Қарттарға неге дұрыс көңіл бөлінбейді?

3611

Мемлекет қарттарды әлеуметтік көмекпен толғымен қамти алмай отыр.

Қарттарға неге дұрыс көңіл бөлінбейді?

Қазақстанда қарттарға көрсетілетін әлеуметтік-тұрмыстық көмек салғырт жүргізіледі. Бұған мемлекеттің әлеуметтік қызметкердің мойнына шектен тыс міндет жүктеп қоюы себеп.

Депутаттар әлеуметтік көмектің сапалы көрсетілуі үшін әлеуметтік қызметкердің мойнына жүктелген міндетті қысқартқан жөн деп есептейді. Бұған қоса әлеуметтік қызмет көрсету стандарты еліміздегі қарияларды түгел қамтымай отыр. Халық қалаулылары бұл мәселені жіті қарастыру керек деген шешімге келді. Бұл мәселе әлеуметтік-мәдени даму комитетінің "Халыққа арнайы әлеуметтік қызмет көрсету және әлеуметтік сала қызметкерлерінің мәртебесі" тақырыбында Мәжілісте өткен отырыста қызу талқыланды.

Мәселені депутат Жанат Омарбекова көтерді. Ол елімізде "Арнаулы әлеуметтік қызмет туралы" заңның 2009 жылы, ал әлеуметтік қорғау, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында бұл қызметтерді көрсету стандарты 2011 жылы қолданысқа енгенін тілге тиек етті. Халық қалаулысының айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда арнайы қызметтер халықтың 15%-ына көрсетіледі. Депутат бұл салада кәсіби мамандар жетіспейді деген ойда. Жанат Омарбекованың айтуынша, стандарт аясында 45 қызмет түрі көрсетілсе, оның 11-і әлеуметтік-құқықтық көмектің берілуін қарастырады.

"Құқықтық көмекті әлеуметтік қызметкер емес, тек білікті заңгер көрсете алады. Стандартта көрсетілетін қызмет талаптарына сәйкес, әлеуметтік қызметкер білікті дәрігер, психолог маман, әрі экономист болуы шарт. Ал бұл мүмкін емес қой. Себебі, еліміздегі бірде-бір жоғары білім беру орны мұндай сан қырлы маманды даярлап отырған жоқ", – дейді ол.

Оның үстіне депутат стандартта белгіленген үйде көрсетілетін қызмет түрлері де шала дамыған дейді. Жанат Омарбекова "әрбір әлеуметтік қызметкерге 5-8 қарияға көмек көрсету міндеті жүктелген" дейді. Оның айтуынша, 40 сағаттық жұмыс аптасында әлеуметтік қызметкер бір адамға әрі кеткенде 2,5 сағат уақытын ғана бөле алады.

"Маман 2,5 сағаттың ішінде қандай көмек көрсете алады? Іс жүзінде ол бұл уақытта белгіленген міндеттерінің тек кішкентай бөлігін ғана атқара алады. Яғни, қарияның үйін жинау, зейнеткердің ақшасына азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алып беру. Маманның жұмысы бүгінгі күні осымен ғана шектеліп отыр. Әлеуметтік-тұрмыстық қызмет түрлеріне кіретін ас әзірлеу, қарияға отын жарып, көмір мен су тасып беру, кірін жуу, жүндеу жұмыстарын жүргізуге маманның уақыты жетпей, бұл мәселелер ұмыт қалған", – дейді халық қалаулысы.

Осылайша депутат арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерінің сапасын арттыру үшін бұл сала қызметкерлеріне жүктелген міндетті қысқартуды ұсынды. Сондай-ақ, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттарын жетілдіріп, оның ішіне кірмей қалған белгілі бір санаттағы қарттарды енгізуді қарастыруға кеңес берді.

"Мен тек бір стандарт түрінен болып отырған олқылықтарға тоқталып өттім. Елімізде көрсетіліп отырған арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасына дұрыс баға беру үшін оны бағалаудың бірыңғай әдістемесін енгізген жөн. Онда тұтынушының қызмет сапасына баға беруінен бастап статистикалық есеп жүргізу жүйесін біріздендіру, көрсетілген қызмет параметрлерін талдауды ескеру керек", – дейді Жанат Омарбекова.

Денаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова сынның орынды айтылғанын мойындап отыр. Оның айтуынша, ведомство әлеуметтік қызметкерлер санын арттыру ұсынысын бірнеше рет көтергенімен оны үкімет қолдамаған.

"Шынында әлеуметтік қызметкер біз қойған талаптарды толыққанды орындай алмай отыр. Бұған олардың уақыты жетпейді. Себебі, күніне 5-8 адамға қызмет көрсету іс жүзінде қиын. Біз әлеуметтік қызметкер жүктемесін төмендету үшін олардың санын арттыру қажеттігін ескеруіміз қажет. Ал бұл бюджеттен қосымша қаржы бөлуді қажет етеді. Біз өткен жылы республикалық бюджет комиссиясына осындай ұсыныс жасаған болатынбыз, алайда комиссия оны мақұлдамады. Бүгінгі отырыстың үкіметке жіберетін ұсынысы болашақта ескеріліп, мәселе оң шешіледі деген үміттеміз", – дейді вице-министр журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда әлеуметтік қызметкердің орташа жалақысы 72 мың теңге шамасында.

"Жалпы Қазақстан бойынша бүгінгі күні еліміздегі әлеуметтік қызметкерлер саны 28 мыңға жуықтайды. Олар 122 мың адамға қызмет көрсетіп жатыр", – дейді Жақыпова.

Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар үкіметке үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің жүктемесін төмендету мәселесін қарастырып, арнайы әеуметтік қызмет көрсету сапасын бағалайтын бірыңғай әдістемелік енгізу ұсынысын жолдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу