Карточкамен төлеу рекордтық деңгейге жетті

6303

Банкоматтан қолма-қол ақша алу екі есе кемуі мүмкін.  

Карточкамен төлеу рекордтық деңгейге жетті

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) талдау орталығы биылғы жылдың 1 маусымы күнгі қолма-қол ақшасыз карточкалар арқылы төлемдер статистикасына шолу жасады.

Елде қолма-қол ақшасыз карточкамен төлем жасау көлемі сәуір айында Covid-19 пандемиясымен күрес кезінде айтарлықтай (-18%) төмендегеннен кейін, мамырда бірден 34%-ға немесе 600,4 млрд теңгеге өсіп, жоғары көрсеткішке – 2 364,1 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі 927,6 млрд теңгеден 2,5 есе артық.

Әрине, бұл өсім негізінен сәуір айында сауда желілері мен бизнес-орталықтары жабылып, қозғалыс шектеліп, азаматтар тауарлар мен қызметтерді сатып алуды кейінге қалдыруына, сондай-ақ қолма-қол есеп айырысуды барынша азайтуға ұмтылуына байланысты болып отыр. Дегенмен бұл ең жоғарғы өсім. Ал елдегі пандемиямен күрес кезінде кейбір шектеудің қайта қалпына келгенін қаперге алсақ, бір реттік қана сипатқа ие болуы да мүмкін.

Сонымен, мамыр айының қорытындысына қарсақ, ел аумағында жасалған карточкалық төлемдердің көлемі бойынша көшбасшылар үштігі мынадай: Алматы — 37,9% (бұрын 39,8%), одан әрі елорда — 15,2% (14,4%) және Түркістан облысы мен Шымкент қаласы — 9,2% (8,1%).

Дереккөз: ҚРҰБ, ҚҚҚ есептері

Елдегі экономикалық белсенділіктің қайта қалпына келуіне орай мамыр айында төлем карталарымен жасалған операциялардың (қолма-қол ақшаны алу + қолма-қол ақшасыз) жиынтық көлемі 32,9%-ға немесе 913,2 млрд теңгеге өсіп, 3 690,0 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте, негізгі өсім қолма-қол ақшасыз төлемдерге тиесілі (+600,4 млрд теңге), ал банкоматтан ақша алу азырақ өсім көрсетті (+312,8 млрд теңге).

Карточкалар арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдер жасау көлемінің банкоматтардан қолма-қол ақша алумен ара қатынасы мамыр айында 178%-ға дейін өсті. Бұл көрсеткіш бір ай бұрынғы 174% болған еді. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың мамыр айында бұл көрсеткіш небәрі 69%-ды құраған еді.

Дереккөз: ҚРҰБ, ҚҚҚ есептері

Елдің барлық өңірінде карточкалар арқылы төлем жасау динамикасы өткен аймен, сондай-ақ 2019 жылғы мамыр айымен салыстырғанда оң нәтиже көрсеткен (1-кестені қараңыз). Аймақтарды салыстырар болсақ, мамыр айында ең үлкен өзгеріс Түркістан облысы мен Шымкент қаласында (+51%), Алматы облысы (+42%) және Нұр-сұлтан қаласында (+41%) болғанын көре аламыз.

1-кесте. Өңірлер бөлінісінде карточкалар арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдер динамикасы:

Дереккөз: ҚРҰБ, ҚҚҚ есептер

Карточкаларды пайдалана отырып қолма-қол ақшасыз төлемдер бойынша "орташа чек" мамыр айында 12 142 теңге болды(сәуірде – 12 976). Ал банкоматтан алынған сомасының орташа мөлшері одан 4 есе көп, яғни 52708 теңге (сәуірде – 50 875).

Дереккөз: ҚРҰБ, ҚҚҚ есептер

Сонымен қатар, мамыр айында POS-терминалдар арқылы төлемдер (+43,1%) мен интернет төлемдердің (+32,4%) өсімі де байқалды. POS-терминалдар арқылы төлем жасаудың қалпына келуіне байланысты, олардың қолма-қол ақшасыз карточкалық төлемдердің жиынтық көлемінен үлесі 17,7%-ға дейін (бұрын 16,6%) өсті. Тиісінше, интернеттегі төлемдер үлесі 81,9%-ға дейін (бұрын 82,9%) төмендеді. Дегенмен, соңғы 12 айда Қазақстандағы карточкалар арқылы жасалған транзакциялардың жалпы көлеміндегі POS-терминалдардың үлесі екі есеге, яғни 32%-дан 18%-ға дейін төмендеді.

Тауарлар мен қызметтер үшін ақы төлейтін цифрлық арналардың танымалдығының арта түсуі Қазақстанның cashless экономикаға көшуін жеделдетуде. Нәтижесінде карточкалар арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі жақын арада банкоматтардан қолма-қол ақша алу көрсеткіштерінен екі есе асып түсуі мүмкін.

Алайда, елде Covid-19 ауруының көбеюіне байланысты, пандемиямен күрес шаралары толық алынып тасталған жоқ. Бұл төлем карталарымен операциялар жасаудың жалпы көлеміне әсер етуі мүмкін.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу