерлейтін жалпыхалықтық қуанышқа айналды. Көктемнің алғашқы күнімен жыл құсындай жарысып жететін мерекенің жалғасы Халықаралық әйелдер күніне, "Амал" мерекесіне, Наурыз мейрамына ұласатыны көңілге медет сыйлайды. Себебі аты аталған мерекелердің барлығына адамзат бір-біріне сыйлық сыйлап, алғыс айтып жарысады.

Дін тұрғысынан алып қарағанда да алғыс айту, ризашылық білдіру оң амал болып саналады. Мысалы Құранның Лұқман сүресінде: "... Маған деген шүкірлерің мен адамдарға деген алғыстарың үшін сендерді сыйға бөлеймін" деген үкім бар. Ал Пайғамбарымыздың хадистерінің бірінде "Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды" делінген.

Әлем елдері

Алғыс айтуды бізден бұрын бастап кеткен. Атаулы күнді ең алғаш рет 1621 жылы ағылшын колонистері атап өткен. Губернатор Уильям Брэдфорд қарамағындағы адамдардың көңіл-күйін көтеру үшін Алғыс айту күнін жариялаған. Бұл бастаманы көпшілік жылы қабылдаған.

1789 жылы Джордж Вашингтон Алғыс айту күнін "Ұлттық мереке" деп бекітті. Содан бері Алғыс айту күні отбасылық мереке ретінде тойланып келеді. Бұл күні отбасы мүшелері дастарқан басына жиналып, бір-біріне тосынсый жасайды. Бұған қоса ақша, азық-түлік таратып, қайырымдылыққа ұйытқы болады.  

Израильде де Алғыс айту мерекесі бар. Тек атауы басқа. "Астық ору мерекесі" деп аталатын күнде Израиль халқы Құдайға құлшылық етіп, ришашылығын білдіреді.

Вьетнам мен Қытай алғысты айдаһарға айтады. Мұнда күз айының ортасында ризашылық фестивалі ұйымдастырылады.

Бар­бадоста, Жапонияда, Беларусьте де құрмет көрсету, алғыс айту күні ерекше маңызға ие.

Тобықтай түйін

Адамзат алғыс алуға асығуға тиіс деген оймен тоқайласты. Бұл байламды халқымыз: "Қарғыс алма, алғыс ал" деген бір-ақ ауыз сөзбен қайырғанын жоғарыда жаздық.

Қалай болғанда да алғыс алмаған, алғыс айтпаған адам рухани кембағал саналады. Алғыс айту мен алғыс алу – ардың ісі секілді. Себебі алғыс айтуға үлгермеген немесе алғыс айта алмай жүрген жандар бізсіз де, сізсіз де жетіп артылады.

Айбын Асқарұлы

Фото: sabaqtar.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу